Accessibility links

Алматыдағы митингіде ұсталған сегіз адам қамалып, тағы үшеуіне айыппұл салынды


Полицияның белсенділерді ұстау сәті. Алматы, 24 сәуір 2022 жыл. Скриншот.
Полицияның белсенділерді ұстау сәті. Алматы, 24 сәуір 2022 жыл. Скриншот.

Алматының әкімшілік соты жексенбі, 24 сәуір күні өткен "саяси тұтқындарды" қолдау митингісінің 11 қатысушын әкімшілік жазаға тартты. Олардың сегізі қамауға алынып, үш адамға айыппұл салынған. Бұл туралы Азаттыққа қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Азаматтық белсенділер Әйгерім Тілеужан, Алина Берменқұл, Бауыржан Әтінбаев, Бекен Бейсалиева, Қонай Әбдиев пен Досжан Қуанышты сот 20 тәулікке қамалған. Равкат Мұхтаров пен Майра Ғабдулина 15 тәулікке қамалған.

Қаңтар оқиғасына байланысты изоляторда қамауда отырған азаматтық белсенді Дархан Уәлиевтың әйелі Бұлбұл Бердіқожанова, Есенбай Ходжиев пен Баян Шырынбековаларға сот 91 890 теңге (шамамен 205 доллар) көлемінде айыппұл салды.

Бердіқожанова, Шырынбеков, Ходжиев, Мұхтаров және Ғабдулиналарды сот "рұқсат етілмеген митингке қатысқандары" үшін айыпты деп таныған. Ал қалғандары "бейбіт митинг туралы заңды бір жылда қайта бұзғаны үшін" жазаланып отыр.

Сот өкілінің сөзінше, сот шешім шығарарда айыпталушылардың балаларының болуы, жас ерекшеліктері мен өзге де жазаны жеңілдететін жайттарды ескерген.

Азаматтық белсенді Сәния Тұнғатованың Азатыққа айтуынша, айыпталған белсенділер соттың шешімімен келіспейтінін, қайта шағым түсіретіндерін айтты.

24 сәуірде күндіз ондаған белсенді Ғылым академиясының алдына жиналып, "саяси тұтқындарды", Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандарды босатуды талап еткен. Арасында белсенді Әйгерім Тілеужан да бар. Ол осыған дейін әкімдікке митинг жөнінде ескерту бергенін айтып, бірақ жазбаша жауап келмегенін хабарлаған. Сенбі күнгі митинг кезінде ол билік "саяси тұтқындарды босатпайынша" апта сайын наразылық өткізе беретінін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG