24 ақпанда Ресейдің Украинаға басқыншылығы президент Владимир Путиннің жеке өмірінің құпиясын ашқандай болды. Батыс елдері Путиннің бұрынғы әйелі Людмила Очеретная мен гимнаст әйел Алина Кабаеваға санкция салды. Алина Кабаева мен Путиннің бірнеше баласы бары бұрыннан айтылып жүр.
Сонымен қатар Путиннің қыздары Мария Воронцова мен Екатерина Тихоноваға да санкция салынды. Олардың анасы Людмиламен Путин 2013 жылы ажырасып кеткен.
Сәуірде "Настоящее время" мен "Медуза" басылымдары Ресей президенті Владимир Путиннің үлкен қызы Мария Воронцованың күйеуі деп айтылып жүрген 42 жастағы Нидерланды азаматы Йоррит Фаассен жайлы зерттеу жариялады.Мәскеуде 16 жыл тұрған Фаассен Путиннің қызына үйленгенін жоққа шығарған, бірақ ұлты орыс әйелге үйленгенін және екеуінің балалары барын айтқан.
19 мамырда Германияның Der Spiegel мен ресейлік iStories Тихонованың орыс балетмейстері, режиссер, 52 жастағы Игорь Зеленскиймен көңіл жарастырғанын, олардың 2017 жылы дүниеге келген қызы барын жазды. Сол кездері Тихонованың бірінші күйеуі, миллиардер Кирилл Шамаловпен ажырасқаны хабарланған еді.
Одан кейін "Настоящее время", "Медуза", "Досье" басылымдары Тихонова, Зеленский, Кирилл Шамалов пен Зеленскийдің заңды некедегі жары, балет репетиторы Яна Серебрякова жайлы зерттеу жариялады.
"ОФИЦЕРДІҢ ҰЛЫ"
Сәуірдің басында Зеленскийдің Мюнхендегі Бавария мемлекеттік балет театрының директоры қызметінен кетіп жатқаны хабарланды. 2016 жылы қыркүйектен бастап атқарған қызметтен ол "отбасылық жағдайларға байланысты" кеткен.
Украинадағы соғыс жайлы ешқандай әңгіме болмаған, бірақ Зеленский "қазір жеке отбасылық мәселелерге назар аударуым керек" деген.
"Отбасыма қолдау білдіруім қажет" деп айтқан ол.
Театрдың баспасөз қызметі Серебрякованың әлі театрда жұмыс істейтінін хабарлады. Театр Зеленскийдің қызметінен кеткені жайлы пікір білдіруден бас тартты.
16 мамырда Вован мен Лексус деген атпен танымал ресейлік пранк жасаушы (олардың бұрын Кремль тапсырмасын орындағаны жайлы да хабар болған) Владимир Краснов пен Алексей Столяров Бавария опера театрының басшысы Серж Дорниге хабарласып, Зеленскийдің театрдан кету себебін сұраған.
"Ол Кремльдің Украинаға басқыншылығын сынаудан бас тартқаны үшін қызметінен кетті ме?" деген сұрақ та қойылған.
"Біз онымен бірнеше рет сөйлестік. Оның кетуі керек екенін айттым. Бұл шешімді өз еркімен қабылдаған жоқ" деп жауап берген Дорни.
Зеленскиймен таныс екі адам "Настоящее время" арнасына ол жуырда қазіргі сүйіктісінің айтуымен Ресейге оралғалы жүргенін хабарлаған.
Тағы бір танысы Зеленскийдің өте көп жұмыс істегенін айтқан. "Игорь Анатольевич негізінен дөрекі сөйлейді" деді танысы. "Қайткенмен де, офицердің ұлы ғой".
Зеленский Мюнхен театрындағы карьерасын айғай-шудан бастаған. Ол сол кездегі танымал испан балеринасы Лючия Лакаррудың келісім-шартын созудан бас тартқан.
Бірақ қызметінен кеткенше ол "Германиядағы ең белсенді директор" атанды деді Ballett-Journal журналының негізін қалаған журналист Гизела Зонненбург.
"Ол керемет қабілеті бар жаңа әртістерді алды" деді ол. "Кейінгі жылдары ол жасаған репертуар өте жақсы болды және классикалық, заманауи және жаңа жұмыстарды жақсы үйлестірді".
Зонненбургтің айтуынша, Зеленскийдің Мюнхеннен кетуі Ресейдің Украинаға басқыншылық жасауы және орыстарға деген көзқарастың өзгергенімен байланысты.
"ТАНЫМАЛ АДАМНЫҢ ҚЫЗЫ"
"Настоящее время" басылымы Зеленский Тихоновамен 2011-2016 жылдары Мәскеудегі Станиславский мен Немирович-Данченко атындағы музыкалық театрдың директоры болып жүргенде жақындасқанын анықтады.
Зеленский сол жерде жұмыс істей бастаған соң Тихонова театрға жиі бара бастады дейді театр қызметкері мен балет корпусымен байланысы бар тағы бір дереккөз "Настоящее время" басылымына.
"Оларды қойылымдардан соң бірге көргендер бар" деді дереккөздердің бірі. Зеленский Тихонова спектакльге барған күндері "Бүгін танымал адамның қызы келеді" деп айтқан.
Тихонова спектакльге жалғыз барып, жарық сөнген соң орнына жайғасатын дейді дереккөздер. Оның оққағары болмаған, жұрттың назарына ілінгісі келмей, өзін "қарапайым ұстаған".
Тихонова мен Зеленскийдің байланысы Мәскеудегі балет әлемінде жиі айтылған. Мысалы, балет сыншылары гильдиясының бір мүшесінің сөзіне қарағанда, қазір орыс балет академиясының ректоры болып жүрген Николай Цискаридзе 2017 жылы Зеленскийден өзін Үлкен театрдың бас директоры қызметіне тағайындалуына қол ұшын беруді сұрамақ болған.
"Ол мұны Путиннің қызымен көңіл жарастырған Зеленскиймен талқылайтынын айтты" деп еске алады дереккөз. Бірақ Цискаридзе ол мақсатына жете алмаған: Үлкен театрдың бас директоры Владимир Уринмен келісім-шартты үкімет екі рет ұзартқан.
Цискаридзе "Настоящее время" арнасына жазған жауабында мұндай оқиға болғанын мойындамады. "Бірінші рет естіп тұрмын" деді ол.
Сол кездері Зеленский Новосибирск опера және балет театрының балет труппасын басқарған, бірақ ол жерге танымал мәскеулік қонақтар бармаған.
"Путиннің өзі де, оның жақындары да келмеді" деді театрдағы дереккөз. Бірақ оның сөзінше, труппадағы адамдар "Путиннің кезінде Зеленскийдің балет пен мәдениеттегі маңызды шешімдерді қабылдайтынын" айтумен болған.
"Оның маңызды адам болғанын бәрі білді, бірақ бұл байқалмайтын. Игорь Анатольевич [Зеленский] мақтанатын, қымбат дүниелерге қызығатын және кең сарайда тұратын адам емес" деді сондағы дереккөз.
"Настоящее время" жылжымайтын мүлік реестрінде Зеленскийдің атына екі пәтер тіркелгенін анықтады. Оның бірі Новосибирск қаласында [169 шаршы метр], екіншісі Санкт-Петербург қаласының орталығында [34 шаршы метр] орналасқан.
ХАКЕРЛІК ХАБАРЛАМАЛАР
Тихонова 2013 жылы кәсіпкер Кирилл Шамаловқа тұрмысқа шыққан соң да Зеленскиймен байланысын үзбеген. Екеуі 2018 жылы ажырасқан. Содан кейін Шамалов Тихоновамен жақындығы бар Игорь Зеленский мен оның әйелі Яна Серебряковамен де хабарласып тұрған.
Шамаловтың "Ладога менеджмент" компаниясының поштасынан тарап кеткен электронды хаттар да осы байланыстан хабар береді.
"Настоящее время" арнасына ұсынылған электронды хаттарға сенсек, Шамаловтың қаржы менеджері Виктор Снакин 2021 жылы кемінде жеті рет Шамаловтың есепшотына Зеленскийден түскен қаражатты аударған. Сомасы көрсетілмеген депозиттерде "Мюнхендегі есепшот төлемі", "И.Зеленский есепшотынан аударым", "Игорь Зеленскийдің төлемі" деп жазылған.
Снакин бұл туралы пікір білдіруден бас тартты.
Электронды хаттардан Шамаловтың 2017 жылы бірнеше рет Зеленскийдің әйелі Серебряковамен бірнеше рет сөйлескенін көруге болады. Ол сол кездері өзінің әйелі Тихоновамен де байланысқа шыққан. Көп жағдайда Тихонова да, Серебрякова да Швейцарияда, Ұлыбританияда, Санкт-Петербургте болған. Ол көбіне Тихоноваға қарағанда Серебряковамен ұзағырақ сөйлескен.
Шамалов пен Серебрякова соңғы рет 2017 жылғы 17 сәуірде түнде сөйлескен. Серебрякова ол кезде Германияда болған. 18 сәуірде Шамалов Мәскеудегі Тихоноваға хабарласқан. 2017 жылғы 25-27 сәуірде Шамалов "Сибура" компаниясындағы 17 пайыздық үлесін сатқан. Бұл келісім-шарттарды көбіне "Тихонованың қалыңмалы" деп сипаттайды.
Жеті жарым айдан соң Тихонова мен Зеленскийдің қызы дүниеге келген дейді азаматтарды тіркеу базасына қол жеткізе алатын дереккөз. 2018 жылғы қаңтарда Bloomberg Шамалов пен Тихонованың ажырасқанын хабарлаған.
Серебрякова мен Зеленский бұл оқиғаға байланысты пікір білдіруден бас тартты. "Настоящее время" Шамаловпен байланыса алмады.
МЮНХЕННЕН КЕЙІН
2018 жылғы 18 наурызда Мюнхендегі Ресей консулдығы Зеленскийдің Ресейдегі президент сайлауына дауыс берген жерінен фото жариялаған. Бұл сайлау бір аптаға шегеріліп, Ресейдің Қырымды аннексиялауын атап өтетін уақытпен тұспа-тұс келген еді. 2012 жылғы президент сайлауында Зеленский Путин кампаниясының ресми өкілі болған.
Зеленский дауыс бермей тұрып Мәскеудегі Тверь аудандық тіркеу бюросы Тихонованың қызының әкелігін мойындау жайлы құжат берген. Баланың туу туралы куәлігінде әкесі Зеленский анасы "Катерина Владимировна Тихонова" деп көрсетілген дейді "Настоящее время" дереккөзі. Туу туралы куәлік бала дүниеге келген соң үш айдан соң берілген. Заңды некеге отырмаған Зеленский мен Тихонова әкелікті мойындау жайлы құжатқа қол қойған.
Сол уақыттарда Путин Қырым түбегіндегі Севастополь портты қаласына барған. Сол кезде ол жергілікті тұрғындарға үкіметтің мәдени орталық салып беретінін, онда театр және музыканттар мен бишілерге арналған академиясы болатынын айтқан.
7 мамырда инаугурация кезінде Путин сондай мәдени орталықтардың құрылысын 2018-2024 жылдарға арналған даму бағдарламасының бір бағыты ретінде белгілеген. Ол осы мақсатты жүзеге асыру үшін ұлттық мәдени мұра деп аталатын арнайы қор да құрған. Оған Үлкен театрдың, Мәскеудегі Третьяков галереясының, Санкт-Петербургтегі Эрмитаж музейінің басшылары кірген. Ал Игорь Зеленский бақылау кеңесіне мүше болған. Мұны ешкім түсіндірмеген. Оның аты әлі де сол тізімде тұр.
2021 жылғы желтоқсанға дейін қорды басқарған Наталья Волынская Зеленскийді басқарма мүшесі етіп кім тағайындағанын білмейтінін, Севастополь жобасына жауапты болмағанын айтты.
Австрияның Coop Himmelb(l)au архитектура фирмасы салып жатқан театр 2023 жылы ашылады деп жоспарланып отыр.
Зеленскийдің қолдауымен оған жақын адамдар Севастопольде лауазымды қызметтерге тағайындалған. Зеленский Станиславский және Немирович-Данченский музыкалық театрына шақырған биші Сергей Полунин Севастопольдегі жаңа театрдың директоры, портты қаладағы би академиясының директоры болып бекітілген. 2020 жылы Зеленскиймен Мәскеу театрында жұмыс істеген Андрей Уваров Севастополь театры директорының орынбасары болып тағайындалған.
Полунин де, Уваров та пікір білдіру жайлы хабарламаларды жауапсыз қалдырды.
Севастополь театрының сайтында Уваров қана бар, ал Полунин көрсетілмеген. Бірақ оның директор болып тағайындалғаны ресми хабарланған. Волынская театр директоры лауазымы бос тұрғанын мәлімдеді. Ұлттық мәдени мұра қорына жақын тағы бір дереккөз "Настоящее время" басылымына бұл лауазымға ешкім тағайындалмағанын айтты.
Бұл осы қызметке Мюнхеннен келген соң Зеленский отырады деген сыбыстың шығуына әкелді.
"Олар Зеленскийді Севастопольге жіберетінін айтқан" деді Үлкен театрдағы дереккөз. "Онда опера және балет театры салынып жатыр, ол соны басқарады".
"Ол Севастопольден үмітті, бұл рас" деді балет сыншылары гильдиясындағы дереккөз.
"Ол бұрыннан Севастопольге бармақшы болған. Баварияда жұмыс істемей тұрып та сөйткен" деді Станиславский және Немирович-Данченко музыкалық театрындағы дереккөз. "Бірақ кейін ол Баварияны таңдады, Севастопольді қосымша нұсқа ретінде қалдырды".
Бавария опера және балет театрының музыкалық директоры Владимир Юровский Мюнхенде Зеленскиймен Севастополь жайлы сөйлескенін айтады: "2020 жылғы қаңтарда Игорь оркестріммен Севастопольдегі жаңа театрға ауысуымы сұрады. Ол кезде мен Мәскеуде Светланов атындағы мемлекеттік оркестрде едім. Ол музыкалық директор болатынымды айтты".
ПІКІРЛЕР