Accessibility links

"Соғысқа жол жоқ". Ресей азаматтарының Украинадағы соғысқа қарсылығы


Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы көпірге ілінген "Соғысқа жол жоқ" деген жазу.
Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы көпірге ілінген "Соғысқа жол жоқ" деген жазу.

Ресейде соғысқа қарсы шыққандар қатаң жазаланатынына қарамастан, біршама адам азаматтық ұстанымын ашық білдірді. Олардың қатарында мектеп мұғалімі, телеарна редакторы, суретші, ұлттық гвардия мүшелері бар. Олардың кейбірі Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсы екенін ашық айтса, кейбірі соғысудан бас тартқан.

Бір әйел Кремльден бірнеше метр жердегі "Соғысқа жол жоқ!" деген жазудың жанына наразылыққа шыққан. Бірақ тәртіпсіздіктермен күрес полициясы оны бірнеше минуттан соң фургонға салып, алып кеткен.

Тағы бір азамат "Соғысқа жол жоқ" сөйлеміндегі әріптердің орнына жұлдызша салып, соны ұстап тұрған. Кремль маңынан оны да бірнеше минуттан соң күштеп алып кеткен.

Мәскеудегі шіркеу маңында Інжілдегі алтыншы өсиет - "Адам өлтірме" деген сөз жазылған плакат ұстап шыққан тағы бір әйел қамауға алынды.

Ресейде азаматтардың билікке қарсылық білдіруі ешқашан оңай болмаған.

Кейінгі жылдары оппозициялық топтар мен кішігірім саяси партиялар Мәскеуде ғана емес, Санкт-Петербургте де наразыларды көшеге шығара алды. 2018 жылы Кремль зейнетақы жүйесін өзгерткенде де біршама адам көшеге шығып, наразылық білдірді.

Жемқорлыққа қарсы күресіп жүрген оппозициялық саясаткер Алексей Навальный мен оның жақтастарының соңынан ергендер болды. Олар полицияның азаптауына және басқадай қысымға ұшырады. Ал Навальный түрмеге түскен соң билік оның саяси қозғалысын басып-жаншып тастады.

Ресей билігі мұнымен тынбады. 24 ақпанда Ресей Украинаға соғыс ашқан соң Мәскеу соғысқа қарсы пікір білдіруге тыйым салды.

Соған қарамастан Ресейде кей азаматтар соғысқа қарсы екенін ашық білдіріп жүр. Полицияның күш қолдануын бақылайтын ОВД-инфо үкіметтік емес ұйымы ондаған оқиға тіркелгенін айтады. Азаттық радиосы солардың кейбірін назарыңызға ұсынады.

ҚАНДЫ ЖЕКСЕНБІ

27 наурызда Санкт-Петербургте тұратын суретші әрі белсенді Евгения Исаева ақ көйлек киіп, Нева даңғылындағы қалалық кеңес ғимараты алдына шықты.

Үстіне қызыл бояу жағып алған әйел "жүрегім қан жылайды" деген сөзді қайталап айтып тұрды. Ал оның алдына жайылған ақ кенепте жұртты Украинадағы соғысты қолдамауға шақырған үндеу жазылған.

Жеті минуттан соң суретшіні полиция күштеп алып кетті.

"Фонтанка" жергілікті ақпарат агенттігі полиция сол жерде қолына "Новая газета" тәуелсіз басылымын ұстап тұрған зейнеткерге де ескерту жасағанын, бірақ оны қамауға алмағанын хабарлады.

САРБАЗДАРДЫ ОҚШАУЛАУ

Ресейде сарбаздарды, мерзімді әскери қызметке шақырылғандарды, армиямен келісімшартқа отырғандар мен еріктілерді қай жерден әкететіні де шетін мәселеге айналды. Кей бөлім мүшелері оларға ақпарат бермек түгілі, кейде өтірік дерек беретінін айтады.

20 наурызда Ресейдің оңтүстігіндегі Қарашай-Черкес аймағында алты әйел көпірдегі қозғалысты тоқтатып, биліктен Украинаға кеткен туыстары жайлы ақпарат беруді талап етті.

Журналистердің сөзінше, наразылар келісімшарт бойынша армия қатарында қызмет атқаратын туыстары Украинаға жеткен соң байланысқа шықпаған соң, биліктен олар жайлы ақпарат сұраған. Әйелдер заңсыз саяси шеру өткізді деген күдікпен қамауға алынды.

ҰЛТТЫҚ ГВАРДИЯ МҮШЕЛЕРІНІҢ ҚАРСЫЛЫҒЫ

Ресей Украинаға қарулы күштер мен арнайы әскери бөлімдерді ғана емес, ұлттық гвардия секілді азаматтық бөлім сарбаздарын да жіберген.

2016 жылы Путиннің оққағары болған адамның басшылығымен құрылған Ресей гвардиясы ішкі қауіпсіздікке жауап береді.

Бірақ кейінгі апталарда билік Украинаға кейбір күзет бөлімдерін де жіберді. Олардың кейбірі соғысқа барудан бас тартқан.

