Accessibility links

Қаңтар оқиғасы: Сот "жаппай тәртіпсіздік" бойынша айыпталған үш адамға шартты жаза берді


Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" бойынша айыпталған үш күдіктінің соты. Күдіктілер өздерін камераға түсіруге қарсы болды. Шымкент, 28 сәуір 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" бойынша айыпталған үш күдіктінің соты. Күдіктілер өздерін камераға түсіруге қарсы болды. Шымкент, 28 сәуір 2022 жыл.

28 сәуірде Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты Қаңтар оқиғасына байланысты "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша күдікке ілінген үш адамға үкім оқыды. Сот ағайынды Жеткерген Жақсылық пен Жеңіс Жақсылық және Бақдәулет Мырзаевтың әрқайсысына үш жыл шартты жаза берді. Қаңтар айынан бері тергеу изоляторында отырған үш сотталушы сот залынан босатылды. Олармен туыстары жылап қауышты.

Сот отырысы кезінде үш айыпталушы “жаппай тәртіпсіздікке қатысқанын мойындап, шын өкінетінін” жеткізді. Олар 4 қаңтар күні митинг болады деген "Шымкент Плаза" ойын-сауық орталығының алдына келгенін, "әнұран айтқанын, наразылар қала әкімдігіне барамыз деген соң көлікпен ілесіп жүргенін, арасында көлік нөмірін алып тастағанын да" айтты. Олар "наразылар үшін жолды жауып жағдай жасағанын, видеоға түсіргенін және қала әкімдігі алдында қолына тас ұстаған адамдардың полиция көлігі мен әкімдік ғимаратын қиратып жатқанын көргенін" айтты.

Сот тергеуі болған жоқ, себебі күдіктілер соттан істі қысқартылған тәртіпте қарауды сұраған.

Прокурор бейсенбі күні түске дейін күдіктілердің "кінәларын мойындайтынын және шын өкінетінін", бұрын сотты болмағанын ескеріп, соттан үш жылға шартты жаза тағайындауды сұраған. Сот прокурор сұраған жазаны берді.

Бұл Шымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша шыққан алғашқы үкім. Осыған дейін Қаңтар оқиғасына байланысты "Ұрлау", "Бұзақылық", "Тонау" және өзге баптар бойынша сот үкімдері шыққан. Өткен аптада "Жаппай тәртіпсіздік" бойынша айыпталған азаматтық белсенділер Ерғали Құлбаев пен Молдабай Сәдібековке істері сотқа жеткені хабарланған еді.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, Шымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандар арасында кемінде жеті белсенді бар. Олардың екеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен қамаудан босатылған. Бесеуі тергеу изоляторында жатыр. Олардың бірі – әйел. Белсенділердің жақтастары бұл істердің "саяси астары" болуы мүмкін дейді.

Шымкентте Қаңтар көтерілісіне байланысты 86 адамға қалмыстық іс қозғалып, екі айға қамау туралы сот санкциясы шыққан. Қазір олардың басым бөлігінің бұлтартпас шарасы жеңілдетіліп, қамаудан босатылған. Кейіннен қамауда жатқандардың қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылған.

Шымкентте ресми дерек бойынша қаңтар оқиғасы кезінде 20 адам қайтыс болды, жүзден аса адам жараланды.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан кейін қозғалған істер бойынша 243 адам сотталған. Көбіне шектеу жазасы берілген.

Прокуратура мәліметінше, Қаңтар оқиғасынан кейін азаптау және тергеудің заңсыз әдістері бойынша бірнеше жүз шағым түскен. 200-ден астам қылмыстық іс қозғалған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің сегіз қызметкері мен бір полицей ұсталған. Қаңтар оқиғасы кезінде ресми мәлімет бойынша, кемінде 238 адам қаза болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG