24 мамырда Коммунизм құрбандарын еске алу қоры Қытайдағы "қайта тәрбиелеу лагерьлеріндегі" азаптаулар туралы баяндамасын жариялады. Штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан бұл қор Шыңжаң полициясының ішкі компьютерлік желісіне кірген.
"Шыңжаң полициясының файлдары" деп аталатын құжатта өлкенің тұрғылықты халқын лагерьлерде азаптағанын растайтын ондаған мың фото және видеодәлел бар. Атап айтқанда, баяндамада полиция қызметкерлерінің жаттығуы кезінде қамаудағыларды қалай жәбірлегені туралы кадрлар кездеседі. Мысалы, лагерьдегі адамдарды кісендеп, оларды ұрып-соққан.
Шыңжаң полициясының ішкі компьютерлік желісіндегі файлдарды Коммунизм құрбандарын еске алу қорының қытай зерттеулері бөлімінің директоры Адриан Зенц алған.
Қор мәлімдемесінде адамға толған мекемелерге қосымша күзет тағайындау туралы жарлықты Қытай басшысы Си Цзиньпин бергені айтылған. Полиция мәліметтері базасында 2018 жылы халықтың жасы үлкен өкілдерінің 12 пайыздан астамы "қайта тәрбиелеу лагерьлерінде" болғаны, олардың дені ұйғырлар екені айтылған.
"Шыңжаң полициясының файлдары" Қытай билігінің кәсіби білім беру орталықтары деп атайтын мекемелердің шын мәнінде түрме екенін дәлелдейді", - деп мәлімдеді қор президенті Эндрю Бремберг.
Ал Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Венг Венбин қор баяндамасын "Қытайды алалау" деп атады. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.
2019 жылы Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумыҚытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң Ұйғыр автономия өлкесінің мұсылмандары отырған лагерьлер туралы қытай билігінің құпия құжаттарын жариялаған.
2021 жылы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қытайдағы ұйғырларды қудалауды геноцид деп атады.
ПІКІРЛЕР