1 мамырдан 2 мамырға қараған түні Украинаның қақтығыс қатты жүріп жатқан шығыс жағында не болды? Әр облыстың басшылығы таратқан хабарламаларға шолу:
- Луганск облысы әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдайдың хабарлауынша, Ресей әскерилерінің шабуылынан үш адам қаза болды, үш адам жараланды; Лисичанск қаласында гимназия өртенді.
- Донецк облысы басшылығының мәліметінше, Донетчиндегі жағдай қиын. Кешеден бері атқылаудан төрт адам зардап шекті.
- Херсон облысы басшылығының хабарлауынша, бұл облыста да жағдай ауыр. Шабуыл, жарылыс, атқылау жалғасып жатыр. Оккупацияланған ауылдарда жағдай қиын.
- Харьков басшылығы: Бейбіт тұрғындар тұратын аудандарға шабуыл жасалды. Бірнеше жерде өрт шықты, құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Қазірге дейінгі дерек бойынша зардап шеккендер жоқ. Изюмде қақтығыс жалғасып жатыр.
- Днепропетровск облысы басшылығы: Днепропетровщинада түнде дабыл қағылды. Синельников ауданына снарядтан шабуыл жасалды.
Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
Мариуполь мэрінің кеңесшісі Петр Андрющенконың сөзінше, 2 мамырда да қаладан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау жалғасуы тиіс. Ол БҰҰ мен Қызыл крест қолдауымен Мариупольден эвакуация келісілген.
1 мамырда Украина президенті Владимир Зеленский Мариупольдегі "Азовсталь" зауытынан жүздей адам шығарылғанын айтты. Ал Ресей қорғаныс министрлігі "Азовстальдан" 80 адам шықты дейді.
Британия қорғаныс министрлігі: Ресейге әскери шығынын қалпына келтіру үшін жылдар керек
Ұлыбритания қорғаныс министрлігі 2 мамырда таратқан соғыс жайлы есебінде соғыс басталғалы Ресей әскерінің біраз бөлігі қатардан шығып қалды деді.
Қақтығыс басталғанда Ресей тактикалық 120 батальонын шығарған. Бұл Ресейдің құрлық әскерінің 65 пайызын құрайды. Қазір бұл күштердің төрттен бірі қатардан шығып қалуы мүмкін. Бәрінен бұрын Ресейдің элиталы әскері - әуе-десант күштері көп зардап шекті. Ресейге бұл әскери шығынды қалпына келтіру үшін жылдар керек" деп деді қорғаныс министрлігі.
Өткен аптада Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес Ресей басшысы Владимир Путиннің 9 мамыр Жеңіс күні мобилизация жариялауы мүмкін екенін айтқан.
Құпия дереккөзге сүйенген британдық Daily Mail басылымы ресейлік генералдардың Украинадағы соғыс нәтижесіне көңілі толмайтынын және шабуылды жалғастыру үшін қосымша күш қажет екенін жазды.
Алайда мобилизация жариялануы үшін Ресей соғыс жүріп жатқанын мойындауы керек. Осы күнге дейін Кремль Украинаға басқыншылығын "арнайы әскери операция" деп атап келген. Бұған қоса, Ұлыбритания қорғаныс министрлігі соғыста Ресей 15 мың адамынан айырылды деп санайды. Ал Ресей қорғаныс министрлігі наурыздың соңынан бері әскери шығыны жайлы мәлімет таратпай отыр. 25 наурызда Ресей 1351 әскериі қаза болғанын жариялаған.
ПІКІРЛЕР