18 мамырда Шымкенттің Еңбекші аудандық соты Қаңтар оқиғасына байланысты "жаппай тәртіпсіздікке қатысты және шақырды" деп айыпталған заматтық белсенді Ерғали Құлбаевқа төрт жыл шартты жаза берді. Осыған дейін прокурор Құлбаевтың айыпты ішінара мойындағанын және кәмелет жасқа толмаған балаларының бар екенін ескеріп, дәл осындай жаза беруді сұраған. Белсенді "бейбіт митингіге қатысқанын" айтып, бірақ "бүлікке араласпағанын" жеткізді.
Қаңтар айынан бері қамауда отырған белсенді 18 мамырда түсте сот залынан босатылды. Ол үкімді апелляцияға беру-бермеу мәселесін ойланатынын, үкімді берсе де өзгеретініне күмән келтірді.
"Бұдан артық үкім шығады, ақталамын деп күтпеген де едім. Қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт митингіге шығып, жұрт алдында сөйлегенімді мойындаймын, мұны қылмыс деп санамаймын. Бүлікші емеспін, бүлікке қатыспадым, бұрынғы азаматтық ұстанымымда қаламын" деді сот үкімінен кейін Ерғали Құлбаев.
Айыптау актісінде белсенді "жаппай тәртіпсіздікке қатысып полиция мен әскерилерге зорлық-зомбылық көрсетті, полиция көлігі мен жеке көліктерді, мемлекеттік ғимараттарды қиратты" деп жазылған. Белсенді осыған дейін Азаттыққа "бұл істі белсенділігіммен байланыстырамын, істің саяси астары бар" деген.
Ерғали Құлбаев – Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айыпталып, сот үкімі шыққан алғашқы азаматтық белсенді. Құқық қорғаушылар осыған дейін Қазақстан бойынша 30-ға тарта белсендінің Қаңтар оқиғасы бойынша күдікке ілінгенін мәлімдеп, алаңдаушылық білдірген. Биліктен оларды қудаламауды талап еткен.
Шымкенттің өзінде Қаңтар оқиғасына байланысты Құлбаевты қосқанда жеті белсенді ұсталып, қамалған. Олардың екеуі – көп балалы ана. Кейіннен екі белсенді ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйіне жіберілген. Қазір қамаудағы тағы бір белсендінің соты өтіп жатыр.
Шымкентте қаңтар оқиғасы 4-6 қаңтарда өтті. Бейбіт шерумен басталған наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Ондаған полиция көлігі мен жеке көліктер, автобустар өртенген, қала әкімдігі ғимаратымен бірге бірнеше мемлекеттік мекеме бүлінген.
Ресми мәлімет бойынша, тәртіпсіздік кезінде 120-дан аса адам түрлі жарақат алып, 20 адам қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР