Accessibility links

Шымкентте перзентхана маңында жарылыс болды, екі адам опат болды


Жарылыстың соңынан кейін туындаған өртті сөндіріп жатқан мамандар. 21 мамыр 2022 жыл.
Жарылыстың соңынан кейін туындаған өртті сөндіріп жатқан мамандар. 21 мамыр 2022 жыл.

21 мамырда түске жақын Шымкенттегі дәріханалардың бірінде жарылыс болып, дәріхана күзетшісі қаза болды. Түркістан облысы әкімдігі жарылыстың салдарынан дәріхана маңындағы перзентхана ішінде бір нәрестенің мерт болғанын хабарлады. Шамамен жүз адам перзентханадан эвакуацияланған.

"Жарылыс кезінде мекемеде перинаталдық орталықта 189 адам және 65 қызметкер болған. 1979 жылғы бір қызметкер және туғанына 18 күн болған салмағы 790 грамм бір нәресте мерт болды. 8 адам зардап шегіп, қаланың медициналық мекемелеріне жатқызылды" деп жазылған әкімдік хабарламасында.

Жарылыстан перзентхананың есік-терезелері бүлінген, ал нәрестенің қалай мерт болғаны белгісіз. Ресми хабарламада жай-жапсары жазылмаған, әкімдік өкілдері "сот медицина сараптамасы болатынын" айтты.

Куәгерлердің айтуынша, ғимараттан әуелі өрт шығып, артынан жарылыс болған. Қатты дыбыстан кейін тұрғындар жер сілкінгендей тербелісті сезінген.

Қалалық төтенше жағдай департаментінің баспасөз хатшысы Зарипа Тұрысбекованың Азаттыққа хабарлауынша, жарылыс туралы хабар сағат 11:36-да түскен. Жеке тұрған екі қабатты ғимараттың күзетшісі оқиға орнында мерт болған. Ғимарат маңындағы жеті жеңіл автокөлік бүлінген.

- Жарылыс себебі белгісіз, анықталып жатыр, - деді баспасөз хатшысы.

Жарылыстан кейін әлеуметтік желілерде оқиға орнынан видеолар тарады. Онда жарылыс салдарынан ғимараттың опырылып құлап, қирағанын, зардап шеккен адамдардың қашып шыққанын көруге болады. Ғимаратқа жақын маңдағы ғимараттар, көпқабатты тұрғын үйлер мен Түркістан облыстық перзентханасына да зақым келген. Полиция перзентхана ішіндегі адамдарды эвакуациялаған.

Әзірге толық емес мәлімет бойынша, жарылысқа газдың жиналуы себеп болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG