Accessibility links

Швеция мен Финляндия НАТО-ға қосылуға өтініш берді


18 мамырда Швеция мен Финляндия Солтүстікатлантикалық одаққа қосылуға ресми түрде өтініш берді.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенбергтің айтуынша, НАТО екі елдің өтінішін жедел тәртіппен қарайды.

Швеция мен Финляндия Ресейдің Украинаға басқыншылығы жалғасып жатқан тұста бейтарап мәртебесінен бас тартып, НАТО-ға қосылу туралы шешім қабылдаған.

Екі елдің өтініштерін НАТО кеңесі қарайды. Одан кейін олардың өтініштерін одаққа мүше барлық 30 ел қабылдауы тиіс.

Дегенмен бұған дейін Түркия президенті Режеп Ердоған Швеция мен Финляндияны НАТО-ға қосуға қарсы болған. Ол Хельсинки мен Стокгольмді Анкара "террористік ұйым" деп таныған ұйымдарды қолдады, олардың мүшелеріне саяси баспана берді деп айыптаған.

18 мамырда Bloomberg екі үміткер бірқатар шартты орындаса, Түркия өтініштерін қолдауға әзір деп жазды. Анкара Швеция мен Финляндияның "Күрдістанның жұмысшылар партиясын" террористік ұйым деп танығанын қалайды. Бұған қоса, Түркияны F-35 ұшақтарын пайдалану бағдарламасына қайта қосып, 2019 жылы Түркияның Сирияға басып кіруіне байланысты қойылған қару-жарақ экспортына шектеуді алып тастағанын талап етеді.

XS
SM
MD
LG