Оңтүстіктегі Краснодар ауданынан шыққан 12 гвардияшы Ресей бақылауындағы Қырым түбегіне биыл ақпанда барған. Кейін оларға Украинаға баруды бұйырған. Бірақ сарбаздар мұның заңсыз екенін айтып, бұйрықты орындаудан бас тартқан.

Адвокат Михаил Беньяш бұйрықты орындамағаны үшін сарбаздардың жұмыстан қуылғанын, бірақ олар бұған қарсы шағым түсіргенін айтты.

Беньяш осы ақпарат кең тараған соң Украинаға сарбаз жіберу жайлы бұйрықты орындаудан бас тартқан біршама гвардияшының көмек сұрағанын айтады.

ТУЛАДАҒЫ ГРАФФИТИ

Мәскеудің оңтүстігіндегі Тула қаласындағы ғимараттың қабырғасына 24 ақпаннан бері кемінде үш рет соғысқа қарсы граффити салынды.

Украина жерінде күйреген ресейлік "Росгвардия" техникасы. 28 ақпан 2022 жыл.
Украина жерінде күйреген ресейлік "Росгвардия" техникасы. 28 ақпан 2022 жыл.

27 наурызда полиция 28 жастағы екі ер адамды қамауға алды. Оларды "Путин қызметінен кетсін!", "Путин, тоқта!" деген жазу үшін жауапқа тартты.

ОВД-инфо бұдан бірнеше күн бұрын Туланың тағы бір тұрғынының басқа бір граффити үшін қамауға алынғанын хабарлады. Олар "Соғыс – сана реквиемі" деп жазғаны үшін ұсталған.

Туланың солтүстік-шығысындағы Иванов облысында да соғысқа қарсы граффити салған белсенді қамауға алынды. Бірақ оның қай жерде не жазғаны айтылмады.

МЕКТЕП МҰҒАЛІМІНІҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Сахалин облысындағы Корсаков қаласында № 6 мектеп мұғалімі оқушыларға соғысқа қарсы екенін айтқан. Ағылшын тілінен сабақ беретін Марина Дуброва 17 наурызда соғысты қолдамайтыны жайлы пікір де жазған.

Дуброваның оқушылары оның сөзін видеоға түсіріп алған. Мұны мектеп басшылығы білген соң полиция оны қамауға алған.

Жаңа заңға сәйкес, сот Дуброваға 30 мың рубль (350 доллар) айыппұл салды. Бұл заң бойынша жария түрде соғысқа қарсы пікір білдіру ғана емес, қарулы күштерді соғысты тоқтатуға үндеу де қылмыс саналады.

Дуброва жұмысынан қуылған жоқ, бірақ басшылық оған сөгіс жариялады.

"ПЕРВЫЙ КАНАЛ" РЕДАКТОРЫ

14 наурызда Ресейдің "Первый канал" телеарнасының кешкі жаңалықтары соғысқа қарсы акцияға байланысты күтпеген жерден үзіліп қалды. Миллиондаған көрермені бар мемлекеттік телеарнадағы жағдай резонанс туғызды.

Ресейдегі "Первый канал" телеарнасы редакторы Марина Овсянникова тікелей эфир кезінде "Соғысты тоқтатыңыздар. Пропагандаға сенбеңіздер. Бұл жерде сіздерді алдап жатыр" деген жазуы бар плакат ұстап тұр. 14 наурыз 2022 жыл.
Ресейдегі "Первый канал" телеарнасы редакторы Марина Овсянникова тікелей эфир кезінде "Соғысты тоқтатыңыздар. Пропагандаға сенбеңіздер. Бұл жерде сіздерді алдап жатыр" деген жазуы бар плакат ұстап тұр. 14 наурыз 2022 жыл.

Телеарна редакторы Марина Овсянникова "Время" бағдарламасының тікелей эфирі болып жатқан кезде "Соғысқа жол жоқ", "Соғысты тоқтатыңдар. Пропагандаға сенбеңіздер. Бұл жерде сіздерді алдап жатыр" деген плакат ұстап, студияда отырған диктордың қасына атып шықты. Сосын "Соғысты тоқтатыңыздар! Соғысқа жол жоқ!" деп айғайлап қарсылық білдірді. Плакаттың астыңғы тұсына "Орыстар соғысқа қарсы" деген сөйлем ағылшын тілінде жазылған. Телеарна режиссері басқа сюжет қосып, эфирді үзіп тастады. Ал телеарнаның медиа менеджері Овсянникованы "сатқын" деп атаған.

Мәскеудің Останкино соты Марина Овсянниковаға заңсыз наразылық ұйымдастырмақ болғаны үшін 30 мың рубль айыппұл салды. Мектеп мұғалімі Дуброваға да сондай айып тағылған. 25 наурызда сот егер редактор қарулы күштердің беделін түсірді деп танылса, оған елу мың рубль айыппұл салынатынын мәлімдеді.

Азаттықтың Орыс қызметінің материалдары бойынша жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG