Accessibility links

"Ешқайда кетпейміз". Наразылар Жоғарғы сот өкілінің жауабына қанағаттанбады


Сот шешіміне наразы азаматтар Жоғарғы сот алдында тұр Нұр-Сұлтан, 6 сәуір 2022 жыл.
Сот шешіміне наразы азаматтар Жоғарғы сот алдында тұр Нұр-Сұлтан, 6 сәуір 2022 жыл.

15 сәуірде Жоғарғы сот өкілі журналистерге брифинг беріп, Нұр-Сұлтандағы Жоғарғы сот ғимараты алдына түнеп жүргендердің әрекетін заңсыз деп мәлімдеді. Бірақ сот шешіміне наразылар бұл пікірмен келіспейді.

Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріповтың айтуынша, судьялар істі қарауда дербес, тәуелсіз және оларға процестен бөлек жерде кездесу заңсыздық болып саналады.

– Кейбіреулер жеке қабылдау арқылы сотта қаралып кеткен істерді қайта қаратқысы келеді. Барлығы да Жоғарғы соттың немесе алқа төрағаларының жеке қабылдауына келіп, мәселені шешкісі келеді. Бұл заңға қайшы әрекет, оған жол берілмеуі керек. Сот төрағасы ол да судья, сондықтан нақты істер бойынша қабылдауға құқығы жоқ, - деді ол брифингте.

Жоғарғы сот өкілінің бұл сөзі екі аптадан бері наразылық білдіріп, Жоғарғы сот ғимараты алдында түнеп жүргендердің наразылығын тудырды. Олар заңды жақсы білетіндерін, Жоғарғы сот төрағасы қабылдауын бекер сұрап тұрмағандарын айтып, "ешқайда кетпейміз" деп мәлімдеді.

– Біз ешқайда кетпейміз, тарамаймыз да. Жоғары сот өкілі бізді меңзесе жалған айтып тұр. Қаншама жылдан бері әділдік үшін күресе жүріп, біз өзіміз де судья, сот, заңгерден кем болмай қалдық. Мысалы, мен Жоғарғы сотқа шағымданғым келеді. Бірақ менің арыздарымды кері қайтарып келеді, - дейді Ерлан Жәкеев.

Оның сөзінше, 2007 жылы “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 32 миллион қарыз алып, Павлодар облысының Баянауыл ауданында кірпіш зауытын салған. Ол бұл несиені алу үшін үш пәтері мен үш жер учаскесін кепілге қойғанын айтады.

- Мен зауытты салып болған кезде бір түнде оған әлдебір топ келіп шабуыл жасап, жабдықтарын кесіп алып кеткен. Олардың қолында “Дамудың” мөрі соғылған келісім-шарт болды. Оларды ұстап алып, дәлелдедік. Бірақ сот орындығында тек бір адам отырды. Осы әділдік пе? Мен қазір ақшамды да, бизнесімді де, үйімді де жоғалттым. Енді бұл мәселеге Жоғарғы сот төрағасы араласпаса кім араласады, - дейді ол.

Қарай отырыңыз: Сот шешіміне наразыларды жоғарғы сот тағы да қабылдамады (8 сәуір 2022 жыл).

Сот шешіміне наразыларды жоғарғы сот тағы да қабылдамады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:02 0:00

Қазақстанда сот шешіміне наразы азаматтар наразылыққа жиі шығады. Бұл топ 2021 жылы шілде, қазан айларында да сот шешімдерін қайта қарауды талап етіп, Жоғарғы сот ғимаратына түнеп те шыққан.

2019 жылы сот шешіміне наразылар "Нұр Отанның" (қазір ресми атауы "Аманат") Нұр-Сұлтандағы ғимаратына да қонып, аштық жариялаған. Сол жылы Қазақстандағы президент сайлауы қарсаңында олардың талабына назар аударған "сыңай білдірген" Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі мен Жоғары сот өкілдері ведомствоаралық комиссия құрып, наразыларды қабылдаған. Бірақ сот шешіміне наразы адамдар одан нәтиже болмағанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG