Батыс басылымдары бұл аптада Қазақстан қорғаныс саласына не себепті қосымша 1 миллиард долларға жуық ақша бөлетінін талдап, елдің әскері Ресейден төнуі ықтимал қауіпке дайын ба деген сұраққа жауап іздейді. Сонымен қатар Мәскеумен экономикалық одаққа кіретін елдер Ресейге қалайша Батыс санкцияларының әсерін азайтуға көмектесіп жатқанына тоқталады. Одан бөлек Түркияның Орталық Азияда неліктен ықпалы артатынына үңіледі.
ҚАЗАҚСТАН ҚОРҒАНЫСТЫ НЕ СЕБЕПТІ КҮШЕЙТІП ЖАТЫР?
Eurasianet басылымы Қазақстан экономикасы күрт баяулайды деген болжамдарға қарамастан, үкімет қорғаныс саласын қаржыландыруды айтарлықтай арттыру жайлы шешім қабылдағанын жазады.
7 сәуір күні қаржы министрінің орынбасары Татьяна Савельева парламентте үшжылдық бюджетті таныстырып, биыл «төтенше жағдай мен құқық қорғау органдарының техникасын жаңартуға және жауынгерлік даярлықты арттыруға» қосымша 441 миллиард теңге (1 миллиард долларға жуық) бөлінетінін мәлімдеді. Былтыр желтоқсан айында үкімет әскер, полиция мен төтенше жағдай қызметіне 859 миллиард теңге бөлінетінін айтқан.
Қосымша бөлінетін қаржының көп бөлігі ішкі істер министрлігі, ұлттық гвардия, қорғаныс министрлігінің арнайы бөлімшелерінің санын арттыруға және қосымша техника сатып алуға жұмсалмақ. Әскери қызметшілердің жалақысы 40 пайызға артады.
Мақала авторы Алмаз Куменов үкімет биыл экономиканың өсімі 3,9 пайыздан 2,1 пайызға дейін төмендейді деп болжаған уақытта мұндай ысырапшылықтың себебін түсіну қиын емес дейді.
«Қаңтар айының басында Алматыдағы толқу Қасым-Жомарт Тоқаевты Мәскеуден Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұрауға мәжбүрлеген масқара жағдайға қалдырды» деп жазды автор.
Сонымен қатар Украинаға басып кірген іргедегі Ресейді де естен шығармау керек.
Қазақстан мен Ресей ҰҚШҰ-ға мүше, бірігіп оқу-жаттығу өткізіп тұрады. Алайда Украинадағы соғыс алаңдаушылық тудырды. Ресейдің шовинистік бағыттағы саясаткерлері мен сарапшыларының «елдегі этникалық орыстар кемсіту мен қысым көреді» деген пікірі мұндай алаңдаушылықты одан бетер күшейтеді. Мұндай мәлімдемелер Ресейдің украиндарға қарата айтқан «орыстілділерді кемсітеді» деген сөздерімен үндес.
Мақала авторы Ресей президенті Путин 2014 жылдың тамызында «қазақтарда ешқашан мемлекеттік болмаған» деп мәлімдегенін еске салады. Ресей реваншистері дәл осылайша Украина мемлекеттілігін де жоққа шығарған.
Автордың ойынша, Қазақстанның қазіргі күйдегі әскері солтүстіктен төнуі ықтимал қауіпке дайын емес. Наурыз айында Orda.kz басылымы әскери саладағы дерек көздерге сілтеме жасап, негізінен 1960-жылдары шығарылған қорғаныс техникасы ескіріп-тозғанын хабарлаған.
Әскери қоймаларда оқ-дәріні сақтау ережелері де талапқа сай келе бермейді. 2021 жылдың тамызында Жамбыл облысындағы әскери қоймада жарылыс болып, кемі 12 адам қаза тапты. Одан екі жыл бұрын Арыс қаласындағы әскери қоймада снарядтар жарылып, үш адам қаза тапты.
Кей сарапшылар қару-жараққа келгенде Қазақстан Ресейде шыққан қаруға сенім артпағаны жөн деп есептейді. New Geopolitics Research Network зерттеу желісінің Азия-Тынық мұхит аймағы бойынша украиналық сарапшы Юрий Пойта Қазақстан қорғаныс саласы негізінен Ресейдің қару-жарағымен жабдықталғанын, ондай қаруды әлсіз мемлекет немесе қарулы топтарға қарсы орташа қарқынды шайқастарда ғана қолдануға болатынын жеткізді.
Автор Ресей Украинаға басып кірген соң Қазақстан қарулы күштерін жоғары әскери әзірлік режиміне көшіріп, сол уақыттан бері қоғам өкілдері елде әскер мен әскери техника қозғалысын байқай бастағанын жазады. Бұл өз кезегінде қарулы күштер Ресей шекарасына жиналып жатыр деген қауесет тудырды. Қорғаныс министрлігі мұны жоққа шығарып, мұның бұрын жоспарланған әскери оқу-жаттығу жұмыстары екенін мәлімдеді.
Басылымға пікір білдірген Вашингтондағы ұлттық қорғаныс университетінің профессоры Эрика Марат Орталық Азия елдері Мәскеу Украинада асқан қатыгездікпен зорлық-зомбылық көрсететінін мүлде күтпегенін айтады.
«Осыдан кейін Қазақстан Ресейдің ықтимал агрессиясын қарастырмайды деу біртүрлі оғаш дүние болар еді», − дейді Эрика Марат.
САНКЦИЯЛАР ӘСЕР ЕТПЕГЕН МӘСКЕУ ЖӘНЕ "РЕСЕЙГЕ ҚОЛДАУ БІЛДІРГЕН ОДАҚТАСТАР"
Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейге салынған халықаралық санкциялар Батыс елдері күткен нәтиже берген жоқ. Себебі Ресей экономикасына онымен одақтағы бір елдер, оның ішінде Қазақстан қолдау көрсетіп отыр. Егер Ресеймен экономикалық одаққа кіретін елдер бұл қолдауды жалғастыра берсе, қазіргі санкциялар Ресей экономикасына әсер етпейді. Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының (International Institute for Strategic Studies) геоэкономика және стратегия жөніндегі ғылыми қызметкері, АҚШ қаржы министрі көмекшісінің бұрынғы орынбасары Дэвид Меркель Modern Diplomacy платформасына жазған мақалада осындай тұжырым жасайды.
Ресей Украинаға басып кіргелі халықаралық қауымдастық бұл елге қарсы 6 мыңнан астам санкция салды. Бірақ Ресей экономикасы жұмыс істеп тұр. Рубль қалпына келіп, Мәскеу қор биржасы жұмысын қайта бастады. Дэвид Меркель Ресейдің бұлайша тез қалпына келуінің бір себебі, «көршілердің, әсіресе бір көршінің көрсеткен қолдауымен» байланысты дейді.
АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия істері жөніндегі көмекшісінің орынбасары болған Дэвид Меркель соңғы он жылда Мәскеу бастаған Еуразия экономика одағына кіретін елдер – Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан мен Армения арасындағы қарым-қатынас күшейгеніне назар аударады. Бұл елдердің интеграциясын Кеден одағы, ортақ салық, тауарлар мен қызметтердің ортақ нарығы күшейте түсті.
Меркельдің жазуынша, Ресей халқы әсіресе Қазақстанмен қарым-қатынастан пайда көріп отыр. Сарапшы Ресей кәсіпкерлері үшін бизнесін Қазақстанға көшіру – құлдыраудан құтылып, халықаралық санкцияларды айналып өтудің жолы екенін жазады.
Сондай-ақ автордың ойынша, Қазақстан үкіметі Ресейдің тауар жеткізу тізбегіне санкция әсерін азайтып отыр. Наурыз айында Қазақстан үкіметі импорт тауарларына қазақ тілінде этикетка жапсыру талабын уақытша алып тастады. Ал Ресей үкіметі «параллель импортқа» рұқсат етті, бұл компаниялар елге тауарды құқық иесінің рұқсатынсыз кіргізе алады деген сөз. Меркель Ресей осылайша Қазақстан тәрізді балама жолдар арқылы тыйым салынған тауарларды алдырып, санкцияларды айналып өте алады деп есептейді.
Автор бұл ретте президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Тимур Сүлейменовтің Euractiv басылымына берген сұхбатын еске салады. Сүлейменов сұхбатта «ел Еуразия экономика одағының мүшесі, бірақ тәуелсіз мемлекет» екенін, «өзімізді [Ресеймен бір] себетке салғанын қаламайтынын», «Еуроодақпен арадағы ынымақтастықты арттырғысы келетінін» жеткізген.
Бірақ араға бірнеше күн салып Путин мен Тоқаев телефон арқылы сөйлескен. Меркель Кремль таратқан баспасөз хабарламасында «Қазақстан мен Ресей Еуразия экономика одағының ішіндегі интеграцияны күшейтетіні» жазылғанына назар аударады.
«Тоқаев тұсында Қазақстан Владимир Путинге санкцияларды айналып өту үшін қолдау көрсететін Ресейдің жақын одақтасы болып қала береді. Қазір Батыс державалары үшін Қазақстаннан Ресеймен қаншалықты жақын екенін ашып айтуды талап ету маңызды. Егер Қазақстан мұның басын ашып айтудан бас тартса, бұл елге де санкция салынуы керек» дейді Меркель.
ТҮРКИЯНЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ЖАҚЫНДАУЫ
Түркия Орталық Азиядағы ықпалын күшейтіп, Қытай, Ресей және Батыспен қарым-қатынасты қалайша теңестіруге болатынын қарастырып жатқан аймақ басшыларына балама ұсынып жатыр. Орталық Азияны зерттеуші, белгілі журналист Брюс Панниер Eurasianet басылымына шыққан мақалада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған үшін Орталық Азиядағы түркі мемлекеттері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түрікменстанмен байланысты күшейтудің оңтайлы мүмкіндігі туып тұрғанын жазады.
Украинаға басып кірген соң Ресейдің халықаралық беделі мен қаржы ахуалы күрт нашарлады. Батыс ұзақ жыл бойы аймақтан біртіндеп кетіп, алыстай берді. Бұл процесс әсіресе АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығарған соң күшейді. Көпшілік Қытай Орталық Азияда онсыз да үлкен ықпалға ие деп санайды.
Брюс Панниер соңғы жылдары Орталық Азия елдері Түркияның жұмсақ күшіне емес, тегеурінді күшіне қызығушылық танытып отырғанына назар аударады.
Түркияның ұшқышсыз басқарылатын «Байрактар» құралы Әзірбайжанға Таулы Қарабақ қақтығысында жеңіске жетуге көмектесті. Қазір осы құрал Украинада қолданылып жатыр. Осы және Сириядағы соғыс Түркия беделін көтерді. Орталық Азия басшылары да бұған назар аударды. Түрікменстан мен Қырғызстан Түркиядан «Байрактар» сатып алған елдердің қатарында.
Ресей Украинаға басып кіргеннен екі күн өткенде Қазақстанның қорғаныс министрлігі халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы Олжас Құсайынов Түркияның Қазақстандағы әскери атташесі Фатих Паламен кездесіп, әріптестік мәселелерін талқылады. Президент Тоқаев мамыр айында Түркияға сапармен барып, Ердоғанмен кездеспек.
Ердоған Өзбекстанға ресми сапармен барғанда сол елдің қорғаныс министрі Баходир Курбановпен кездесіп, әріптестік туралы құжаттарға қол қойды.
Сауда-саттық бойынша статистиканы жариялайтын Орталық Азия елдерінің Түркиямен тауар айналымы төменгі деңгейде. Бірақ Анкара бұл көрсеткішті жақсартпақ. Кейбір Орталық Азия елдері қазірдің өзінде Түркиядан әдетте Украина немесе Ресейден сатып алынатын тауарды жеткізуді сұрап отыр. Мәселен, Ресей дәрі-дәрмек экспортына тыйым салған соң, Қырғызстан дәріні Түркиядан алдыра бастады.
Дей тұрғанмен мақала авторы Түркияның сыртқы саясаты негізінен ықпалды президент Ердоғанның жеке тұлғасына байланысты екенін ескертеді. Ердоған Орталық Азиямен қарым-қатынасты дамытуға күш салды және аймақта сүйкімі бар тұлғаға айналды.
Ол Сирияда Владимир Путинге қарсы шықты. Пекиннің Шыңжаң аймағында мұсылман дінін ұстанатын этникалық азшылықтарды қудалау саясатына қарсы тұрып, 2009 жылы Қытайды «геноцид жасады» деп айыптады. Алайда Панниер соңғы кездері Ердоған Қытайға қарата айтатын сөздерін жұмсартты дейді.
«Орталық Азия басшылары Путинге қарсы шықпайды және Шыңжаң туралы айтудан қашады. Олар Ердоғанның батылдығына тамсанып, Ресей, Қытай, Батыспен қарым-қатынасты теңестіру үшін мықты Түркиямен жақын қарым-қатынас орнатудың тиімді тұстарын көруі керек» деп түйіндейді мақала авторы.
ПІКІРЛЕР