Accessibility links

Өскеменде қаңтардағы наразылықтан соң ұсталғандар аштық жариялады


"Жаппай тәртіпсіздік жасау" бабы бойынша күдікке ілінген, аштық жариялағандардың бірі Нұрсұлтан Сұлтанов.
"Жаппай тәртіпсіздік жасау" бабы бойынша күдікке ілінген, аштық жариялағандардың бірі Нұрсұлтан Сұлтанов.

Өскемен қаласында қаңтардағы наразылықтан соң ұсталған 16 адам қамау мекемесінде аштық жариялады.

Қамауда отырғандардың туыстары мен адвокаттарының хабарлауынша, олар тергеу амалдары мен қамауда ұстау мерзімін тағы бір айға созылуына наразы.

— Қамауда отырған 16 адам 2022 жылдың 6 сәуірінен бастап тамақтан бас тартты. Оларды жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен ұстаған. Олар ОВ-156/1 түзеу мекемесі арқылы Шығыс Қазақстан облысы прокурорының атына арыз жолдады, — деп хабарлады адвокат Анар Құсайынова.

Адвокаттың айтуынша, аштық жариялағандар сотқа дейінгі тергеудің тезірек аяқталып, істің сотта қаралғанын, сонымен бірге оларды сотқа дейін үйқамаққа шығарғанын немесе ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатпен босатуын сұрайды.

24 жастағы күдікті Нұрсұлтан Сұлтановтың анасы Назира Жылқышынова ұлының екі айдан астам уақыттан бері қамауда екенін, ол да аштыққа қосылғанын айтты.

— Балаларды қапас камерада ұстаудың не қажеті бар? Дүйсенбі күні ұлыма бардым. Ол - стоматолог, интернатураны аяқтайды. Оның үстінен ылғал орынның исі шығып тұр. Не істерімді де білмеймін. Адамдарды босатсын. Әрқайсының отбасы, несиесі бар. Ал оларды ылғал ғимаратта, бұрынғы қамалда ұстап отыр, — дейді Назира Жылқышынова.

Кәсіпкер Семей Ісмағамбетов те жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен қамауда отыр.

— Күйеуім аштық жариялады. Камерада 16 адам отыр, бәрі прокуратураға арызданды, - дейді Семейдің әйелі.

Қылмыстық жазаны атқару жүйесі департаменті Азаттыққа қамауда отырғандардың аштық жариялағаны туралы ештеңе білмейтінін хабарлады. "Мұндай ақпарат түспеді", - дейді департаменттегілер.

  • Қазақстанда қаңтардағы наразылықтан соң мыңдаған адам ұсталды, жүздеген адам қамауға алынды. Олардың дені қамауда отырғанда азапталғанын мәлімдеді.
  • Наразылыққа сұйытылған газдың күрт қымбаттауы себеп болды. Наразылық тұсында бірқатар қалаларда тәртіпсіздік пен бүлік болды. Қазақстан билігі қантөгісті "өзге елде дайындықтан өткен содырлар ұйымдастырды" деп мәлімдегенмен сөзіне дәлел келтірген жоқ. Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 230 адам қаза болды. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған сегіз адам тергеу изоляторында қаза болды. Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды шетел сарапшыларымен бірігіп, оқиғаны зерттеуге шақырса, билік одан бас тартты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG