14 сәуірде сенат әлеуметтік желілерді "реттеуге бағытталған" заң жобасын мәжіліске қайтарды. Сенат депутаттары құжатқа бірнеше түзету енгізген.
Оған сәйкес, балаларға кибербуллинг жасағаны туралы фактілерді арнайы сарапшылар тобы қарайды. Бұған дейінгі жоба бойынша, бұл мәселені тек уәкілетті орган ғана қарауы тиіс болған. Одан бөлек, уәкілетті органға интернет-ресурс, әлеуметтік желілер мен мессенжерлердің жұмысын өз бетінше шектеу немесе тоқтату өкілетін беру туралы норма алынып тасталған.
Сенат отырысында заң жобасының қоғамда дау туғызғаны, оған медиа қауымдастық қарсы болғаны айтылды. Бұған қоса, аталған құжатқа байланысты жергілікті және халықаралық ұйымдар тарабынан талап-тілектер түскені, сын-ескертпелердің барлығы ескерілгені айтылды.
Наурыздың басында мәжіліс құқық қорғаушылар мен медиа қауымдастықтың алаңдаушылығын туғызған аталған заң жобасын (ресми атауы – "Бала құқықтарын қорғау, білім, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы") мақұлдап, сенатқа жіберген еді. Жоба авторлары "құжат балаларды кибербуллингтен қорғайды, әлеуметтік желілерді бұғаттамайды, тек бірқатар шектеу қояды" деп мәлімдеген.
Былтырдан бері қоғамда дау туғызып келе жатқан заң жобасына сәйкес, шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенжерлер Қазақстан аумағында жұмыс істеуі үшін заңды тұлға ретінде тіркеліп, өкілдігін ашуы тиіс. Бұл ережені орындамаса, құжат күшіне енгеннен кейін желілер бұғаттала бастайды. Бұған қоса, құжат тіркелген өкілдіктерді Қазақстанның өкілетті органдары тыйым салған немесе шектеу қойған ақпараттарға тосқауыл қоюға міндеттейді.
Жоба сыншылары заңға енетін түзетулер цензураны күшейтіп, ақпарат алу еркіндігін шектейді деп санайды. Facebook, Instagram, Telegram, Whatsapp және өзге де танымал әлеуметтік желілердің еркін пайдаланылуына бөгет жасайды дейді.
Ал заң жобасы авторлары мұндай уәждермен келіспейді. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым 14 наурызда Tengrinews агенттігіне берген сұхбатында "мұндай норма бары оны міндетті түрде қолданады дегенді білдірмейді, мәселе кибербуллингке төтеп беретін тиімді механизмді қалыптастыру туралы болып отыр" деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР