Соғыс басталғалы Украинадан бес миллионнан астам адам шетелге кеткен. Көбі Еуропаға қашқан. Босқындарды қабылдаған елдер украиндарға уақытша баспана беріп, тегін медициналық қызмет ұсынып, жаңа ортаға бейімделуге көмектесіп жатыр. Азаттық Германияны паналаған украиндар мен оларға көмек қолын созған қазақстандықтардың хикаясын жазып алды.
"ЖАБАЙЫЛЫҚ ПЕН ӨТІРІККЕ ЖАНЫМ АУЫРАДЫ"
Қарағанды облысында туған 48 жастағы Аймира Нақаева Берлинде тұрады. Ол биыл Германияның азаматтығын алған. Наурыздың басында Украинадан босқындардың алғашқы легі келе бастағанда Аймира оларға көмек қолын созуға ниет білдірген. 8 наурызда Берлинде Украинаға гуманитарлық көмек жинауға арналған акция өткен. Осы шарада Аймираға Украинадан келген бір отбасыны қабылдау туралы ұсыныс түскен.
– Басында бір отбасыны қабылдауым керек еді. Бірақ кейін Лена есімді украин қызы таныстарының отбасына баспанамен көмектесуді өтінді: олардың арасында жүкті әйел болды, – дейді Аймира.
Сол күні-ақ Аймира күйеуіне босқындардың отбасын – 24 жастағы Виктория мен қызы Даниэланы және 20 жастағы жүкті әйел Юлияны үйге әкелуді тапсырған. Тағы бір отбасы – жас ана Николь үш жасар қызы Кираны алып, өз көлігімен келген.
Аймираның пәтері екі бөліктен, төрт үлкен бөлмеден тұрады. Үй иесі пәтердің жеке жуынатын бөлмесі бар бөлігін украиндарға берген, асүй мен қонақ бөлмесін бәрі бірге пайдаланған.
– Виканың қызы мен төрт жасар ұлым бірге ойнайды. Отбасымызбен жақсы араласып, дос болып кеттік, – дейді Аймира.
Қазір Аймираның үйінде екі қыз ғана қалған. Николь жеке пәтерге көшіп кеткен.
Аймира қонақтарына тұрмыстық және бюрократиялық мәселелерін шешуге көмектеседі.
– Бірде Даниэланың тісі ауырды. Дәрігерлер қолымыздағы құжаттарға қарап, тіркеуге қоймай-ақ емдеп берді. Мұқтаж адамдарды қағазбастылықпен әурелемей емдеген дәрігерлерге алғысым шексіз. Соғысқа байланысты Украинадан келген азаматтарға медициналық көмек ұйымдастырылып жатыр, – дейді Аймира.
Аймираның күйеуі Виктория мен Юлияға жұмыс тауып берген. Олар наурызда соғыстан қашқан, қорғауды қажет ететін босқындар ретінде тіркеуге тұрған. Сәуірде Германияда тұрып, жұмыс істеуге мүмкіндік беретін виза алған.
Аймира босқындарға балабақша іздеуге көмектескен. Германияда балабақша табу жергілікті немістердің өзі үшін қиын шаруа. Қазір Аймира Украинадан келген балаларға арнап балабақша ашуды жоспарлап отыр.
– Әзірге жоспар ғана. Украинадан көбіне балалы әйелдер келеді. Тәрбиеші әйел мен жайлы орын тапса жеткілікті шығар. Бәрін ойластырып, мемлекеттік мекемелерге хабарласып, рұқсат алу керек. Жеңілдікпен жылдам рұқсат беретін шығар деп үміттенемін. Тәрбиеші соғысқа байланысты балабақшаларға Украинадан келген балаларды қабылдау туралы бұйрық түскенін айтты, – дейді Аймира.
Аймира украиналық босқындарды қабылдамас бұрын Қазақстандағы қаңтар оқиғасын ойлап, алаңдаумен болған.
– Қазақстан мен Ресей билігінің жабайылығы мен өтірігіне жаным ауырады. Қазақстан үшін алаңдаймын, украиндардың еркіндікке ұмтылысын құрметтеймін. Бөтен адамдарды қабылдау – үлкен жауапкершілік. Бірақ қолымыздан келгенше көмектесуге тырысып жатырмыз. Адамдарды құтқару үшін пәтеріме пана іздегендердің бәрін кіргізер едім, – дейді Аймира.
Аймираның күйеуі – неміс. Ол әйелінің босқындарды қабылдау туралы ұсынысын бірден қолдаған.
"27 АҚПАНДА ТОЙЫМЫЗ БОЛУЫ КЕРЕК ЕДІ"
Аймираның үйінде тұрып жатқан Виктория мен Юлия Хмельницкая облысындағы Каменец-Подольский қаласынан қашып келген. 24 ақпанда қыздардың Киевте әскери полицияда істейтін ағасы қарындастары мен анасына хабарласып, қажет заттарды жинап, жылдам кетуді бұйырған. Виктория мен Юлия бауырының айтқанын орындаған, бірақ Украинадан түрлі жолмен шыққан.
– Біз Польшаның Шигини шекарасы арқылы өтіп, екі жарым тәулік жолда жүрдік. Жол қиын болды, ұзын-сонар кезекте тұрдық. Шекараға көлікпен жеттік, әкемді жібермеді, оның Польшаға баратын ниеті де жоқ еді. Тек бізді балалармен шекарадан өткізіп, үйге қайтпақ болған. Балалармен шекараны жаяу кесіп өттік. Адам көп болды, ығы-жығы халық бірін-бірі итеріп, тыныс алу қиындады. Шекарадан өте алмайтынымызды түсіндік. Автобустарды тоқтатып, шекарадан өткізіп жіберуді өтіндік, бірақ ешкім алып кетпеді, – дейді Виктория.
Әйелдер мен балалар Львовқа оралып, эвакуациялық автобусқа отырған. Өйткені Украинадан кетудің басқа амалы болмаған.
– Балалар бір орында отыра алмай, мазасызданды. Ұйықтай алмадық. Польшаға әзер жеттік. Үйден 24 ақпан түсте шығып, шекарадан 26 ақпан кешке өттік. Бірнеше күн Краковта тұрып, демалдық. Төрт әйел мен төрт бала болып жүрдік. Балалар – 2-4 жас аралығында. 2 наурызда Берлинге жеттік. Бізді осында тұратын әпкеміз күтіп алды. Бірнеше күн әпкеміздің үйінде тұрдық. Бірақ оның бір бөлмелі пәтері төрт адамға тарлық етті. Әпкем бізді Аймирамен таныстырды. Ол бізге баспана, тамақ беріп, көп көмектесті, Аймираға алғысымыз шексіз, – дейді Виктория.
Виктория Польша шекарасынан өткенде ғана өзін қауіпсіз сезінгенін, бірақ туыстарының көбі Украинада қалғандықтан, жүрегі жай таппай, алаңдап жүргенін айтады.
– Әкем, күйеуім мен туыстарым үйде қалды. Ары қарай не болатынын, қалай болатынын білмейміз. Соғыс тезірек аяқталып, жақындарымызбен қауышамыз деп үміттенеміз, – дейді Виктория.
Викторияның әпкесі Юлия соғыс басталған күні Каменец-Подольский қаласынан шығып кеткен. Ол соғысқа дейін мектеп асханасында аспаз болып істеген, тойға дайындалып жүрген.
– 27 ақпанда тойымыз болуы керек еді. Тойға дайындалып жүрдім. 24 ақпанда таңғы алтыда соғыс басталды деген хабар алдық. Бұл төбеден жай түскендей түсініксіз сезім болды. Сол күні кешкісін жалғыз өзім қаладан кетіп қалдым. Каменец-Подольский қаласында әскери қимылдар болмағандықтан, бізде эвакуация жүрген жоқ. Құдайға шүкір, жарылыс болмады, тек сиреналардың дауысы естіліп тұрды. Румынияға өтпек болдым, бірақ шетелге шығатын төлқұжатым болмағандықтан, мені өткізбеді. Қолымда тек Украинаның төлқұжаты ғана болды. Бірінші күні шекара түнгі 12-ге дейін ғана істеді, ал мен кезекте тұрып, күндіз 12-де бір-ақ өттім. 12 сағат "кордонда" тұрдым. Кейін Словакияның шекарасына бардық. Сол жақтан Прага мен Вена арқылы Берлинге жеттім, – дейді Юлия.
Юлия соғыс басталған күні бірден жолға шыққан, сондықтан ұзын-сонар кезекте тұрмаған. Ал әпкесі мен анасы әр жердегі блокбекетте тексерістен өтіп, әзер жеткен.
Берлинде Юлияны әпкесі Елена күтіп алған, кейін Виктория мен қызы келген.
– Бізге орналасып, құжат рәсімдеуге көмектесті. Қазір бізге "әскери босқын" мәртебесі берілді. Мұнда бәрі жақсы, бізді жылы қабылдады. Бұрын қазақ таныстарым жоқ еді. Қазір әпкеммен бірге тұрамыз. Серуенге шығып, Виканың баласымен ойнаймыз. Тілдесу қиын емес, аудармашы қызметі бар. Автобуста, метрода украиндарды көреміз. Еш қиындық болмады. Бірақ жүрегім орнында емес. Жақындарым соғыстың ортасында жүргенде, өзімді қалай қауіпсіз сезінемін? Ағам Киевте, – дейді Юлия.
РЕСЕЙДІ ҚОЛДАУҒА АРНАЛҒАН АВТОШЕРУ
Наурыздың соңында Берлинде Ресейдің Украинаға шабуылын қолдау мақсатында автошеру өте бастаған. Қала көшелерінен Ресей туын іліп, "Z" таңбасын салған автокөліктер қатты сигнал басып, жүріп өткен. Аймира бургомистр мен ішкі істер министрінің атына хат жазып, мұндай акцияларға тыйым салуды сұраған. Германияның ақпарат құралдары елде Ресейдің Украинаға шабуылын қолдау фактісіне байланысты 140 іс тергеліп жатқанын жазған. Бұл істердің көбі "Z" әрпін қолдануға байланысты.
Юлия ресейліктердің автошеруін көргенде таңғалғанын жасырмайды.
– Мұндай акцияға жол бергендеріне таңғалдық. Қатты қорықтық. Германия Ресейдің шабуылынан қашқан босқындарды қабылдап жатыр, ал мұнда осындай шараға рұқсат берген. Қуанышқа орай, автошеру ұйымдастырушылары не қатысушыларымен кездескен жоқпыз, бәрібір қорқамыз, – дейді Юлия.
Ол туған жеріне оралу үшін соғыстың аяқталғанын асыға күтіп жүр.
– Үйімізге ораламыз. Өміріміз қалай өзгереді? Бұрын жақын жерде жарылыс дауысы естілсе, әскери жаттығу өтіп жатыр екен ғой деп, мән бермейтінбіз. Енді соғыс аяқталғаннан кейін жай жаттығу өтсе де, жарылыс дауысын естісек, қорқатын шығармыз, – дейді Юлия.
"БӘРІ ЖАМАН, ТЕК РЕСЕЙЛІКТЕР ҒАНА ЖАҚСЫ"
29 жастағы Қазақстан азаматы Виктория Бурлак үш жыл бұрын Берлинге көшкен. Ол телеарнада оператордың көмекшісі болып істейді. Өзі Шымкент қаласында туған. Әкесі, әпкелері мен бауырлары Қазақстанда тұрады.
Берлиннің орталық вокзалына Польшадан украиналық босқындар мінген алғашқы поездар келгенде Telegram-да орыстілді еріктілерді іздейтін чат ашылған. Виктория бірден еріктілер қатарына қосылған.
– Бірінші күні вокзалда бейберекетсіздік болды. Не істеу керегін, қалай көмектесетінімізді ешкім білген жоқ. Бірақ бәрі көмектескісі келді. Бұл үлкен шабыт сыйлады. Біздің әрекетіміз үй салу процесіне ұқсады: ниетіміз күшті, бірақ тәжірибеміз жоқ. Осындай сезімде болдым, – дейді Виктория.
Виктория соғысқа дейін Украинаға көзқарасы бейтарап, тіпті негативті болғанын айтады.
– Қазақстанда тұрғанда ұзақ жылдар бойы "Бәрі жаман, ресейліктер ғана жақсы" деген ақпарат тарататын ОРТ (Бірінші арна) және өзге де ресейлік арналарды қарап, біртіндеп соларға сеніп қалдым. Айналамдағы адамдардың да көзқарасы осындай болатын. Украиндар маған жаман ешнәрсе істеген жоқ. Енді Украинада болып жатқан оқиғаларды естіп, бәріне объективті қарап, әртүрлі ақпарат құралдарын оқи бастадым. Қазір Қазақстанда көрген пропагандама сенбеймін, – дейді Виктория.
Виктория шекараға жаяу жеткен екі украин отбасын үйіне кіргізіп, уақытша баспана берген.
– Бізге келген украиндар бірнеше тәулік бойы суықта тұрып, соңғы тиынына билет сатып алып, Берлинге жеткен. Олардың қатты қорқып қалғаны, болып жатқан оқиғаларға сене алмай жүргені бірден байқалды, – дейді Виктория.
Виктория екі отбасын – 23 жастағы Кристина мен күйеуін және оларға еріп келген екі студент қызды қабылдаған.
– Құжат рәсімдеуге, баспана табуға, босқын мәртебесін алуға, аударма жасауға, қалада жүріп-тұруға және жұмысқа орналасуға көмектесіп жатырмыз. Олар қалаға үйреніп қалды. Ағылшын тілін біледі. Босқын мәртебесін алды, енді баспанаға ілігеді. Қазір Германияда Украинадан келген босқындарға арналған неміс тілін қажет етпейтін жұмыс орындары құрылды. Жақында тіркеу қағазын алдық. Германияның бюрократиясы жаман. Бір-екі қадаммен бітетін жұмысты тындыру үшін мың қадам жасайсың. Қазір Украинадан келген босқындар жатақханадан орын алуға кезекке тұрды. Айдың соңына қарай бөлме беретін болды, – дейді Виктория.
Викторияның айтуынша, Германия Украина азаматтарын шетелдіктердің елде қалуын реттейтін заңның 24-параграфына байланысты қабылдап жатыр. Заң бойынша украиндар үш жылға тұрғылықты мекенжай анықтамасын алып, жұмысқа тұра алады. Уақыты келгенде анықтама мерзімін тағы да ұзартуға болады.
– Яғни, елде қалуға мүмкіндік беріп жатыр. Сириядан келгендерге арналған 50-параграф бар. Бірақ оларға жұмыс істеуге рұқсат бермейді, елде қалдырмайды, босқындар уақыты келгенде Сирияға қайтуы керек, – дейді Виктория.
Виктория Украинаға гуманитарлық көмек жинайтын топқа қосылған. Берлинде қазақстандықтар көп тұрады. Олар жұмылып, Киевке 100 тонна гуманитарлық көмек жіберген.
Эвакуацияланған адамдардың арасында Алиса атты мысық та бар. Виктория мысықты өзіне алып қалған. Қазір жануар Берлиннен отыз минуттық жердегі Потсдам қаласында Викторияның енесінен қалған екі бөлмелі пәтерде тұрып жатыр.
"КЕЙДЕ ТҮСІМДЕ ЖАРЫЛЫС КӨРЕМІН"
23 жастағы Кристина Любка Германияға күйеуі Закариямен бірге келген. Олар Киевте Академгородок ауданында тұрған. Бұл аудан бомбалауға ұшыраған Ирпень және Гостомель қалаларына жақын орналасқан. Кристина Украинада соғыс басталуы мүмкін деген сыбыс 24 ақпанға дейін тарағанын, бірақ бұған ешкім сенгісі келмегенін айтады.
– 24 ақпанда таңертең құрбым Борисполь әуежайы мен әскери база жарылғанын хабарлады. Күйеуіме хабарласып, соғыс басталғанын айттым. Ол түнде жұмыста болып еді. Күйеуім "әскери жаттығулар ғой" деді. Бірақ бір сағаттан кейін шынымен соғыс басталғанын түсіндік, – дейді Кристина.
Соғыс басталған күннің ертеңіне Кристина күйеуімен және екі студентімен бірге Киевтен кетуге бел буған.
– Орталық вокзалға жетуге тырыстық. Метроға түссек, поездар тоқтап қалған екен. Такси шақыра алмадық. Метрода адам көп болды. Бір кезде жарық сөніп қалды. Метроның іші дірілдей бастады. Метродан шықтық. Өйткені метроның есігі жабылса, жер астында қалып қояр едік. Көшеге шықсақ, әр жерден сиренаның дауысы естіліп тұр екен. Житомирская трассасын бетке алдық. Жолдың шетімен жаяу жүрдік, өйткені сұмдық кептеліс болды. Анам өгей әкеммен бірге Батыс Украинада қалды. Көліктер тек Львовқа дейін ғана жүретіндіктен, ата-анама жете алмадық, – дейді Кристина.
Кристина танысының көмегімен Ровно қаласына жеткен. Ертеңіне оларды Польша шекарасындағы Устилугаға алып кеткен.
– Шекараға дейін 15 шақырым жаяу жүрдік. Шекарада тамұқ басталды. Адам көп болды. Өте баяу өткізді. Шекарадан ертеңіне таңғы алтыдан кейін бір-ақ өттік. Аязды күні он үш сағат бойы шекарада тұрдық. Бірақ шыдадық. Польша бізді өте жақсы қабылдады. Шекарашылар мен алғашқы көмек көрсеткен еріктілерге алғысым шексіз. Бізді Варшаваға жеткізді. Сол жақта қонып, Берлинге билет алдық, – дейді Кристина.
Берлин вокзалында Кристина мен күйеуін және екі студент қызды Виктория Бурлак күтіп алған.
– Виктория мен күйеуіне Потсдамдағы пәтерлерінен орын бергені үшін алғыс білдіреміз. Жақында бәрі реттеліп, қалыпты өмірімізге оралып, жұмысқа тұрамыз деп үміттенемін. Берлинде өзімді қауіпсіз сезінемін. Бірақ кейде оқыс дыбыс пен шуға елең етіп, Киевте отырғандай күйге түсемін. Басында түсіме жарылыс кіретін. Буча мен Ирпеньдегі қырғыннан аман қалған адамдардың күйін елестетудің өзі қорқынышты. Оларға психолог керек. Соғысқа дейін жарылыс дауысын естіп, алыстан көтерілген шаңды көретінмін. Әскери батальондар жүретін, кейде ағаштардың арасында танкілер мен әскерилер тұратын. Қорықсам да, "олар – орыстар емес, өзіміздің адамдар, бізді қорғап жүр" деп ойлайтынмын.
Кристина соғысқа дейін дизайнерлік студияда менеджер болып істеген. Аспирантураға оқуға түсіп, Еуропаға грант ұтып алуға дайындалып жүрген. Қазір ол "Германияда оқуға мүмкіндік болса, білім алар едім" дейді.
– "Алдымнан ештеңе жарылмаса, бәрі жақсы. Бір жағдай болып, жаралансам, "тірі қалғаныма шүкір" деймін. Ал өліп қалсам, бәрібір қорқыныш пен ауырсынуды сезбеймін ғой" деген ой күш берді", – дейді Кристина.
ПІКІРЛЕР