Сот Украина азаматы Златослава Близнюктің қамау жазасын айыппұлмен алмастырып, өзін босату туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде Азаттыққа адвокат Рена Керимова хабарлады. Бұған дейін Нұр-Сұлтан соты Украина азаматы Златослава Близнюкті “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деп айыптап, он күнге қамап, елден шығару туралы шешім шығарған еді. Адвокаты шешімді апелляцияға берген.
“Босатты, елден шығару туралы шешімнің күшін жойды. Жазаны айыппұлмен алмастырды” деді 6 мамырда адвокат Азаттық тілшісіне. Златослава Близнюк уақытша қамау изоляторында бір күн отырып шықты.
Бұған дейін қазақстандық құқық қорғаушылар Украина азаматына араша түскен.
Құқық қорғаушылардың мәліметіне қарағанда, Златослава Близнюк Қазақстанда ықтиярхатпен 2017 жылдан бері тұрып жатыр. Өткен айда ол Инстаграмда 1 мамырда Украинаны қолдау митингісі болатыны жайлы жазбаны қайта басып, биліктің оған рұқсат етпегенін білгеннен кейін өшірген. Бірақ полиция соған қарамастан хаттама толтырған. Бастапқыда Нұр-Сұлтан соты "қылмыс құрамы жоқ болғандықтан" әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі тоқтатқан. Кейін полиция жаңа хаттама толтырып, 1 мамырда сот Близнюкті 10 күнге қамау және ізінше депортациялау туралы шешім шығарған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, сот "бір құқық бұзушылығы үшін адамды екі рет әкімшілік жазаға тартуға болмайды" деген норманы ескермеген.
1 мамырда Қазақстанның бірқатар қалаларында Қазақстанның ЕАЭО және ҰҚШҰ-дан шығуын және Украинадағы соғысты тоқтатуын талап ететін митинг өтетіні жайлы хабарланған. Сол күні Алматыда полиция "митинг өтетін орын" маңында бірнеше адамды ұстады. Бірқатар қалаларда қауіпсіздік шаралары күшейтеліп, Шымкент пен Ақтөбеде белсенділер полицияның үйден шығармай отырғанына шағымданған.
Видео: Өтпеген митинг, ұсталған адамдар. Полиция он шақты адамды күшпен ұстап әкетті (1 мамыр 2022 жыл).
Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар елде азаматтардың бейбіт түрде жиналып, пікірін айту құқығы жиі шектелетінін айтып сынаған. Нұр-Сұлтан азаматтардың бейбіт жиынға қатысты құқықтарын шектейтінін мойындамай келеді.
ПІКІРЛЕР