Accessibility links

Қаржы министрі 165 млрд теңге баж салығының бюджетке түспеу себебін түсіндірді


Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. Нұр-Сұлтан, 19 мамыр 2022 жыл.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. Нұр-Сұлтан, 19 мамыр 2022 жыл.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 165 млрд теңге көлемінде баж салығының бюджетке түспеу себебін түсіндірді. Мамыр айының басында Қазақстан бас прокуратурасы кеден бекеттерінде тексеріс кезінде "кедендік төлемдерден жалтару және тауарларды сәйкесінше декларацияламау фактілері анықталды, соның салдарынан мемлекетке 165 млрд теңге көлемінде шығын келді" деп мәлімдеген.

Министрдің айтуынша, қазір шығын болған 165 млрд теңгені толығымен бюджетке түсіру үшін ведомство бар күш-жігерін салып жатыр. Биыл кеденнен былтырға қарағанда 25 пайызға артық кіріс түскен.

– Жалпы жыл басынан бері кеден саласынан тауарларға төленетін салық пенен баж салығының есебінен 175 млрд теңгеден астам қаражат түсті. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 25 пайызға артық, – деді Ерұлан Жамаубаев.

"Неге кеденнен түсетін кіріс былтыр аз болған?" деген сұраққа министр "оның басты себебі пандемия" деп жауап берді.

"Былтыр және алдыңғы жылы қиын болды. Негізгі себеп – пандемия. Одан соң, Қытаймен шекара жабық болды. Қытаймен шекара енді-енді ашылып жатыр. Қытайдағы карантин режимі әлі жойылған жоқ" деді министр.

19 мамырда Азаттық тілшісі қаржы министрінен осыған дейін бас прокуратура мәлімдеген заңсыздықтар туралы сұраған еді. Ерұлан Жамаубаев "тауарларды әкелген кезде баж салығын төлемеу фактілеріне байланысты тиісті жұмыстар жүріп жатыр, ол мәселе құқық қорғау органдарының құзыретінде" деп қысқа қайырды.

Қаңтар оқиғасынан кейін елде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы әлсіреп, оның туыстары мен айналасындағы адамдар түрлі қызметтерінен шеттетіле бастаған шақта президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан мен Қытай шекарасы бекетіндегі бейберекетсіздікті реттеуді" тапсырған еді. Ол Қытай мен Қазақстанның өзара сауда-саттығы саласындағы статистикалық мәліметтер әртүрлі екенін айтып, кеден мен транзит алымдары арасындағы айырма 5,7 миллиард долларға жеткенін мәлімдеген. Сол кезде кейбір сарапшылар оның бұл мәлімдемесі Назарбаев отбасына қарсы бағытталуы мүмкін деп болжаған. Өйткені "Қорғастағы сауда экс-президенттің інісі Болат Назарбаевтың бақылауында" деген сыбыс бұрыннан бар.

Тоқаевтың кедендегі бұрыннан белгілі жемқорлықты "енді байқауының себебіне" үңілген сарапшылар сол кезде бұл президенттің бай-кедей арасындағы үлкен алшақтық пен жемқорлыққа қатысты қоғам наразылығын басуға бағытталған "олигополиядан арылу" талпынысы деп топшылаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG