Accessibility links

БҰҰ бас хатшысы Украинадан гуманитарлық дәліз ашу бойынша арнайы топ құрылатынын мәлімдеді


БҰҰ бас хатшысы Антонио
БҰҰ бас хатшысы Антонио

БҰҰ бас хатшысы Антонио Гуттериш бүгін, 26 сәуірде Мәскеуде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуден соң Украинада гуманитарлық дәліз ашу бойынша келіссөз жүргізетін байланыс тобы құрылатынын мәлімдеді. Гуттериштің сөзінше, бұл топқа БҰҰ, Украина және Ресей өкілдері кіреді, ал топтың жұмысын БҰҰ өкілдері үйлестіреді.

"Гуманитарлық дәліздер қауіпсіз болуы тиіс. Бейбіт тұрғындарды қауіпті аймақтан құтқару үшін барлық тарап гуманитарлық дәліз шартын сақтауы керек. Қақтығыс аймақтарында ашылатын гуманитарлық дәліздер шынымен қауіпсіз болуы үшін гуманитарлық сұрақтар бойынша байланыс тобын құруды ұсындым" деді ол.

БҰҰ бас хатшысы екі тарапты тағы да бейбіт келіссөздерге шақырды.

"Менің басты мақсатым – адамдардың өмірін және оларды қиындықтан құтқару. Ресей СІМ басшысы Лавров мырзамен ашық келіссөз жүргіздік. Ресейдің Украинаға басып кіруі БҰҰ қарарын бұзады. Бұл соғыс жылдам аяқталғаны Украина халқына да, Ресей халқына да және бүкіл әлемге де жақсы. Атысты тоқтатып, жағдайды бейбіт жолмен шешуге шақырамыз, бірақ бұл қазірге мүмкін болмай тұр. Қазір Донбасста соғыс жалғасып жатыр, әскерилер мен бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар бар. Гуманитарлық құқықтар бұзылды деген, әскери қылмыс жасалуы мүмкін деген хабарларға алаңдаймын" деді ол.

Гуттериш брифингте "Бір анығы, Ресей аумағында қазір Украина әскері жоқ, бірақ Украина аумағында Ресей әскері жүр" деді. Ал Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Гуттериштің бұл сөзін "шын" деп мойындады.

БҰҰ бас хатшысы журналистердің "Ресей Украинада соғыс қылмысын жасап жатыр" деген күдікке қатысты сұрағына "мұны тәуелсіз тергеушілер тексеруі тиіс" деп жауап берді.

Гутерриш бүгін, 26 сәуірде Ресей президенті Владимир Путин және осы елдің сырты істер министрі Лавровпен кездесу үшін Мәскеуге келген еді. Осы кездесуден соң БҰҰ бас хатшысы Украинаға барады деп жоспарланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG