Accessibility links

"Саяси тұтқын" Қайрат Қылышев қамаудан шықты


Сотта ағылшынша "Құрметті Еуроодақ, АҚШ, Канада, сіздерден [шара қабылдауды] сұраймыз" деп жазылған қағаз ұстап тұрған белсенді Қайрат Қылышев. Алматы, 28 қыркүйек 2021 жыл.
Сотта ағылшынша "Құрметті Еуроодақ, АҚШ, Канада, сіздерден [шара қабылдауды] сұраймыз" деп жазылған қағаз ұстап тұрған белсенді Қайрат Қылышев. Алматы, 28 қыркүйек 2021 жыл.

"Саяси тұтқын" Қайрат Қылышев қамаудан шықты. Бұл жөнінде 27 сәуірде таңертең Азаттық тілшісіне белсендінің әйелі Жанар Сарықұлова хабарлады.

Белсенді сәрсенбі күні таңертеңгі сағат 9.30-да шығады деп хабарланған еді, алайда әйелінің айтуынша, оны 8 болмай түрмеден шығарған.

11 сәуірде Қапшағай қалалық соты экстремизм бабымен бес жылға сотталған Қайрат Қылышевтің мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырған еді.

2020 жылы күзде қамалған 39 жастағы Қайрат Қылышев 2021 жылы 11 қазанда "тыйым салынған ұйым жұмысын ұйымдастырды және араласты" деген айыппен (405-бап, 1,2 бөлімдері) сотталған.

Қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты түрлі акцияларға қатысып жүрген белсендіні тыйым салынған, тіркелмеген "Көше" партиясын құруға араласты деген айыптаған еді. Қазақстан билігі бұл ұйымды оппозициялық саясаткер, экс-банкир Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен байланыстырады. Екеуін де Қазақстан билігі экстремистік ұйым деп таныған. Бірақ Еуропарламент екі қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атаған.

Ресми тіркелмеген екі қозғалысты экстремистік деп таныған сот шешімі ресми түрде жарияланбаған.

Жергілікті құқық қорғаушылардың мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда ҚДТ мен "Көше" партиясына қатысы бар деген күдікке ілінген немесе айыпталған 300-ден аса белсенді бар.

Қайрат Қылышевпен бірге былтыр тағы 12 белсенді айыпталып, түрлі мерзімге жазаланған. Барлығына 405-бап бойынша айып тағылған. Олар өздеріне тағылған айыпты мойындамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG