Accessibility links

Қорғаныс министрлігі "Украинаға әскер жіберу мәселесін қарастырып жатқан жоқ"


Қазақстан әскері. Көрнекі сурет.
Қазақстан әскері. Көрнекі сурет.

Қазақстан әскерін Украинаға немесе қандай да бір басқа елге жіберу туралы өтініш түскен жоқ, сәйкесінше Нұр-Сұлтан бұл мәселені қарастырып та жатқан жоқ. Бұл жөнінде бүгін, 15 сәуірде Қазақстан қорғаныс министрлігіне сүйенген Интерфакс агенттігі хабарлады.

Министрліктің хабарлауынша, кеше, 14 сәуірде өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) әскери комитетінің отырысында ҰҚШҰ контингентін қандай да бір әскери операцияға жіберу мәселесі талқыланбаған.

ҰҚШҰ келісіміне сәйкес, егер ұйымға мүше елдердің бірі қандай бір мемлекет немесе топтың агрессиясына ұшыраса, онда бұл тұтас ҰҚШҰ-ға мүше елдерге бағытталған агрессия болып саналады. Мұндай жағдайда ұйым агрессияға ұшыраған елге көмек, оның ішінде әскери көмек те көрсетеді.

ҰҚШҰ күші мен құралдарын пайдалану туралы шешімді ұйымға мүше елдердің басшылары қабылдайды. Дегенмен әскери контингент көмек сұраған елге жіберу кезінде ұлттық заңнама да ескеріледі. Қазақстан қарулы күштерін халықаралық міндеттерін орындауға жіберуді президент ұсынып, парламент шешім қабылдауы тиіс.

ҰҚШҰ бітімгершілік күштерін ұйымнан тыс аумаққа енгізу тек БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің рұқсатымен және тараптар келісімен жүзеге асады.

1992 жылы мамырда құрылған ҰҚШҰ-ға Ресей, Қазақстан, Армения, Беларусь және Тәжікстан мүше. Сарапшылар бұл ұйымға Мәскеудің ықпалы көп екенін айтады. Биыл қаңтарда Қазақстанда жаппай тәртіпсіздік болғанда ҰҚШҰ ел аумағына кіргізіліп, ұйымның күштері алғаш рет шетелдегі операцияға қатысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG