Қазақстандық ақын әрі диссидент, саяси тұтқын марқұм Арон Атабектің (Едігеев) үлкен қызы Алма Нұтышева әкесін ақтап, оның 18 жылға бостандығынан айрылуына себеп болған "Шаңырақ ісін" қайта қарауға шақыратын үндеу жазылған петиция жариялады.
Арон Атабек 2006 жылғы 14 шілдеде Алматының шетіндегі Шаңырақ елдімекенінде сот "заңсыз салынған" деп тапқан тұрғын үйлерді бұзуға барған билік өкілдеріне баспанасын қорғаған тұрғындар қарсылық танытып, Қазақстанның жаңа тарихында "Шаңырақ оқиғасы" деген атпен енген қақтығысқа қатысқан. Қақтығыс салдарынан жас полиция қызметкері қаза тапты. Алма Нұтышева "Шаңырақ ісі" бойынша жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айыппен 18 жылға түрмеге кесілген әкесі "еш дәлелсіз сотталды" леп санайды. Ол петициясында Атабектің түрмеде азапталып, қатыгез қарым-қатынас салдарынан денсаулығынан айрылғанын айтқан. Былтыр күзде ауыр халде Павлодардағы түрмеден босатылған Арон Атабек сегіз аптадан соң қайтыс болған еді.
"Тіпті Арон Атабектің өлімінен кейін де [мемлекеттік] органдар өкілдері маған, оның туған қызына, әкемнің қазасының шын себебін білуге бөгет жасауға тырысып отыр. Ресми жауапта өкпе дерті асқынып қайтыс болды деп жазылған. Қайтыс болғаннан кейін (әкемнің) жіліншігінен бөтен зат алынғанын мәлімдегем, [Алматының] Әуезов аудандық полиция басқармасы мен прокуратурасы оны жою туралы шешім қабылдап, жәбірленуші ретіндегі құқықтарымды бұзып, бөтен заттың (не екенін анықтау үшін) тәуелсіз сараптама жүргізу мүмкіндігінен айырды" делінген онлайн-петицияда. Қазірге дейін петицияға мыңға жуық адам қол қойған.
Алматының Әуезов ауданы прокуратурасы Атабек коронавирус індетінен өлді деп көрсетіп, марқұмның өлімі бойынша қылмыстық істі 24 наурызда жапқан еді. Атабектің қызы биліктен әкесінің денесінен табылған белгісіз зат жөнінде ақпарат беруін талап етіп отыр.
Алма Нұтышева петициясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты "Шаңырақ оқиғасы" ісін қайта тексеруге жіберуге, Арон Атабекті саяси репрессия құрбаны деп тануға және оны ақтауға үндеген.
Атабек 15 жыл бойы түрмеде қамауда отырды, денсаулығының нашарлауына байланысты былтыр күзде оның жазасының өтелмеген бөлігі бір жылға пробациялық бақылауда болу шартымен бостандығын шектеу жазасына ауыстырылған болатын. Атабек өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ, (билік орындарына) мерзімінен бұрын – шартты босату не жазасын жеңілдету жөнінде өтініш білдіруден бас тартты. Құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған диссидент былтыр 1 қазанда ауыр дертіне байланысты түрмеден босатылған. Ол 2021 жылғы 24 қарашада 68 жасында өмірден озды.
ПІКІРЛЕР