26 наурыздан бері ресейлік НТВ арнасындағы Роман Бабаян жүргізетін "Своя правда" ток-шоуы Ресей бомбалап қиратқан Украинаның Мариуполь қаласының "тұрғындары" туралы сюжеттен басталады.
Кадрдағы әйел Украина әскерінің ерігіп, ойын алаңында жүрген балаларды атып жатқанын айтады. Ашулы ер адам жұдырығын түйіп, "фашист, оңбаған… нашақорларға" қарғыс жаудырады.
Аз уақыттан кейін шоудың алғашқы мейманы, мемлекеттік RT телерадиокомпаниясының бас редакторы Маргарита Симоньян көз жасына ерік бермеуге тырысқан адамның кейпіне еніп, Украина әскерінің тыйым салынған кассета бомбасын қолданып, балаларға қарсы қасақана қылмыс жасап жатқанын, Украина президенті Владимир Зеленскийдің жекеменшік ақпарат құралдарының қызметіне тыйым салғанын, украиндар орыстарды адам құрлы көрмейтінін, украин дәрігерлер тұтқынға түскен ресейлік әскерилерді піштіруді ұсынғанын, "нацистер" этникалық сипатына қарай балалардың көзін ойып алуға дайын екенін айтады. Бұл – эфирдің алғашқы бес минуты ғана.
Ресей үкіметі Украинамен соғысты "арнаулы әскери операция" деп атап, "басты мақсатымыз – көрші мемлекетті "денацификациялау және демилитаризациялау" деп жалған сөйлеуден танбай келеді. Президент Владимир Путин Украинаны "Совет одағының билігі құрған, қазір Вашингтонға бағынатын "неонацистер" мен "нашақорлар" басқаратын заңсыз мемлекет" деп сипаттайды.
Кремльді жақтайтын арналар көрермен санасына үнемі осындай мазмұндағы ақпарат құйып, Украинаға қарсы риторика мен тоқтаусыз берілетін видеолардан тұратын саяси ток-шоулар көрсетеді.
"ОЛАР ҮНЕМІ ӨТІРІК АЙТАДЫ"
Жақында Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Елена Рыковцева "Миды бомбалау" деп аталатын материалында "Қазір күллі телекеңістік әскери пропагандаға толы. Пультті басып қалсаңыз, "... Мариупольде неонацистердің қоршауы тарылған сайын, олар жергілікті тұрғындарды қалқан қылып қолдана бастады", "...Неонацистердің батальондары жергілікті халықты тонап, өлтіріп жатыр", "...Нацистер босқындардың көзін жойып, қалғандарын қалаға қамады", "...Ресей әскері балаларды құтқарып, жараланған азаматтарға ота жасады…" деген ақпараттан көз ашпайсыз" деп жазды. Журналист Ресей мемлекеттік арналарының Украинаға қарсы таратып жатқан ақпаратын бір мақалаға сыйғызып, сипаттап шығу мүмкін емес деп санайды.
Өкілетті тұлғалар мен Батыс елдерінің ақпарат құралдары (олардың Мариупольде тілшілері болған, гуманитарлық дәліз туралы келісімдерге қарамастан, кей қызметкерлері Ресей әскері жаудырған оқтың астында қалған) ресейлік арналар жариялаған негізсіз әрі дәлелсіз мәлімдемелерді теріске шығарып отыр.
29 наурызда "Первый канал" мемлекеттік арнасындағы "Время покажет" жаңалықтар бағдарламасында Мариупольдегі қираған ғимараттар арасында тұрған православ шіркеуіне зақым келмегені көрсетілген. Тілші "Бұл көрініс құдайдың біздің жағымызда екенін көрсетіп, жүрегімізге үміт ұялатады" дейді.
Кремль риторикасы екі маңызды бөліктен тұрады: біріншісі, "Киев Донбастағы Ресей қолдайтын сепаратистік күштерге шабуыл жасамақ болды" деген негізсіз мәлімдеме, екіншісі, "АҚШ Ресейдің көзін жоюға тырысып жатыр" деген үрей. 27 наурызда мемлекет бақылауындағы "Газпром" компаниясына қарасты "Россия-1" және НТВ арналарында осы тақырыптар қызу талқыланды.
НТВ арнасындағы "Ирада Зейналовамен бірге апта қорытындысы" бағдарламасында "қолға түскен құжаттар" жайлы сюжет көрсетіліп, "Ресейдің Украинаға басып кіруі Донбасқа жоспарланған шабуылдың алдын-алды" деген жалған ақпарат берілген.
Дәл сол күні Кремльдің сөзін сөйлейтін сарапшы Владимир Соловьев "Россия-1" арнасындағы үш сағаттық бағдарламасын "АҚШ Ресейдің көзін құртып, елімізді ұсақ бөлшектерге ыдыратып, ядролық қаруымыздан айырып, орыс халқының түбіне жеткісі келеді" деген сарындағы талқылауға арнаған.
Бірнеше жыл бойы УНИАН ақпарат агенттігінің Мәскеудегі тілшісі болып істеп, Ресейдегі мемлекеттік арналарға жиі қонақ болған украин журналисі Роман Цимбалюк "Ресей пропагандасы қалай жұмыс істейтінін білемін" дейді.
– Ресей арналары – ақпарат құралы емес, ақпараттық әскер, олар үнемі өтірік айтады, – дейді ол.
ТЕЛЕАРНАДАН RUTUBE-ҚА ДЕЙІН
Бұрын Кремльдің ұлттық ақпарат тарату жүйесіне жүргізіп отырған ықпалына көңілі толатын. Сондықтан тәуелсіз ақпарат құралдарында жұмыс істеуге мүмкіндік болды. Бірақ 2014 жылы Ресей Қырымды тартып алып, Донбаста соғыс өртін тұтатып, сепаратистерге Донецк және Луганск облыстарының бір бөлігін жаулап алуға көмектескен кезде бұл модельдің тиімсіз екенін көрді.
Мәскеулік әлеуметтанушы Максим Кацтың айтуынша, осы жолы қоғамда Кремльдің саясатын қолдау деңгейі әлдеқайда төмен. Нәтижесінде мемлекет пропаганданы еселеп, тәуелсіз ақпарат құралдары мен сөз бостандығына қысымды күшейткен.
– [Билік] әскери цензура қолданып, әлеуметтік желілерді бұғаттап, "Эхо Москвы" редакциясын жауып тастағанына қарағанда, адамдар соғысты қолдамайды деп ойлайтын сияқты. Кремль ақпараттың еркін тарауына жол берсе, соғысты ешкім қолдамайтынын жақсы біледі, – дейді Кац.
Әлеуметтанушы Любовь Борусяк Украинаға қарсы соғыс Қырым аннексиясы кезіндегі сияқты халықтың рухын көтере алмады деп есептейді.
Борусяктың дерегінше, ресейліктердің 75 пайызы интернет қолданады, ал оппозиция өкілдері жариялаған кей репортаждар ондаған миллион қаралым жинайды. Бұл мемлекеттің соғыс туралы ақпаратты бақылауда ұстай алмайтынын көрсетеді.
– Қызығушылық болса, бұл аудитория телевизия ауқымына жетіп қалады. Кейінгі жылдары телеарналардағы тұрақты көрермен үлесі азайып келеді: бірінші кезекте, жастардың көбі теледидар қарамайды, – дейді Борусяк.
Нәтижесінде Кремльдің интернет-телевидение мен телевизиялық хабар тарату жүйесіндегі басымдығы арта бастады.
Қазір Ресейдегі ең танымал әлеуметтік медиа платформа – YouTube. Ресейлік интернет қолданушылардың 3/4 осы желіні пайдаланады. Кейінгі кездері, әсіресе, 11 наурызда YouTube әкімшілігі Кремль бақылауындағы ақпарат құралдарын бұғаттап тастағаннан кейін елде бұл платформаның қызметіне тыйым салуға шақырған үндеулер айтыла бастаған.
2021 жылғы ақпанда Путин Кремльдің шетелдік әлеуметтік желілерге қатысты саясатын былай түсіндірген еді:
– Өз желілеріміз дайын болмайынша, ештеңеден бас тартпаймыз… Құрметті әріптестеріміз балама барын, бұл нарықта монополияға ие емесін көргенде, өзін басқаша ұстайтын болады.
Кремльдегі қоғамдық пікір қалыптастырушылар YouTube-тың 2006 жылы құрылған, "Газпромға" тиесілі, ресейліктерге биліктің мақұлдауынан өткен жаңалықтарды ғана көрсететін солғын көшірмесі RuTube-тың қолданыс аясын кеңейтуге тырысып жатыр.
iStories тәуелсіз басылымының дерегінше, 2011 жылы RuTube-тың танымалдығы шырқау шегіне жетіп, платформаға 14,5 миллион қолданушы кірген. 2021 жылы бұл көрсеткіш 3 миллионға дейін төмендеген. Салыстырар болсақ, 2021 жылы YouTube-ты 78,5 миллион ресейлік қолданушы пайдаланған.
Z КАНАЛЫ
RuTube видеохостингінің парақшасында "Жаңалықтар және ақпарат құралдары" деген бөлім бар. Бұл жерден Ресейдің ұлттық арналарының эфирлерін, билікшіл ақпарат агенттіктері мен газеттердің қысқа видеоларын көруге болады. Сондай-ақ әртүрлі мемлекеттік мекемелердің (қорғаныс министрлігі ("Звезда"), сыртқы істер министрлігі, парламенттің жоғарғы палатасы және "Роскосмос") арналары да осы бөлімде сақталған.
22 наурызда "Ресей әскерінің Украинадағы арнаулы әскери операциясы туралы" хабар таратып, тәулік бойы жұмыс істейтін ZTV (Украинаға қарсы соғысты қолдау белгісі ретінде қолданылып жүрген Z таңбасына сілтеме) арнасы іске қосылды.
Арнадан көрсетілген алғашқы бағдарламалардың бірінде сұхбат берген ресейлік жауынгерлер "әскери операцияның" 100 пайыз тиімді жүріп жатқанын айтады. Артынша ресейлік әскери техникалардың майданнан түсірілген видеосы көрсетіледі.
Әскери сарапшылардың көбі бұл ақпаратпен келіспейді. Олар "Ресей Украинаға шабуыл жасаудағы бастапқы мақсатына жете алмады, соғыста көп жауынгер қаза тауып, қаншама әскери техника істен шықты" дейді.
28 наурызда "РТ на русском" арнасы ресейлік жауынгерлердің мектеп оқушыларынан келген хаттарды оқып отырған видеосын жариялады.
"Қымбатты жауынгер, саған алғыс білдіру үшін жазып отырмын. Тыныш ұйықтап, күнделікті мектепке барып, бейбіт елде өмір сүріп жатқаным үшін рахмет айтқым келеді. Рухтарың сынбай, Отанымызды қорғап қалуларыңа тілектеспін. Сендерге сенемін, өздеріңді дұғама қосып жүремін. Мен және Ресейде тұратын басқа адамдар өздеріңді қаншалық жақсы көріп, қолдайтынын білсеңдер ғой!" дейді әлгі хатты оқыған әскери қызметкер.
21 наурызда "RT Россия" арнасы Антон Красовскийдің бір сағаттық деректі фильмін көрсетті. Онда Мәскеудің "АҚШ қорғаныс министрлігі Украинада биологиялық қару өндіретін зертханаларға қолдау көрсетіп отыр" деген негізсіз мәлімдемелері жөнінде баяндалады.
Вашингтон мен сарапшылар мемлекеттік арналар таратып жатқан Ресей риторикасын теріске шығарған.
Украинадағы соғыс екінші айға ұласты. "Левада-центр" тәуелсіз әлеуметтік агенттігі сарапшысы Алексей Левинсон "Ресей қоғамының мемлекеттік арналардың ақпаратын елемеуге еш негізі жоқ, керісінше, олардың аузынан шыққан әр сөзге имандай сенуге салмақты себебі көп" деп есептейді. Сарапшы халықтың көбі бейсаналы деңгейде "соғыс – дұрыс емес" екенін түсініп отырғанын айтады.
– Міне, осы бейсананың дауысын басатын құралдар керек. Теледидар бұл міндетті өте сәтті орындап отыр, – дейді сарапшы.
ПІКІРЛЕР