27 сәуірде Алматы қалалық әкімшілік соты "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталған тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының белсендісі Мейірхан Жолаевты 15 тәулікке қамады. Бұл жөнінде адвокаты Қанат Байысбаев Азаттық тілшісіне хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, 27 сәуірде таңғы сағат 7 жарым шамасында үйінен жұмысқа кетіп бара жатқан жерінен полиция әкеткен белсендінің соты түске таман онлайн болған. Белсендіге тағылған айып наурыз соңында қалалық сот алдында болған "рұқсат етілмеген шарамен" байланысты.
"Ол 29 наурызда Алматы қалалық сотының алдында заңсыз шеруге шықты деп айыпталды. Мейірхан Жолаев тағылған айыпты мойындаған жоқ. Шешімді міндетті түрде апелляцияға береміз" деді адвокат Қанат Байысбаев.
"Демпартия" белсендісі Инга Иманбай 7 мамыр күнгі митинг қарсаңында партия белсенділеріне қысым үдегеніне шағымданды. Ол бұл туралы сәрсенбі күні өткен баспасөз жиыны кезінде де айтты. Оның сөзіне қарағанда, "партия мүшелерін аңду жиілеген, ал 26 сәуірден бері партияның бірнеше белсендісін полиция ұстауға" тырысқан. Инга Иманбай құқық қорғау органдарының Қаңтар оқиғасы бойынша өзін де жауапқа тартқысы келетінінін, үш күннен бері өзін шақырып жатқанын айтты.
"Мені Алматы прокуратурасы шақырып жатыр. "Егер бармасаң, күшпен жеткіземіз" деді. Адвокат себебін сұраған кезде 4 қаңтар күнгі тікелей эфирде айтқан және түсірілген видеолардағы менің дауысыма сараптама жасаған екен. Енді сол істі тергейді. Жанболатты қамады, енді Қаңтар оқиғасы үшін мені қамамақшы ма?" деді ол.
Сәрсенбі күні осы жиынға "Демпартия" лидері Жанболат Мамайдың әкесін әкетіп бара жатқан кезде жүргізуші Нұрбол Қанатбековтің "жол апатына ұшырағаны" да белгілі болды. Қанатбековтің түсіндіруінше, ол Өтеген батыр мен Жұбанов көшелері маңында байқаусызда біреудің көлігін сырып, барып тоқтаған. Оның терезесін "белгісіз бір ер адам қағып, ашқан кезде мойнынан жармасып, тұншықтыруға тырысқан". Оқиға болған маңға партия жақтастары мен полиция келді. Хаттама толтырылған.
Ақпаратқа қарағанда, полиция жүргізушіге "шабуыл жасаған адамды ұстағанмен аты-жөнін әзірге анықтамаған".
Алматы қалалық полициясы оқиғаға түсініктеме бермеді.
Тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының жетекшісі Жанболат Мамай өзіне қозғалған екі қылмыстық іс бойынша ( “билік өкілін қорлау” және “жалған ақпарат тарату”) қазір қамауда отыр. Оның жақтастары тағылған айыптың саяси астары барын айтады. Бұған дейін жақтастары наразылық өткізіп, белсендіні босатуға шақырған.
Осыған дейін Human Rights Watch, Amnesty International халықаралық ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға үндеген.
Инга Иманбайдың айтуынша, партия өкілдері 7 мамыр күнгі митингіде Қаңтар оқиғасын жан-жақты зерттеуді, ұсталғандарды босатуды және "Демпартия" жетекшісі, күйеуі Жанболат Мамайды да босатуды талап етпек. Әкімдікке ескерту жіберілген.
ПІКІРЛЕР