Accessibility links

Азаттық зерттеуі: Тоқаевтың Алматыдағы құпия үйі. Туыстарының бизнесі


Тоқаевтың Алматыдағы үйі. Туыстарының бизнесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:20:03 0:00

Тоқаевтың Алматыдағы үйі. Туыстарының бизнесі

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті қызметіне кіріскелі 3 жылдан асты. Бірақ сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың қолындағы билік Тоқаевқа биыл ғана толығымен өтті дейді. Азаттық Тоқаевтар отбасының Қазақстандағы, шетелдегі мүліктері мен бизнесін әшкере етті. Ұлы Тимур мен президент әкімшілігі жетекшісінің інісі Шалқар Нұртілеудің байланысы барын анықтады.

ТОҚАЕВТЫҢ VIP КӨРШІЛЕРІ

Азаттық Алматының қымбат ауданынан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қатысы бар жылжымайтын мүлікті анықтады. Көлемі 30 сотық учаске мен үй Алмалы қалашығында орналасқан. Қалашық Медеу мұз айдынына қарай көтерілгенде Royal Tulip қонақ үйінен өткен соң оң қапталда тұр. Айналасы қоршалған, кіреберісіне шлагбаум қойылған.

Тоқаевқа тиесілі болған үй орналасқан Алмалы қалашығында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оған жақын адамдардың жылжымайтын мүлкі бар. Алматы, 4 сәуір 2022 жыл.
Тоқаевқа тиесілі болған үй орналасқан Алмалы қалашығында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оған жақын адамдардың жылжымайтын мүлкі бар. Алматы, 4 сәуір 2022 жыл.

Бұрын үкіметте басшылық қызметте болған екі адам Совет одағы кезінде бұл жерде Орталық комитеттің демалыс үйі, саяжайлар болғанын айтады. Қазір ондағы көп аумақты Қазақстан билігі мен оған жақын адамдар иеленіп отыр. Тоқаевтан бұрын оның көршілеріне тоқталайық.

Алмалы қалашығында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың резиденциясы да бар. Ол "Елбасы" жеке қорына қарайтын "Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекция" компаниясы арқылы қалашық ішіндегі ірі резиденцияны биыл ақпанға дейін иеленіп келген. 10 ақпанда сыйға тарту келісім-шарты бойынша ғимаратты мемлекеттік мүлік және жекеменшік комитетіне өткізіп берген. Тікұшақ қонатын екі алаңқайы бар. Үкімет қаулыларында бұл ғимарат "меймандарға арналған бас резиденция" деп көрсетілген.

"Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекция", "Елбасы" қоры арқылы Назарбаев қараған бұрынғы мемлекеттік резиденциялардың бірі. Ғимарат биыл ақпанда мемлекетке қайтарылған. Алматы, 4 сәуір 2022 жыл.
"Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекция", "Елбасы" қоры арқылы Назарбаев қараған бұрынғы мемлекеттік резиденциялардың бірі. Ғимарат биыл ақпанда мемлекетке қайтарылған. Алматы, 4 сәуір 2022 жыл.

Назарбаевтың өз мүлкінен бөлек, онымен байланысы бар "Алмалы", "Наурыз" корпорациялары 6 гектар жерді, екі зәулім үйді иеленіп отыр. Бұған дейінгі зерттеуде "Алмалы" корпорациясы үкіметтің шаруашылық басқармасы "ХОЗУ-ды" жекешелендіру арқылы пайда болғанын айтқан едік. Бұл аумақта әлгі 6 гектардан бөлек осы "ХОЗУ-ды" басқарған, Назарбаевтың ең жақын көмекшісі болған марқұм Владимир Нидің қызы мен күйеу баласы Виктория және Нұрмұхамед Жүнісбековтердің мүліктері де бар. Иманғали Тасмағамбетовтың қызы Әсел мен күйеу баласы Кеңес Рақышевтың да зәулім сарайы осында. Тоқаев оларға көрші болған.

Саясаткер Иманғали Тасмағамбетовтің қызы Әсел мен күйеубаласы Кеңес Рақышевтің атындағы сарай да Алмалы қалашығында орналасқан. Алматы, 4 сәуір 2022 жыл.
Саясаткер Иманғали Тасмағамбетовтің қызы Әсел мен күйеубаласы Кеңес Рақышевтің атындағы сарай да Алмалы қалашығында орналасқан. Алматы, 4 сәуір 2022 жыл.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ КОТТЕДЖІ

Бұл маңдағы 30 сотық учаске Қасым-Жомарт Тоқаевқа бұйырыпты. Нақты қашан алғаны белгісіз. Жерге 2008 жылы кадастрлық бағалау жасалған. Үш жылдан соң үйдің іргетасы құйылған.

Бұл үйге ұқсайтын мүлік қаңтардың соңы, ақпанның басында сатылымға шықты. Krisha.kz сайтындағы жарнамада сырты әрленгенмен, іші жөнделмеген 1600 шаршы метрлік үйдің құны 1 миллиард 900 миллион теңгеге бағаланды.

Бұл коттедж Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың меншігінде болған. Ресми дерек бойынша, қазіргі иесі басқа адам. Алматы 4 сәуір 2022 жыл.
Бұл коттедж Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың меншігінде болған. Ресми дерек бойынша, қазіргі иесі басқа адам. Алматы 4 сәуір 2022 жыл.

Бұл баспана осы маңдағы өзге коттедждермен деңгейлес. Аумағы 2016 жылы қазіргіден сәл кішірек болған. Бір шетінен қосымша құрылыс жүрген, үйді үлкейткен. Екі жылдан соң қара көк материалмен қайта шатырланған. Үйдің әуелгі ішкі келбеті де салтанатты. Мына сурет – соның айғағы.

Krisha.kz сайтына шыққан жарнамада көрсетілген телефонға хабарласып, үйді барып көрдік. Бірінші қабаттың биіктігі 4 метр. Кең, бөлмесі де көп. Жертөледе монша, шағын кинозал жасауға ыңғайланған орындар бар. Риэлтор шатырдың іші де тұрғын-жай жасауға лайықталғанын айтты. 1,9 миллиард теңге – үйдің осы қалпындағы бағасы.

Биыл қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаевтың атында тұрған мүлік Krisha.kz сайтына шыққан жарнамада 1,9 миллиард теңгеге бағаланған.
Биыл қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаевтың атында тұрған мүлік Krisha.kz сайтына шыққан жарнамада 1,9 миллиард теңгеге бағаланған.

Риэлтор бірінші қабаттағы бір бөлмені көрсетпеді. Себебін сұрағанымда "майнинг-ферма жұмыс істеп тұр" деді. Есігі құлыптаулы. Бірақ ішінен құрылғының шуылы қатты естіліп тұрды.

Құрылғының жасырын жұмыс істеп тұруы – сұр майнерлердің белгісі. Бұлай жұмыс істеу заңға қайшы. Азаттық Керей-Жәнібек хандар көшесі, 97-үйде жұмыс істеп жатқан майнинг ферма жөнінде энергетика министрлігіне және өзге де құзыретті мекемелерге сауал жолдады, жауабы әлі келмеді.

Коттедж ішінде шуылы бүкіл үйді алып тұрған майнинг құрылғы жұмыс істеп тұр. Есігі жабық. Алматы, 16 ақпан 2022 жыл.
Коттедж ішінде шуылы бүкіл үйді алып тұрған майнинг құрылғы жұмыс істеп тұр. Есігі жабық. Алматы, 16 ақпан 2022 жыл.

Риэлтормен сөйлескенімізде ол – Тоқаевтың үйдің бұрынғы иесі екенін, бірнеше жыл бұрын сатып жібергенін айтты. Бірақ қаңтар айында 20:315:904:199 кадастр нөмірімен тіркелген жердің иесі мемлекеттік ақпараттық базада Қасым-Жомарт Тоқаев болған.

Сайт жер кодексіне сай деректерді апта сайын жаңартып тұрады. Ақпанның соңында жасалған сұраныс хатқа "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясы мүлік 2016 жылы сатылған, иесі деп мүлде басқа адамның аты-жөнін көрсетті.

Мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесінде жылжымайтын мүлік орналасқан жекеменшік жердің пайдаланушысы президент Қасым-Жомарт Тоқаев деп көрсетіліп тұр.
Мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесінде жылжымайтын мүлік орналасқан жекеменшік жердің пайдаланушысы президент Қасым-Жомарт Тоқаев деп көрсетіліп тұр.

ДИПЛОМАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАУ ҮЙІ ЖЕКЕ МЕНШІККЕ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Тоқаевтар отбасының Алматыда тағы бір жылжымайтын мүлікке қатысы бар. Ол Абай мен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы Сыртқы істер министрлігінің қабылдау үйі болған ғимарат. Бұл – 115 жыл бұрын Жетісу темекі фабрикасының иесі, көпес Гаврилов салдырған тарихи ескерткіш. Архитекторы әйгілі сәулетші Андрей Зенков.

Бұрынғы дипломаттарды қабылдау үйі. Ғимарат мемлекеттен жекеге өтіп, Тоқаевтың жақын туыстарының иелігінде болған. Алматы 4 сәуір 2022 жыл.
Бұрынғы дипломаттарды қабылдау үйі. Ғимарат мемлекеттен жекеге өтіп, Тоқаевтың жақын туыстарының иелігінде болған. Алматы 4 сәуір 2022 жыл.

Министрлік астанаға көшкен соң 2000 жылы ғимарат пен 6865 шаршы метр жер Алматы әкімдігінің балансына өтеді. Журналист Геннадий Бендицкий Виктор Храпуновтың тұсында ғимарат 350 миллион теңгеге жөнделгенін, кейін жекешелендіріліп, ақыры Тоқаевтың туған қарындасы Қарлыға Кемелқызы Ізбастинаның компаниясы 280 миллион теңгеге сатып алғанын жазған. Журналист бұл соманың жөндеуге кеткен ақшаға да жетпейтінін сынаған.

Бұл кезеңде Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрі еді. Журналист Бендицкий 2006 жылы мұндағы үш ғимарат пен жердің бағасын нарықпен салыстырып, 1 миллиард теңге деп (сол кездің бағамы бойынша, шамамен 10 миллион доллар) жобалаған. Қазіргі бағасы бұдан әлдеқайда қымбат.

Дипломаттарды қабылдау үйі құрылтайшыларының қатарына президенттің жиені Дана Медеуова да кірген.
Дипломаттарды қабылдау үйі құрылтайшыларының қатарына президенттің жиені Дана Медеуова да кірген.

Қабылдау үйіне Қарлыға Кемелқызы "Meerbusch" деген компания арқылы иелік еткен. Кейінірек оның қызы Дана Медеуова құрылтайшылар қатарына қосылған. Ал қазір қабылдау үйінің заңды иесі "Дом приемов" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Рахымбек Тасболатов деген адамның атында. Тасболатов меншігіне қалай, қанша ақшаға өткені туралы дерек жоқ. Азаттық Тасболатовтың Тоқаевтар отбасына қатысы бар-жоғын анықтай алмады.

ТОҚАЕВТАР МЕН НҰРТІЛЕУЛЕР ЖАҚЫНДЫҒЫ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен президент әкімшілігінің жетекшісі Мұрат Нұртілеуді қызметтен бөлек не байланыстырады? Енді осы сауалға жауап іздеп көрсек. Екі адамның биографиясын мұқият оқыған адам Нұртілеу президенттің сенімді адамы екенін түсінеді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның әкімшілігінің жетекшісі Мұрат Нұртілеу. Akorda.kz таратқан суреттен қиылып алынды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның әкімшілігінің жетекшісі Мұрат Нұртілеу. Akorda.kz таратқан суреттен қиылып алынды.

Нұртілеу 1998 жылдан бастап Сыртқы істер министрлігінде істеді. Ал 2004 жылдан Тоқаевқа кеңесші болды. Сенатқа спикер болып келгенде аппаратын басқарды. Тоқаев Біріккен ұлттар ұйымы бас хатшысының орынбасары – Женевадағы Еуропа бөлімінің директоры болған жылдары Мұрат Нұртілеу Қазақстанның осы қаладағы өкілдігінде жұмыс істеді. 2019 жылдан бері де Тоқаевтың қасында. Алдымен көмекшісі болды, екі жылдан кейін президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары атанды. Қаңтар оқиғасында Тоқаев Нұртілеуді Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындады.

Президенттің ұлы 38 жастағы Тимур Тоқаев пен Мұрат Нұртілеудің інісі Шалқар Нұртілеу екеуін бизнес серіктес деп атауға болады. Тимур Тоқаев иелік ететін "Фортиус" компаниясына 2016 жылы Шалқар Нұртілеу басшылық жасаған. Кейін қызметтен кеткен.

Президенттің ұлы Тимур Тоқаев пен президент әкімшілігінің жетекшісінің туған бауыры Шалқар Нұртілеу бизнес серіктес.
Президенттің ұлы Тимур Тоқаев пен президент әкімшілігінің жетекшісінің туған бауыры Шалқар Нұртілеу бизнес серіктес.

Тоқаев-Нұртілеу тандемі тағы бір компания басшылығының тізімінен шықты. Шығыс Қазақстан облысын түгелдей электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған "Біріккен энергосервистік компания" 2017 жылы желтоқсанда мемлекеттік "Самұрық-Энергодан" 11 миллиард 820 миллион теңгеге жеке меншікке сатылды. Сатып алған "БЭСК Холдинг" компаниясының иесі "Қараоба-2005" серіктестігі. Ал "Қараоба-2005-тің" иесі "Kazakhstan Tungsten & Molybdenum Company" деген серіктестік. Оның құрылтайшыларының бірі Тимур Қасым-Жомартұлы Тоқаев. Осыдан соң "Біріккен энергосервистік компанияның" директорлар кеңесінің төрағалығына Шалқар Нұртілеу тағайындалды. Тимурдың жиені Мұхамед Ізбастин директорлар кеңесіне мүше болып кіреді. Тимур мен Шалқардың бизнестегі біз байқаған жақындығы осындай. Айта кету керек, ашық деректерге сәйкес "Біріккен энергосервистік компанияның" 2021 жылғы қаржылық пайдасы 138 миллиард теңге.

Ақорда Шалқар Нұртілеуге қарайтын компанияның "Turan" ауыз суын оның ағасы президент әкімшілігіне басшылық қызметке келгенде тұтына бастады.
Ақорда Шалқар Нұртілеуге қарайтын компанияның "Turan" ауыз суын оның ағасы президент әкімшілігіне басшылық қызметке келгенде тұтына бастады.

Шалқар Нұртілеудің өзі бірнеше компанияға иелік етеді. Соның бірі – арақ-шарап, сусын шығаратын "Көкшетау минералды сулары" акционерлік қоғамы. Ол – бұл мекемені "Азия Су компаниясы" арқылы басқаратын екі құрылтайшының бірі. Компания "Тұран" деген атаумен ауыз су өндіріп сатады. Президент баспасөз қызметі жариялаған суреттерге қарағанда, 2021 жылғы 19 тамызға дейінгі ресми жиындарды үстелде "Тассай" суы тұрса, одан кейін "Тұран" суын көріп жүрміз. Ақорданың бұл компания өнімін қашан пайдалана бастағанын дәл айту қиын, бірақ ресми суреттердегі өзгерістердің Нұртілеудің президент әкімшілігіндегі лауазымды қызметке келуімен сәйкестігі президент әкімшілігінен нақтылауды қажет ететіндей.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖИЕНДЕРІ – ІЗБАСТИНДЕР ИМПЕРИЯСЫ

2019 жылы шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев қарындасы Қарлығаның күйеуі Теміртай Ізбастинді Қазақстанның Болгариядағы төтенше және өкілетті елшісі етіп тағайындады. Ізбастин оған дейін осы елдегі дипломатиялық өкілдікті басқарған. Оның балалары мемлекеттік қызметте лауазымды орындарда отыр, бизнесте де жақсы табыс табады.

Президент Тоқаевтың күйеу баласы Теміртай Ізбастин Қазақстанның Болгариядағы елшісі. Ал Ізбастиннің қызы осы елде бірнеше компанияға иелік етеді.
Президент Тоқаевтың күйеу баласы Теміртай Ізбастин Қазақстанның Болгариядағы елшісі. Ал Ізбастиннің қызы осы елде бірнеше компанияға иелік етеді.

43 жастағы қызы Дана Теміртайқызы Медеуова Қазақстанда да, Болгарияда да бизнес жасайды. Дана Болгария астанасы София қаласында Dami Investment, Dami International және SD Property Investments дейтін үш құрылыс компаниясына иелік етеді. Үшеуі де бір мекенжайда тіркелген. Ресейлік "Важные истории" сайтының журналистері Дана мен бауыры Бекет Iзбастиннің Чехияда жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысатын екі компаниясы болғанын жазды.

Қазақстанда ше? Дана Медеуова астанада "Сал-сері" деп аталатын арт-галереяға және "Funny school" балаларды дамыту орталығына иелік етеді. Дана жеке кәсіпкерлік ашып, геологиялық барлаумен де айналысады. Мысалы, Түркістан облысындағы "Ермаксу" алтын кенішінде жұмыс істеген. Statsnet.co сайтындағы дерек бойынша, оның табысы былтыр күрт артып, жеке кәсіпкерлік шотына 2021 жылы ғана 55 жарым миллиард теңге қаржы түскен.

Дана Медеуова ғылым-білімге де жақын. Саяси ғылымдар докторы. 2008-12 жылдары Абай атындағы ұлттық университетте проректор болған.

40 жастағы Қаныш Iзбастин ұлттық компанияларда басшылық қызметтерде істеген. Қаңтар оқиғасынан кейін "Бәйтерек" холдингінің басқарма басшысының бірінші орынбасарлығынан кетті. Қаныш – Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болған, 2011 жылы атышулы "Қорғас ісінен" кейін кеден комитеті басшылығынан кеткен Қозы-Көрпеш Кәрібозовтың күйеу баласы. Әйелі – Ботагөз Кәрібозова. "Важные истории" сайты Ботагөз Кәрбозова деген адамның АҚШ-тың Маями қаласында теңіз жағасында 136 шаршы метрлік пәтері болғанын жазған.

Теміртай Ізбастиннің кенже баласы 37 жастағы Бекет Ізбастин – "ҚазМұнайгазға" қарасты "PSA" компаниясының бас директоры. Бұл – жылдық бюджеті 1 триллион теңгеден асатын ірі мекеме.

Нағашы-жиендер Тимур Тоқаев пен Мұхамеж Ізбастин табысты мұнай компаниясына иелік еткен.
Нағашы-жиендер Тимур Тоқаев пен Мұхамеж Ізбастин табысты мұнай компаниясына иелік еткен.

39 жастағы Мұхамед Ізбастин – кәсіпкер. Мұхамедтің биыл құрылған "Қазақстан халқына" қорына 100 миллион теңге аударғаны белгілі. Ол 2002 жылдан бері нағашысы Тимурмен бірге "Аби Петролеум Кэпитал" мұнай компаниясына иелік етті. 20-дан енді асқан жас кәсіпкерлер көп өтпей табысқа кенелді. Таза кіріс жүз миллиондап саналды.

Мына дерекке де мән берсек. Компания бір кезеңде Алматы қаласы, Желтоқсан көшесі 165 мекенжайына – жоғарыда айтылған Дипломаттарды қабылдау үйіне тіркелген.

"Аби Петролеум Кэпиталды" кейінгі жылдары Қарлыға Кемелқызы Ізбастина басқарған. Ол Тимур Тоқаевпен өзге компанияда да серіктес болған. Олар өзге акционерлермен бірге Kazakhstan tungsten & molybdenum company арқылы Қарағанды облысындағы Жоғарғы Қайрақты және Солтүстік Қатпар кен орындарынан вольфрам, молибден өндіруге лицензия алған. Бірақ компаниялар ештеңе өндірмеген. "Kazakhstan tungsten & molybdenum company" компаниясын Шығыс Қазақстан энергетикасының жекешеленуі туралы айтқанда атадық.

"ТОҚАЕВ" ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫ ЖӘНЕ ШЕТЕЛДЕГІ МҮЛІКТЕР

Тимур Тоқаев Алматы облысында "Тоқаев" шаруа қожалығын жүргізіп отыр. Қожалық Ескелді ауданында тіркелген. Немен айналысады, табысы қандай? Ашық деректерде оған жауап жоқ. Тек Тимур мырза жерді пайдалану салығын мемлекетке толық төлемепті. Egov порталының дерегінше, оның 600 теңге берешегі бар.

Тимур Қасым-Жомартұлы Алматы облысында "Тоқаев" шаруа қожалығын ашқан. Жерді пайдалану салығы бойынша мемлекетке 600 теңге берешегі бар.
Тимур Қасым-Жомартұлы Алматы облысында "Тоқаев" шаруа қожалығын ашқан. Жерді пайдалану салығы бойынша мемлекетке 600 теңге берешегі бар.

Ал Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, Тимурдың иелігіндегі "Тоқаев" шаруа қожалығы 2016 жылы 500 гектар жерді жалға алып, былтыр қайтарып берген.

Әкесі президенттікке келген 2019 жылдан соң Тимурдың атына Қазақстанда тіркелген компаниялардың кейбірі жабылды. Ал кейбірінің құрылтайшылар құрамынан шықты. Тимурдың тегі де атасының атына – Кемелге ауысты. Былтыр Ресейлік оппозиционер Навальныйдың командасы Тимур мен анасы Надежда Тоқаеваның Мәскеуде екі пәтері барын, алайда жылжымайтын мүліктерді тіркеу базасынан олардың аты-жөні жасырылғанын анықтады. "Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу" орталығының дерегінше, Тимур Тоқаевтың Швейцарияның Женева қаласында үш үйі бар.

Бұдан бөлек зерттеуде Қасым-Жомарт Тоқаевтың отбасы мүшелері Швейцария банкінде шот ашып, қомақты қаржы сақтағаны әшкереленді. 1998 жылы Credit Suisse банкінен әйелі Надежда мен 14 жасар ұлы Тимурдың атына ашылған шотта 1 миллион долларға дейін қаржы ұстаған. Британияның Виргин аралдарында офшорлық компания арқылы бір сәтте 5 миллион доллар активі бар компанияны басқарған.

Бұл ақпаратты президент Тоқаевтың баспасөз қызметі "фейк ақпараттық шабуыл" деп атады.

Қазіргі таңда Тимур – атасы Кемел Тоқаевтың атындағы қайырымдылық қорды басқарады. Төлеген салық мөлшеріне қарасақ, ұйымның ақша айналымы өте көп емес. Қордың құрылтайшыларының қатарында Қарлыға Тоқаева, Мұхамед Ізбастин де бар.

Зерттеуде айтылған мәселелерге қатысты президент Тоқаевтың әкімшілігіне, Болгариядағы елші Теміртай Ізбастинге, Кемел Тоқаев қорына сауалхат жолданды. Он күннен асты, әзірге жауап келмеді.

Материалдағы кейбір деректі анықтауға адвокат Гүлнәр Жуасбаева көмектесті

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG