Accessibility links

Тәжікстанның мемлекеттік арналары белсенділердің "кінәні мойнына алған" видеосын көрсетті


Улфатхоним Мамадшоева және Холбаш Холбашов.
Улфатхоним Мамадшоева және Холбаш Холбашов.

Тәжікстанның мемлекеттік телеарнасы қамаудағы журналист, азаматтық белсенді Ульфатхоним Мамадшоева мен оның бұрынғы күйеуі Холбаш Холбашовтың Таулы Бадахшандағы көтеріліске "қатысы бар екенін" мойнына алған видеосын көрсетті.

Таулы Бадахшан автономиялы облысында 16-18 мамыр күндері өткен митингіден кейін "антитеррористік операция" жүргізіліп, ондаған адам қайтыс болып және жарақат алып, 100-ден астам адам ұсталған.

24 мамырда "Точикистон" мемлекеттік телеарнасында Бадахшандағы оқиғалар туралы деректі фильм көрсетілді. Онда наурыз айында жергілікті белсенділер Мамадбокир Мамадбокиров, Холбаш Холбашов, Ульфатхоним Мамадшоева және Алим Шерзамонов кездесіп, Хорог қаласы мен Рушан ауданында "тәртіпсіздік ұйымдастыруды" жоспарлағаны айтылған. Мамадшоева мен Холбашов сөзінде Хорогтағы тәртіпсіздікті ұйымдастыруға – Мамадбокир Мамадбокиров, Рушандағы көтерілісті ұйымдастыруға Холбашов жауапты болғанын айтқан.

24 мамыр күні Тәжікстанда тыйым салынған "Ұлттық альянстың" төраға орынбасары, қазір Еуропада тұратын Алим Шерзамонов Азаттықтың Тәжік қызметіне жоғарыда аталған адамдармен ешқашан кездеспегенін айтты.

Деректі фильмде Алим Шерзамонов Таулы Бадахшандағы тәртіпсіздікті ұйымдастыру үшін 13 мың доллар аударып, оның 7 мыңы Хорогта, қалған алты мыңы Рушанға бөлінгені айтылады. Бірақ бұл сома шетелден Тәжікстанға қалай аударылғаны жөнінде мәлімет жоқ.

Шерзамонов өзі Еуропада саяси баспана алу мәселесімен жүргенін, өзінің мұндай ақшасы жоқ екенін айтты. "Мұндай ақшаны Еуропадан жөнелту қиын. Маған мұнда тамағымды мемлекет төлеп беріп отыр" деді Шерзамонов.

Бадахшанның бейресми лидері Мамадбокир Мамадбокиров 22 мамырда Хорог қаласында өлтірілген. Тәжікстан билігі оны қылмыс әлемінің мүшелері өлтірді десе, марқұмның туыстары құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қолынан қаза тапты деп отыр.

Ульфатхоним Мамадшоева 65 жаста, құқық қорғаушы әрі журналист. Таулы Бадахшандағы ақпарат арналарында істеп, "Номус ва инсоф" атты үкіметтік емес ұйымды құрған. 1990 жылдары Бадахшанды қорғау ұйымының мүшесі болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG