Accessibility links

Жаңаөзенде "Өзенпромгеофизика" компаниясының жүзге жуық жұмысшысы ереуілде тұр


Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында "Өзенпромгеофизика" акционерлік қоғамы мекемесінің жүзге жуық жұмысшысы ереуілде тұр. Олардың айтуынша, ереуіл 15 сәуірде басталған, жұмыс содан бері тоқтап тұр.

– Мен 8-разрядтағы инженермін. Алатын айлығым - 250 мың теңге. 120 мың теңге алатындарымыз да бар. Мұндай ақшамен өмір сүру қиын қазір. Былтыр дәл осылай шулаған соң, айлығымызды 30 пайызға көтерген еді. Оның өзін екі ай беріп, үшінші айдан кейін тоқтатты. Басшылыққа ескерттік, комиссия жұмыс істеп, келісімге келуге шақырды. Жұмыс беруші айлықтарыңды тек 20 пайызға ғана көтереміз деп отыр. Біз ол шартқа келіспейміз. Енді айлығымызды 100 пайызға көтеруді талап етіп отырмыз, – дейді ереуілдеп тұрған жұмысшылардың бірі Ерік Садыров.

Жұмысшылар "Өзенпромгеофизика" басшылығымен қатар жергілікті әкімдікті де ескерткенін айтады. Талаптарың орындалуына септігін тигізу үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу де жасаған.

– Жалақының 100 пайызға өсуін, әлеуметтік пакеттің беріліп, 13-жалақының екі есеге көтерілуін және жыл сайынғы индексацияның 10 пайыздан кем болмауын талап етеміз, – дейді жұмысшылар.

Аймақта мұнай қорын тауып, көзін ашу сияқты геофизикалық қызметтермен айналысатын мекеме бастығы бұл жағдайға байланысты Азаттыққа жауап бермеді.

Ресми дерек бойынша, 1994 жылы тіркелген "Өзенпромгеофизика" компаниясы геологиялық барлаумен айналысады. Қызметкерінің саны 201-250 адам аралығында болатын орта кәсіпорын саналады.

Былтыр Жаңаөзендегі кәсіпорындарда осыған ұқсас бірнеше ереуіл болған.

Биыл Қаңтар оқиғасына түрткі болған жаппай наразылық осы Жаңаөзеннен басталған еді. Жыл басында қалада сұйылтылған газ екі есе қымбаттауына келіспеген халық наразылығы бүкіл елге жайылды. Бірнеше қалада бейбіт басталған шерудің аяғы қақтығысқа ұласып, жүздеген адам қаза тапты. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы салдарынан 238 адам мерт болған (19-ы күш құрылымдары өкілдері), бірақ билік олардың аты-жөнін әлі күнге жарияламай отыр.

Қаңтардағы наразылық кезінде шеруге шыққандар жұмыссыздық, жалақының төмендігі, қымбатшылықты айтып, үкіметтен халықтың әл-ауқатын жақсартуды талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG