Қазақстан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Ресейлік Ural Motorcycles компаниясының Қазақстанға келуіне еш кедергі жоғын айтады. 26 сәуірде журналистер сұрағына жауап берген Өскенбаев ведомство "шектеулерге ілінбеген" кез келген шетелдік компанияны, оның ішінде Ural Motorcycles-ті қабылдауға даяр екенін айтты.
Бірер күн бұрын мотоцикл шығаратын компания өз кәсіпорнын Ресейден Қазақстанға көшіретіндігі жайлы ақпарат тараған.
- "Урал" зауыты санкцияға ілінбеген. Ресейдің кейбір компаниясы санкцияға ілінген жоқ қой. Егер [ресейлік компания] әлде бір себеппен локациясын өзгертіп, кәсіпорнын Қазақстан аумағында ашпақ болса, біз неге қарсы болуымыз керек? Біз үкіметіміз белгілеген принциптерді ұстанамыз, елге кіргізуге болмайтын компанияларды кіргізбейміз. Ал шектеулерге ілінбеген компанияларды қабылдауға даярмыз, - деді Қайырбек Өскенбаев.
Журналистердің "Ural Motorcycles компаниясына санкция салынбайтынына сенім бар ма?" деген сұрағына министр "әрі қарай не боларын ешкім білмейді" деп жауап берді.
- Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров өте тамаша айтты, ресейліктер - еркін халық, қай жерде жүрем десе, қай жерден зауыт ашам десе, ешқандай шектеулер болмаса, олар өздері біледі. Қазақстанда ашам десе де, Ресейде ашам десе де ешқандай шектеулер жоқ, - деді министр.
Өскенбаев Лавров бұл сөзді қашан және кімге айтқанын нақтыламады. Азаттық ашық дереккөздерден ресейлік министрдің бұл сөзін таба алмады. Алайда наурыздың аяғында Лавров "әрбір ресейліктің таңдау құқығы бар, Ресейде қалып, өмір сүре ме әлде Ресей мен Батыстың қарым-қатынасына байланысты елден кетеді ме өзі біледі" дегені бар.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтің сөзінше, Ural Motorcycles зауыты кәсіпорынды жалға алу үшін "Қазтехмаш" зауытымен келісімге отырған. Оның сөзінше, Ural Motorcycles — өз кәсіпорнын Қазақстанда ашқысы келетін көп компанияның бірі ғана. Ондай компаниялар "Ресейде өте көп" дейді министр.
Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, қазір Ural Motorcycles зауыты Ирбитте орналасқан. Қазақстанға көшу туралы шешім санкцияға байланысты қабылданған. Санкция кесірінен өндіріске қажетті қосалқы заттар жеткізе алмай, оның үстіне техниканы шетелге сата алмайды. Ал мотоциклдардың негізгі бөлігі шетелге, оның ішінде АҚШ-қа сатылады. Зауыттың жаңа өндіріс алаңы Ирбиттан 600 шақырым жердегі, Қазақстанның солтүстігіндегі Петропавл қаласында болады деп жоспарланған.
ПІКІРЛЕР