Ауғанстандағы тәліптер әйелдерге бет-жүзін жасырып, паранжа киюді міндеттеді. Көптеген ауған әйелі және халықаралық қауымдастық өкілдері аталған бұйрықты сынады.
Жаңа жарлық жөнінде 7 мамыр Кабулда өткен баспасөз конференциясында айтылды. Онда әйелдердің тек көздерін ғана ашып жүруге құқығы бары жазылған.
Жарлықты оқыған ізгілікті насихаттау және жамандықтың алдын алу министрлігі (Ауғанстанда тәліптер билікті 90-жылдары басып алғаннан кейін шариғат ережелерін орындау мәселесімен айналысатын осындай ведомство ашқан) өкілі бұйрықты жоғарғы басшы Хибатулла Ахунзада шығарғанын айтты.
Ережені орындамаған әйел адамның әкесі немесе жақын ер туысы жұмыстан шығарылады немесе түрмеге қамалады.
"Біз қарындас-әпкелеріміздің лайықты әрі қауіпсіз өмір сүргенін қалаймыз" деді насихат министрі міндетін атқарушы Халид Ханафи.
Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясы тәліптердің мәлімдемесіне "қатты алаңдаушылық" білдіріп, "бұл шешім ауған азаматтарының оның ішінде әйелдер мен қыздардың құқықтарын құрметттеуге уәде берген [тәліптердің] көптеген мәлімдемесіне қайшы" деді. Ұйым өкілдері осы шешімге байланысты тәліптермен кездесуге тырысатынын айтты.
АҚШ мемлекеттік департаменті де Ауғанстандағы әйелдер құқығының бұзылуына алаңдаушылық білдірді.
"Кейінгі 20 жылда ауған әйелдері қол жеткізген ілгерілеушіліктің жойылып бара жатқанына қатты алаңдаймыз" деді АҚШ мемлекеттік департамент өкілі.
Ауған әйелдерінің басым бөлігі орамал тағады, алайда Кабул сияқты қалалық жерлерде көп әйел беттерін жаппайды. Аты-жөнін айтпаған Кабулдағы белсенділердің бірі Азаттықтың Ауған қызметіне тәліптер елдегі аштық пен кедейшілікпен күресудің орнына әйелдердің құқықтарын шектеумен айналысып жатыр деді.
Былтыр тамызда тәліптер Ауғанстан билігіне келгеннен кейін елдің басым бөлігінде қыздарға 6-сыныптан кейін мектепке баруға тыйым салынды, наурызда мектептер тұтас жабылған.