Accessibility links

Еңбек министрлігі: Енді қандас мәртебесін онлайн арқылы алуға немесе ұзартуға болады


Алматыға ұшып келген Шыңжаң қазақтары туыстарымен қауышып жатыр. 6 мамыр 2022 жыл.
Алматыға ұшып келген Шыңжаң қазақтары туыстарымен қауышып жатыр. 6 мамыр 2022 жыл.

Қандас мәртебесін алғысы келетін немесе ұзартқысы келетін азамат енді өтінішті электронды үкімет порталы арқылы бере алады. Бұл жөнінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұма күні хабарлады.

Қандас мәртебесін алу және ұзарту қызметінің алгоритмі eGov.kz сайтында жарияланды.

"Түскен өтініштер еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы тексеріледі" деп жазылған министрліктің хабарламасында.

Өтініш төрт жұмыс күні ішінде қаралып, нәтижесінде өтініш түсіруші қандас төлқұжатын алады немесе жергілікті атқару органы оның қандас мәртебесін ұзартады. Түскен мәліметтер дұрыс болмаса, азаматқа мемлекеттік қызмет түрі көрсетілмейді. Қызмет нәтижесі қолданушының жеке кабинетіне электронды құжат ретінде жіберіледі.

Бұған дейін аталған қызмет түрін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және облыстық маңызды бар қалалар мен аудандардағы халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға болатын. Енді бұл қызметті онлайн арқылы да алуға болады. Ол үшін қолданушыларда жеке анықтағыш нөмір және электронды қол болуы тиіс.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың 1 қаңтары мен 1 мамыр аралығында Қазақстанға өзге елдерден 4502 қазақ оралып, қандас мәртебесін алған. 1991 жылдан бері шетте жүрген 1 миллион 92,4 мың қазақ тарихи отанына оралған.

Елде қандас мәртебесі бір жылға дейін жарамды. 2020 жылы мамырда көшi-қон мәселелерi бойынша кейбiр заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзіліп, бұған дейін "оралман" аталып келген этникалық қазақтар "қандас" деп аталатын болған. Бірақ оралмандар бұл өзгерістер азаматтық алу процедурасын жеңілдетпеді деп санайды.

XS
SM
MD
LG