4 сәуірде АҚШ президенті Джо Байден Ресей әскерінің әрекеті үшін президент Владимир Путин үстінен сот ісін бастай беру қажет деп мәлімдеп, Ресейге тағы да санкция салуды қарастыратынын айтты. Мұны AP таратты.
"Бучада болған оқиғаны бәрі көріп отыр, бұл - сұмдық жағдай" деген Байден Путинді "әскери қылмыскер" деп атады.
АҚШ президенті бұл сөзді Ресей әскері кеткеннен кейін жүздеген бейбіт адамның мәйіті табылған Буча қаласына Украина президенті Владимир Зеленский барған соң айтты. Алайда ол журналистердің "Бучадағы жағдайды геноцид деп санайсыз ба" деген сұрағына "жоқ" деп жауап берді. Зеленский геноцид деген болатын.
Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен дүйсенбіде твиттер парашасына әскери қылмыстарды құжатқа түсіріп жатқан жергілікті прокуратураға көмектесу үшін Еуропа одағы Украинаға тергеушілерін көмекке жіберетінін жазды.
Украинаның Бас прокуроры Ирина Венедиктова таяуда Ресей әскерінен азат етілген Киев түбіндегі қалалардан 410 адамның мәйіті шығарылғанын хабарлады.
Украинада "арнайы операция" бастағалы Ресей әскерінің адамзатқа қарсы қылмыстарын әлемнің 40-тан астам елі бірігіп зерттеуге кірісті. Гаагадағы халықаралық сот та тәуелсіз зерттеу жүргізеді.
ПІКІРЛЕР