Accessibility links

Жаңаөзенде жалақы өсіруді талап еткен "Тазалық-С" жұмысшыларының наразылығына екі апта болды


Жалақыны өсіруді талап етіп, он бес күннен бері жұмысты тоқтатқан "Тазалық-С"мекемесі жұмысшылары мекеме гаражының алдында тұр. Жаңаөзен, 13 сәуір 2022 жыл.
Жалақыны өсіруді талап етіп, он бес күннен бері жұмысты тоқтатқан "Тазалық-С"мекемесі жұмысшылары мекеме гаражының алдында тұр. Жаңаөзен, 13 сәуір 2022 жыл.

Жаңаөзенде қала тазалығына жауапты "Тазалық-С" мекемесінің жетпіске жуық жұмысшысының жалақыны өсіріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп тұрғандарына екі апта болды. Наразылар мекеме гаражының алдында ереуілдеп жатыр.

Тазалыққа жауапты қаладағы жалғыз мекемеде қоқыс таситын, жинайтын 66 адам 30 наурыздан бері жұмысқа барудан бас тартып, жалақыны өсіруді талап етіп тұр. Наразылыққа қатысушылардың бірі шебер Гүлнар Айбергенованың айтуынша, жұмысшылар бұл қадамға амалсыздан барып отыр.

– Жалақыны жүз пайызға көтеріп, өндірістік объектілерді еңбек жағдайына сай жабдықтауды талап етіп тұрмыз. Қолымызға 70-80 мың теңге тиеді. Сыйақы, әлеуметтік пакет дегенді білмейміз. Еңбек демалысына шықсақ, оның ақшасын демалысқа барып келген соң аламыз. Балаларды демалыс лагеріне жіберу тәрізді ешқандай қолдау жоқ. Біз де дұрыс жалақы алғымыз келеді. Қаладағы денсаулыққа зиянды қалдық, қоқыс атаулының бәрін қолымызбен жинаймыз, зияндылық үшін де ештеңе төленбейді,- дейді ол.

Оның талабын өзге жұмысшылар да қолдады. Әлеуметтік желіде тараған видеода жұмысшылардың бірі "техниканы шығармай мекеме қақпасын жауып тұрғанын" айтады. Компания өкілі оларға мұның "заңсыз" екенін ескертеді.

"Тазалық-С" мекемесінің директоры Серік Табынбаев жалақыны 10% көтеруді ұсынғанын, бірақ онымен жұмысшылардың келіспегенін айтады.

– Татуласу комиссиясына келіспей тұр. Мен олардың жалақысын жүз пайыз көтере алмаймын, тариф президент жариялаған мораторийден соң көтерілген жоқ. Еңбек кодексіне сай комиссиядан соң сотқа жүгінемін, - дейді Серік Табынбаев.

"Тазалық-С" мекемесі жұмысшылары 2021 жылы шілде айында да жұмысты тоқтатып, жалақыны көтеруді талап еткен. Гүлнара Айбергенованың айтуынша, ол жолы жалақыларын 30 пайызға көтеріп, кейін жаңа жылдан соң жалақыға тағы да пайыз қосуға уәде берген. Бұл уәде орындалмаған соң "Тазалық-C" жұмысшылары биылғы ақпанда да жұмысты тоқтатқан. Бірақ жұмысшылар мекеме басшылығы ақпандағы наразылықтан соң 15 күн мұрсат сұрағанымен, ештеңе бітірмеген соң наурыз соңында қайта жұмысты тоқтауға мәжбүр болғандарын айтады.

"Тазалық-С" мекемесінде 219 адам жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG