Accessibility links

Алматыдағы дүрбелеңде қаза болған Шымкент тұрғынының сүйегі эксгумацияланды


"Жүректері тас па?" Қаңтарда оққа ұшқан 22 жастағы жігітті полиция қазып алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:02 0:00

"Жүректері тас па?" Қаңтарда оққа ұшқан 22 жастағы жігітті полиция қазып алды

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда мойны мен шатына оқ тиіп, қайтыс болған, Шымкенттегі «Ақжайық» мұсылмандар зиратына жерленген 22 жастағы Аңсар Исламның сүйегі 7 сәуір күні түстен кейін қайта қазып алынып, сараптамаға жіберілді. Бұл жөнінде Азаттық тілшісі хабарлады.

Эксгумациялауға Шымкент қалалық полиция департаменті, Қаратау аудандық прокуратурасы мен аудандық санитария-эпидемиология басқармасының мамандары қатысты. Қызметкерлер марқұмның сүйегін полицияның арнайы көлігімен сот сараптама институтына әкетті.

- Қайтеміз енді. Жерлегенімізге үш ай болды. Адамның сүйегі қандай болып кеткенін білесіздер. Қабіріне өзім кіріп, шығарып бердім. Сот сараптамасына өзім барып қатысамын. Баламды жаманатты етпеуі үшін өз көзіммен көргім келеді, - дейді марқұмның әкесі Әлімжан Аманқұлов.

Эксгумация кезінде фото-видео түсірмек болған Азаттық тілшісін журналист екенін ескерткеніне қарамастан қалалық полиция департаментінің тергеушісі Нұрсұлтан Тастеміровтің бұйрығымен полиция қызметкерлері зират басынан күшпен әкетті. Тергеушінің түсіндіруінше, журналистің эксгумация кезінде фото-видео түсіріп, жариялауы тергеуге «өрескел кедергі келтіреді». Полиция тілшіні марқұмның сүйегін қазып сараптамаға әкеткеннен кейін де зиратқа кіргізбеді. Тергеуші телефон арқылы әлдекімге Азаттық тілшісінің зират басында болғанын баяндады.

Аңсар Ислам 5 қаңтар күні Алматы қаласындағы дүрбелеңде екі жерінен оқ тиіп қайтыс болған. Туыстарының айтуынша, ол көлігінің майын ауыстыру үшін көшеге шыққан.

7 қаңтар күні марқұм Шымкенттегі зиратқа жерленді. Екі аптадан кейін Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық соты марқұмның сүйегін эксгумация жасау туралы қаулы шығарған. Исламның туыстары оның сүйегін қайта қазып алуға қарсы болып, сот қаулысына апелляциялық шағым түсіргенімен қалалық сот қанағаттандырмаған.

1 сәуірде Аңсар Исламның анасы Жазира Жандарбековаға Шымкент қалалық полиция департаментінен хабарлама келген. Онда Алматы қалалық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 272-бабымен («Жаппай тәртіпсіздік» бабы) қозғаған қылмыстық іске байланысты тергеу жүріп жатқаны, соған сай эксгумация жасалатыны жазылған.

Ресми дерек бойынша, қаңтардағы дүрбелеңнен кемінде 230 адам қаза болған. Бұған қоса, уақытша қамау изоляторларында жатқан сегіз адам "рұқсат етілмеген тергеу әдістерін қолдану" кесірінен қаза тапты.

Билік қаңтар дүрбелеңін "сырттан келген лаңкестер" ұйымдастырды деп мәлімдеді. Бірақ оған ешқандай дәлел келтірмеді. Бұған дейін сот Қазақстанның әр өңірінде марқұмдардың сүйегін қайта қазып алып, сараптама жасауға бұйрық берген. Марқұмдардың туыстары бұған қарсылық білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG