Accessibility links

Жаңаөзендік "Кезби" компаниясының мұнайшылары талаптарын айтып, Нұр-Сұлтанға келді


Нұр-Сұлтанға жалақы мәселесін көтеріп келген “Кезби” мекемесінің жұмысшылары. Нұр-Сұлтанда. 4 мамыр 2022 жыл.
Нұр-Сұлтанға жалақы мәселесін көтеріп келген “Кезби” мекемесінің жұмысшылары. Нұр-Сұлтанда. 4 мамыр 2022 жыл.

Жаңаөзеннен Нұр-Сұлтанға келген “Өзенмұнайгаздың” мердігер компаниясы “Кезби” мекемесінің бір топ мұнайшысы биліктен өздеріне тең жалақы беруді сұрайды. Олар осы талапты айтып 4 мамырда Энергетика министрлігіне, Бас прокуратура мен “Қазмұнайгаз” ұлттық компаниясына барды.

“Кезби” мұнайшыларының бірі Нұрсұлтан Нұрымовтың Азаттыққа айтуынша, татуласу комиссиясы, арбитраждық келісімдер өткеніне қарамастан талаптары орындаусыз қалған.

Ол керісінше, 3 мамырда “Кезбидің” ереуілге қатысқан 21 мұнайшысын жұмыс беруші сотқа беріп, сот ереуілді заңсыз деп таныған соң оларды жұмыстан шығарғанын айтады.

– Осы мекемеде 16 жыл бойы жұмыс жасап келемін. Өндірістік аймақтағы зиянды, улы заттарды қолымызбен ұстаймыз, бірақ жалақымыз басқа компаниядан анағұрлым төмен. Сондықтан не жалақымызды теңестірсін, не бізді дайын маман ретінде “Өзенмұнайгазға” алсын деген талап айтып отырмыз, - дейді “Кезби” мұнайшысының бірі Жолмұрат Ұлықпанов.

Жұмысшылардың айтуынша, сәрсенбі күні Энергетика министрлігінің өкілдері олардың талаптарын тыңдап, біраз уақыт беруді ұсынған. Наразылар талаптары орындалмаса, Жаңаөзенде ереуілдеген өзге мекеме жұмысшылары Нұр-Сұлтанға келуі мүмкін дейді.

Азаттық тілшісі “Кезби” мұнайшылары жолыққан Энергетика министрлігіне хабарласқан еді. Министрліктің баспасөз қызметінің айтуынша, жұмысшылар 4 мамырда энергетика вице-министрі Әсет Мағауовпен кездескен. Бірақ баспасөз қызметінің өкілі кездесудің жай-жапсары туралы айтпады. "Ресми хат жолдаңыз" деді.

Ал "Кезби" ЖШС директоры міндетін атқарушы Ержан Кезбаев ереуілдеген жұмысшыларды сотқа бергенін растады. Ол бәрін емес, әзірге 21 адамды сотқа беріп, сот ереуілді заңсыз деп танығанын айтты.

- Он адамға жұмыстан шығатыны туралы ескерту берілді. Олар заңды бұзып тұр. Сот ереуілдің заңсыздығы туралы шешім шығарды. Бұлар жұмысқа шығу орнына қалғандарын үгіттеп жүр, - деді Ержан Кезбаев.

Жаңаөзенде еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны көтеруді талап еткен “Кезби” мекемесі жұмысшыларының ереуілі 18 cәуірден бері жалғасып жатыр. Бұған дейін “Кезби” мекемесінің басшылығы Азаттыққа мұнайшылар талабын орындау мүмкін еместігін айтқан.

“Кезби” - Маңғыстаудағы ең ірі мұнай-газ өндіруші мекеме “Өзенмұнайгаздың” ұңғымаларын жөндеумен айналысатын мекеме. Мекеме жұмысшылар жалақы талабын бұған дейін де талай көтерген, былтырғы жаз, күз айларында да дәл осы талаппен мұнайшылар ереуілге шыққан еді. Әр жолы жұмыс беруші олардың талаптарын ішінара орындап, мұнайшыларды жұмыс орындарына қайтарып отырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG