Депутат Қайрат Құдайберген бір айға қамауға алынды. Бұл туралы 24 сәуірде адвокат Мұрат Әміров хабарлады.
"Сот алдына дейінгі тергеу органы Қайрат Құдайбергеннің іс-әрекетін саралауға үш күн жұмсады, ақыры анықтаған жоқ. Енді оны саралап, қаулы шығару үшін бүгін тергеу соты Қайрат Құдайбергенді бір айға қамауға алу туралы санкция берді. Санкциялық құжатта Қайраттың жазасының дәлелі жоқ, тек тергеушінің қаулысы мен Қайраттан алынған жауап қана" делінген адвокат Әміровтың әлеуметтік желідегі парақшасындағы жазбасында.
Адвокаттың жазуынша, іс-әрекетті саралаудың яғни квалификациясының болмауы Құдайбергеннің кінәлі екенін дәлелдейтін жеткілікті айғақтың болмауын көрсетеді.
38 жастағы Алматы мәслихатының депутаты, блогер Қайрат Құдайберген 21 сәуірде ұсталып, уақытша қамау изоляторына отырғызылды. Оған "Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және қатысу" бабы (272-бап, 1,2-бөлігі) бойынша айып тағылған.
Ақпаратқа қарағанда, Қайрат Құдайберген Қаңтар оқиғасы кезінде "Дикий Арман" деп аталып кеткен Арман Жұмагелдиевтің жанында болған деп айтылады. Мұны әлеуметтік желіде тараған видеолар да растайды. Жұмагелдиевтің өзі оқиға кезінде "адамдарды күшпен ұстап, ұрып-соқты" деген күдікке ілінген. Ол қазір қамауда отыр.
Қайрат Құдайберген 2021 жылы Алматы қаласы мәслихатының депутаты болып сайланған.
ПІКІРЛЕР