Украинаның Буча қаласында жүздеген бейбіт тұрғынның қазасынан соң халықаралық қауымдастық Ресей соғыс қылмысын жасап жатыр деп айыптады. АҚШ президенті Джо Байден Ресей басшысы Владимир Путинді "соғыс қылмыскері деп санаймын" деген. Ал Халықаралық қылмыстық соты Украинадағы соғыс қылмысын тексере бастады. Бұл мақалада соғыс қылмысын түсіндіреміз.
1949 жылы 12 тамыздағы Женева Конвенциясына сай, қасақана өлтіру, азаптау, қинап емдеу және адамдарға биологиялық тәжірибе жасау, жекенің мүлкін қасақана жою, бейбіт тұрғындарды заңсыз әрі еркінен тыс депортация жасау, адамдарды кепілге алу соғыс қылмысының (әскери қылмыс деп те айтады) белгілері саналады.
Сондай-ақ соғыс уақытында халықаралық заңдарда көрсетілген мына әрекеттер де соғыс қылмысы деп есептеледі:
Буча қаласының билігі Ресей әскерилері қалада кемі 350 бейбіт тұрғынды өлтіріп кетті деп мәлімдеді. Қалада үйлер мен азаматтық нысаналарға да шабуыл жасалды. Ресей қорғаныс министрлігі "ресейлік әскерилер Бучада бейбіт тұрғындарды өлтірмеді" деп, ақпараттарды "фейк", "провакация" деді.
Ал АҚШ-тағы Сетон Холл университеті заң факультетінің халықаралық қылмыстық құқық бойынша маманы Джонатан Хафец Reuters агенттігіне берген сұхбатында Бучадағы бейбіт тұрғындарды өлтіру "кәдімгі әскери қылмыс" деді.
Соғыс я әскери қылмыс істерін Халықаралық қылмыстық сот қарайды. 28 ақпанда осы соттың бас прокуроры Карим Хан Ресейдің Украинаға басып кіргеніне байланысты "соғыс қылмысы" бойынша іс қозғағанын хабарлады.
Бірақ Ресей мен Украина Халықаралық қылмыстық сотқа мүше емес. Дегенмен Халықаралық қылмыстық сот мүше емес елдерге қатысты да іс қозғап, күдіктілерді қамауға алуға сырттай шешім шығара алады. Алайда Халықаралық қылмыстық сот күдіктіні сырттай соттай алмайды, яғни айыпталғандар қамауға алынбаса, күдіктінің өзі сот залында отырмаса іс жүрмейді.
Бұған қоса, Мәскеу бұл сотқа мүше болмағандықтан Ресей Халықаралық қылмыстық соттың кез келген шешімін мойындамай, тергеуге көмектесуден бас тарта алады. Яғни, Халықаралық қылмыстық сот Путин я қандай да бір ресейлікті қамауға алу туралы шешім шығарса да, мұны Мәскеу орындамауы мүмкін.
Егер бір ел Халықаралық қылмыстық сот шешімін мойындамаса, БҰҰ жеке сот ашуына болады. Алайда Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде өзіне қарсы қозғалған іске вето қоюға мүмкіндігі бар.
Бұдан бөлек, бірнеше ел бірігіп, арнайы сот ұйымдастыра алады. Мәселен, Екінші дүниежүзілік соғыстан соң АҚШ, Британия, Франция және Совет одағы нацистерді жазалау үшін арнайы сот құрған.
Одан соң 1990 жылдардың басындағы Балқан соғысы және 1994 жылы Руанда геноцидіне жауаптыларды жазалайтын арнайы сот өткен.
Reuters ақпарат агенттігі сөйлескен сарапшылар соғыс қылмысы болғанын тергеушілер толық дәлелдеуі керек, ал күдіктінің айыбы толық дәлелденуі тиіс деген. Мамандар мемлекет басшыларынан гөрі қандай да бір әскери қылмысқа солдаттар мен командирлерді айыптау жеңіл екенін алға тартады.
"Сарапшылардың айтуынша, Бучадағы әрекетке Ресей билігінің эшелоны бұйрық берген-бермегені жайлы айту әлі ерте, бірақ мұндай қырғын Украинаның басқа жерлерінде қайталанса, бұл биліктің бұйрығы я саясаты болуы мүмкін" деп жазады Reuters.
Заң саласындағы мамандар егер соғыс қылмысы бойынша іс қозғалса, айыптау құжатын толтыруға үш айдан алты айға дейін уақыт кетуі мүмкін. Ал сот отырысы бірнеше жылға созылады. Мәселен, Халықаралық қылмыстық соттың бұрынғы Югославияға қарсы іс ашуына екі жыл кеткен (Югославия билігі 1990 жылдардағы Балқан соғысына байланысты айыпталды). Ал 1999 жылы сот Югославияның экс-президенті Слободан Милошевичті басты күдікті деп таныды және 2001 жылы қамауға алды. Оның соты 2002 жылы басталды, ал Милошевич 2006 жылы Гаагада түрмеде қайтыс болды. Ол өмірден өткенде сот процесі аяқталмаған еді.
Демек әскери қылмыс бойынша сот процесі бірнеше жыл уақытты алады.