Accessibility links

Азаттық зерттеуіне Тоқаевтың әкімшілігі жауап берді


Азаттықтың "Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыдағы үйі және туыстарының бизнесі" зерттеуінен скриншот
Азаттықтың "Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыдағы үйі және туыстарының бизнесі" зерттеуінен скриншот

Ақорда "Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыдағы үйі және туыстарының бизнесі" атты Азаттық зерттеуіне қатысты сауалдарға ресми жауап жолдады.

Журналист сұрақтарды 7 сәуірде президент әкімшілігіне жіберген. Ал жауап зерттеу жарияланғаннан бір ай өткен соң президенттің іс басқармасынан келді. Онда құзырлы орган тек сұрақтарға жауап бермей, Азаттықта жарық көрген екі материалға қатысты пікір айтқан.

Азаттықтың президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022 жылғы 7 сәуірде жазған хаты
Азаттықтың президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022 жылғы 7 сәуірде жазған хаты

Тоқаевтың іс басқарушысы Айбек Дәдебаев қол қойған хатта журналистер жұмысы "біржақты", ал Азаттықтың президент әулетінің байлығы туралы зерттеуіндегі ақпараттар шындыққа жанаспайды деп көрсетілген. Жауап хатта ақпаратты бұрмалау белгілері бар.

Тоқаевтың Алматыдағы үйі. Туыстарының бизнесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:20:03 0:00

Президенттің іс басқармасы зерттеуде айтылған Тоқаевтың бұрынғы үйі жайлы "Бұл жылжымайтын мүліктің меншік құқығы көп жыл бұрын басқа адамға берілген. Қазір үй кімнің меншігінде, осы жылдар ішінде қанша қожайын ауысты – ол бізге беймәлім" дейді.

Зерттеуде "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясынан алынған дерек бойынша үйдің бірнеше жыл бұрын басқа адамның атына ауысқаны, ал мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде мүлік биыл қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаевтың атында тұрғаны айтылған. Ресми хатта бұрын үкіметтің баласында болған аумақтан бөлінген жер телімінің Тоқаевтың иелігіне қандай жолмен келгені жайлы сауалға нақты жауап жоқ.

Қазақстан президенті іс басқармасының Азаттыққа хаты
Қазақстан президенті іс басқармасының Азаттыққа хаты

Президент әкімшілігі "Алматы қаласында, Желтоқсан көшесі, 167 мекенжайындағы жылжымайтын мүлікті жекешелендіру процесінде заңсыздық болмаған" деп көрсеткен. Бір ғасырдан астам тарихы бар мәдени ескерткіштер қатарындағы ғимарат астана ауысқанға дейін сыртқы істер министрлігінің қабылдау үйі болған. Журналист Геннадий Бендицкий мүлікті 2000 жылдардың басында президенттің қарындасы Қарлыға Кемелқызы Ізбастинаға қарайтын компания арзандатып сатып алғанын жазған. Бұл кезеңде Тоқаев сыртқы істер министрі лауазымын атқарып жүрген.

Зерттеуде президенттің жақын туыстарының елдегі, шетелдегі бизнесі, мүліктері, ұлы Тимур Тоқаев пен президент әкімшілігі жетекшісі Мұрат Нұртілеудің інісі Шалқар Нұртілеудің бизнес серіктестігі жайлы егжей-тегжейлі айтылған.

Тоқаевтың мүліктері туралы Азаттық зерттеуінің скриншоты
Тоқаевтың мүліктері туралы Азаттық зерттеуінің скриншоты

Ал Дәдебаев бұған қатысты "Біз жеке тұлғалардың іскерлік қарым-қатынастарына, олар қандай туыстық қатынаста болмасын, түсініктеме беруге құқығымыз жоқ екенін хабарлаймыз" деп жауап берген.

Зерттеуде әкесі мен ағасы қызметте әріптес, өздері серіктес Тимур мен Шалқар екі компанияның басшылық құрамынан табылғаны сөз болған. Шалқар Нұртілеудің компаниясының өнімі "Тұран" суының Ақорда таратқан суреттерде президент үстеліне қойыла бастағаны да айтылған.

Хатта іс басқармасы 31 наурыз күні Азаттыққа бөлек хат жолданғанын айтып, редакция оны елеусіз қалдырды деп реніш танытқан. Бұл хат электронды базада тіркелмеген, қағаз күйінде қолымызға тимеген. Электронды нұсқасы Азаттық поштасына 18 мамырда түсті.

Ақорда Тоқаев әулеті туралы зерттеуден гөрі екінші материалға кеңірек тоқталған. Бұл сюжет ұзақ жыл үкімет үйінің еденін жуған, қазір қызметтік пәтерінен шығарылғалы жатқан Сайрагүл Мұхтарова туралы. Іс басқармасы материал дайындалып жатқан сәтте видео форматта сұхбат беруден бас тартып, Азаттық тілшісіне WhatsApp желісі арқылы жазбаша хат жолдаған. Сюжетте президент іс басқармасының ұстанымы берілген.

20 жыл үкімет үйін жуған Сайрагүл Мұхтарова үйсіз қала ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:10 0:00

Материал жарияланған соң жіберілген, бірақ Азаттыққа кеш келген екінші хатта Ақорда Мұхтарованың "20 жыл бұрын Алматыда мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алғанын, оны "сыйға беру" шартымен туған бауырының атына ауыстырғанын, "Тұрғын үй қатынастары туралы" заң бойынша, азамат мемлекеттен тек бір баспананы жекешелендіре алатынын" хабарлаған. Ескерте кетейік, бұл ақпаратты іс басқармасы әуелгі жазбаша жауабына айтпаған.

Президент іс басқармасы "Сайрагүл Мұхтарова қазір мекемеде жұмыс істемейтіндіктен, қызметтік пәтерді босатуға тиіс" дейді.

20 жыл бұрын Алматыдан жатақхана алып, меншігіне өткізгенін растаған Мұхтарова Нұр-Сұлтандағы қызметтік пәтерін жекешелендіруді сұрайды. 2006 жылы қызмет көлігінде отырғанда жол апаты болып, денсаулығына қатты зақым келгені ескерілсе дейді.

Сайрагүл Мұхтарова 2015 жылдан бері Іс басқармасында жұмыс істемейді. 2018 жылы зейнетке шыққан. Биыл баспананы босату туралы ескерту жиілеген. Ол іс басқармасымен арадағы еңбек шартының тоқтауына "басшылықтың қуғындауы", ал басшылық -Мұхтарованың "жұмысқа уақытында келмеген салғырттығы" себеп болды деп санайды.

Президент іс басқармасы "Азаттық журналистері біржақты материал беретіні алаңдатады" дейді. Азаттық материалды біржақты бермеу үшін әрдайым екінші тарапқа жүгінеді. Бірақ құзырлы органдар көбіне заңда белгіленген мерзімді сақтамай, кеш жауап береді.

Азаттық президент әкімшілігінен бұдан кейінгі материалдарымызға да БАҚ туралы заңға сәйкес уақтылы жауап беріп, ашықтық көрсетуді сұрайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG