АҚШ теңіз әскерінің отставкадағы полковнигі, Вашингтондағы стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының кеңесшісі Марк Кансиан Азаттыққа сұхбат берді. Ол Украинадағы соғыстың келесі кезеңінде не болатынын, неліктен Киевке оқ-дәрі көбірек қажет екенін және Ресей әскерінің тығырыққа тірелу себептері туралы айтты.
Украинадағы соғыс елдің шығысы мен оңтүстігіне ойысып жатқанда, Киев НАТО елдерінен Ресей әскерін жоюға қажет қару-жарақ сұрады.
Жуырда Чехияның Украинаға совет кезінде жасалған Т-72 танкін, гаубица мен брондалған техникасын жібергені белгілі болды. Осылайша олар Киевтің өтінішіне құлақ асып, қолдаудың жаңа деңгейіне өткенін білдіргендей болды. Польша, Ұлыбритания секілді елдер де қару-жарақ жіберіп жатыр. Украинаға жүздеген миллион доллар жұмсағанын мәлімдеген АҚШ та қосымша құрал-жабдықтарын тасымалдап жатыр.
Дегенмен Украина күштеріне енді тактиканы өзгертіп, елдің шығысы мен оңтүстігіне шоғырланған Ресей әскеріне төтеп беруге басымдық беруге тура келетін шығар. Ол жақта ресейліктер Киев пен елдің солтүстік-шығысындағы әскерге қарағанда әлдеқайда ыңғайлы позицияда отыр. Украина әскері Киев маңындағы және елдің солтүстік-батысындағы әскерге танктерге қарсы зеңбіректер мен қолда бар қаруын пайдаланып қарсы тұра алған еді.
Соғыста едәуір шығынға ұшыраған Ресей қазір әскерін топтастырып, қайта қаруландырып, Украинаға басқыншылық жоспарын қайта сүзгіден өткізіп жатыр. Мәскеу Мариупольді, Ресей қолдап отырған сепаратистер қолындағы Донецк пен Луганск жерін түгелімен бақылауға алып, осы аудандардағы Украина күштерін қоршауға алудан үмітті.
Азаттық радиосы АҚШ теңіз әскерінің полковнигі, Вашингтондағы стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының кеңесшісі Марк Кансианмен соғыстың қалай өрбитіні жөнінде сұхбаттасты.
Азаттық: Мәскеу соғысты Донбасс пен Украинаның оңтүстігінде жүргізуге тырысып жатыр. Бұл шайқас қалай болады? Украинаның енді жақсы қаруланып, күшейіп алған Ресей әскерімен шайқасатынын ескерсек, бұл ұрыс Киев маңындағы соғыстан несімен ерекшеленуі мүмкін?
Марк Кансиан: Ресей әскері осыдан үш апта бұрын істеуі керек әрекетке енді барып жатыр деп ойлаймын. Яғни, әскерін өздері басым түскен облыстарға шоғырландырып жатыр. Оңтүстікте – Мариуполь маңына, шығыста солтүстік және Донбасс облысынан шабуыл жасайды.
Ресей басқыншылығының негізгі мақсаттарының бірі Донбаста басып алған жерін үлкейтіп, осы маңдағы аудандарды басып алу еді. Сондықтан сол жаққа әскер шоғырландырып жатқаны таң қалдырмайды. Бұл жағдайды ресейліктер қолдауы мүмкін болғандықтан, украиналықтар үшін аздаған қауіп бар.
Украина әскері қорғаныста табанды болды. Енді ресейліктер әскерін арттырып, кейбірін [басқа аудандардан] жинап жатқанда, Украина әскерінің орнын ауыстырып, қайта қаруландыру қажет. Әсіресе, Киев маңындағы әскер көп зардап шекті. Қару-жарақ табуға, қосымша күш жинауға, әскердің демалып алуына және қайта ретке келуіне уақыт керек.
Азаттық: Батыс барлаушылары Ресей президенті Владимир Путин 9 мамыр күні өтеді деп жоспарланған дәстүрлі парадқа дейін «жетістікке жетуді» қалап отыр дейді. Бұл енді соғыстың қалай өрбуіне әсер ете ме және Ресей, Украина және Батыс елдеріне қысым болмай ма?
Марк Кансиан: Бұл датаның әскери операцияға қалай әсер етуі мүмкін екені белгісіз.
Генералдар шығыстағы қадамдарын, енді не істейтіндерін анық байқатқандай болды деп ойлаймын. Олар басқа облыстардағы шабуылды тоқтатты. Ресейліктерде соғысуға тағы бір ай [уақыт] бар ма, міне, осы жағы анық емес.
Оларда шығын көп болды, [әскердің] рухы түсті. Оларда уақыт жағынан шектеу бар деп ойлаймын. Жуық арада жеңіске жетпесе, олар тығырыққа тіреледі. Бұл Ресей әскері үшін өте жаман.
Азаттық: Батыс елдері Украинаның шабуылдауына қажет қару-жарақтарды молынан жіберіп жатқанына куә болып отырмыз. Бастапқыда Батыс олай істеуге ықылас білдірмеген. Батыс жіберіп жатқан қару-жарақ Украинаның соғыста басымдыққа ие болуына көмектесе ме? Киев өзі сұраған қару-жарақты ала ала ма?
Марк Кансиан: Батыс Украинаға бұған дейін қолданып келген немесе үйренуі жеңіл құралдар жіберіп жатыр. Олардың арасында Javelin зымырандары, танкке қарсы түрлі зымырандар, Stinger және өзге де зенитті ракеталар бар.
[Қару жіберу] жалғаса береді деп ойлаймын. Олар украиндар қолданып жүрген, оңай үйренуге болатын және материалдық-техникалық базаға жеңіл енетін ірі қару да жіберіп жатыр. [Бірақ] бұларды барынша кеңейту қиынға соғады деп ойлаймын.
[Украина президенті Владимир] Зеленский НАТО ұшақтары мен танктерінің бір пайызын сұрады. Бірақ қолданылып жүрмеген қаруды жеткізуге, үйретуге және тасымалдауға айлар, тіпті, жылдар кетеді. Сондықтан [Америкада жасалған] М-1 танктерін Украинада көрмейсіз.
Екінші жағынан, оларға Т-72 [танктерін] жіберудің де үлкен мәні бар. Польшадағы MиГ-29 да Украинаға жеткізіледі деп ойлаймын. Баспасөз конференциясында АҚШ қару тасымалдауды ашық көрсетпейтінін аңғартты. Олар мұны Т-72 жағдайында істегендей білдіртпей жеткізуі мүмкін. Олар қарудың қайдан және қалай келгенін айтпады, бірақ бұл қару Украинада пайда болды.
Азаттық: Украиналықтар алуы мүмкін қарудың түрлеріне мән берген қаншалықты дұрыс? Қарудың жаңа түрлері алдағы апталарда Украинаға басымдық бере ала ма?
Марк Кансиан: Ең бастысы – әскердің қуатын көрсететін осы оқ-дәрі.
Батыс тек танкке қарсы қару [мен] зенитті қару ғана емес, артиллериялық снарядтар мен оқтар, күнделікті қажет заттар жіберіп жатыр. Бұл Украинаның соғыс алаңындағы әрекеттерін қамтамасыз ететіндіктен, үлкен мәні бар. Бұл оларға соғыс басында құрылып, қазір әрекетке көшіп жатқан жасақтарды қаруландыруға мүмкіндік береді.
Танк пен ұшақ секілді ірі қару көзге бірден түседі. Оларды да жіберу керек. Бірақ ең бастысы [қару-жарақ] жіберуді тоқтатпау маңызды.
Ресейліктер мұндай көмек алмайды. Олар қару-жарақ пен азық-түлікті елдің басқа бөлігінен әкелуге мәжбүр әрі оны көп мөлшерде өндірмейді. Украина әскері қорын толтырып жатқанда, Ресейде бұл азайып жатыр.
Азаттық: Ресей күштері Мариупольді басып алып, оны Қырымға құрлық арқылы баратындай көпір етуге, Донецк пен Луганск облыстарындағы оккупация аумағын кеңейтіп, Украинаның осы аудандардағы әскерін жоюға тырысып жатыр. Ресей әскері бұл мақсаттарына жете ала ма?
Марк Кансиан: Кейінгі бірнеше аптада олар бүкіл елді жаулап алуды мақсат еткен еді. Онымен салыстырғанда бұл жүзеге асуы мүмкін мақсат. Алайда бұлай болуы екіталай.
Осы үш-төрт аптада Ресей әскері көп жетістікке жете алмады. Қазір оларда соғысқа жұмылдыруға болатын бірнеше құрылым бар, бірақ көп адамнан айырылған күштерін жаңартуға біршама уақыт керек.
Кейбір дерек бойынша олар 7-15 мың адамнан айырылған. Қаза болғандар бұдан да көп болуы мүмкін. Жараланғандар қаза тапқандардан екі есе көп болғанын ескерсек, қазірге дейін 40-50 мың адамнан айырылған болуы мүмкін. Басында әскерилер саны 150 мың болса, олар әскерінің төрттен бірінен айырылған болуы ықтимал.
Ауғанстандағы он жылға созылған әскери қимылдар кезінде Совет одағы он бес мыңға жуық адамнан айырылған. Ресей соғыстың алғашқы айында-ақ осынша адам жоғалтты.
(Сұхбат өңделіп, ықшамдалды)
ПІКІРЛЕР