Accessibility links

Украинада Ресей жағында соғысып жүрген неонацистер деген кімдер?


Ресейлік неонацист Алексей Мильчаков Сирия мен Украинада соғысқан деп айтылады. Архивтен алынған сурет.
Ресейлік неонацист Алексей Мильчаков Сирия мен Украинада соғысқан деп айтылады. Архивтен алынған сурет.

Кремль Украинамен соғыстың мақсаты елді нацистерден құтқару деп мәлімдеген. Ал Ресей жағында соғысып жатқан неонацистер кімдер?

2020 жылғы желтоқсанда жарияланған видеода ұлты орыс екі ер адам виски ішіп отырып, украиндарды өлтіру жайлы айтады.

«Мен нацистпін» дейді олардың бірі Алексей Милчаков. Ресейдің нацистік арналарының бірінде жарияланған видеоның басты кейіпкері де сол. «Ұлтшылмын, патриотпын, империалистпін, тағысын тағы деп айтпай-ақ қояйын. Ашығын айтсам, мен нацистпін».

«Адам өлтіргенде аңға шыққандай құштарлық пайда болады. Аңшылыққа шықпаған болсаң, байқап көруің керек. Қызық» дейді ол.

Милчаков тек аты шыққан нацист қана емес. Ол күшік өлтіріп, соның фотосын әлеуметтік желілерге салып та танылған. Ол нацистік символика мен радикалды нәсілшіл идеологияны қолдайтын «Русич» деген ресейлік әскери топты басқарады. Бұл топ пен Милчаковтың Украина мен Сириядағы айуандықтарға қатысы бар.

Украинада Ресей қарулы күштері мен сепаратистер жағында «Орыс империя қозғалысы» мен «Русич» тобының мүшелері соғысып жатыр. АҚШ екі жыл бұрын бұл қозғалысты террористік ұйым деп таныған.

Германия федералды барлау қызметінің құпия баяндамасында Украинада Ресейдің оңшыл экстремистері мен неонацистердің соғысып жатқаны айтылған. 22 мамырда Der Spiegel басылымы баяндамадан цитата келтірген.

«Германия сарапшылары Ресейдің неонацистік топтарды қолдауы Путин мен оның үкіметінің басқыншылықтың негізгі себептерінің бірі Украинаны неонацистерден азат ету деген сөзіне қарсы келетінін айтады» деп жазады Der Spiegel.

Басылым баяндамада «Соғыстың себебі Украинаны нацистерден азат ету» деген сөздің ақылға сыймайтыны жазылған дейді.

СИРИЯДАН УКРАИНАҒА

24 ақпан күнгі басқыншылыққа дейін Украинадағы соғыс оңшылдарға жататын сарбаздарды өзіне тарта бастаған. Ұзақ уақыт бойы Украина қарулы күштері құрамында болған немесе сол жақта соғысқан жасақтар мен әскери құрылымдарға назар аударылған. 2014 жылы Донбасста болған шиеленіс кезіндегі жағдай осыған ұқсайды.

Украинада «Азов» батальоны деп аталатын оңшыл полк құрылған. Ол соғыстың алғашқы күндері кең танылған еді. Топты құрғандар мен қазіргі лидерлері ксенофобия мен иммигранттарға қарсы риториканы ашық қолдайды. Оның логотиптері екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі кейбір нацистік бөлімдердің белгісіне ұқсайды.

Кейін «Азов» Украинаның ұлттық гвардия құрамына кірді де, экстремистік мәлімдемелерін азайтты. Бірақ «жойқын әскери күш» деген беделін сақтап қалды.

Ресей шенеуніктері жылдар бойы «Азов» полкі мен Степан Бандера секілді ұлтшыл қайраткерлерді пропаганда мақсатында пайдаланып, олардың көзқарасы мен әрекеттерін асыра сілтеп немесе бұрмалап көрсетті. Осылайша олар Украина неонацистердің бақылауында деген ойды таратты.

24 ақпанда басқыншылық жайлы хабарлағанда Путин бұл әрекетін ақтап алуға тырысып, елді нацистерден азат еткісі келетінін айтты. Киев пен Батыс билігі бұл аргументтердің шындыққа келмейтінін, рас болса да, бұл демократиялық жолмен таңдалған билігі бар елге басқыншылық жасауды ақтап ала алмайтынын айтады.

Кейінгі жылдары Украинаға қарсы ғана емес, Сирияда Ресей жағында соғысып жатқан оңшыл жасақтарға жөнді назар аударылмады.

Кей сарбаздар Ресейдің «Вагнер» секілді топтарына қосылып жатқанда, біршама сарбаз «Русич», «Орыс империя қозғалысының» легионына кіріп, дайындықтан өткен.

Сарапшылар бұрынғы десантшы Милчаков «Русичті» Ян Петровскиймен бірге құрды дейді. Кей сарапшылар олардың «Вагнер» тобымен байланысы барын айтады.

«Русич» тобы диверсиялық шабуыл және барлау тобы ретінде 2014 жылы Санкт-Петербургте құрылған.

Милчаков та, Петровский де 2014-2015 жылдары Донбасста Украинаға қарсы соғысқан. Сол кезде олар «Донбасс еріктілерінің одағы» құрамында алған жапсырмаларын ашық көрсетіп жүрген. Бірақ ол кездері Ресей сарбаздарының Донбасста шайқасқанын жоққа шығарып, Украина әскеріне қарсы соғысып жатқандарды жергілікті партизандар деп мәлімдеген еді.

2014 жылы қыркүйекте Луганск облысының Счастье ауылында «Русич» сарбаздары Украинаның «Айдар» әскери тобымен шайқасқан. Украина баспасөз құралдары сол кезде ондаған украин сарбаздың өлтірілгенін хабарлады. Содан кейін желіде өртелген және сау-тамтығы жоқ адам өліктерінің суреті тарап кетті. Кейін Милчаков соны суретке түсіргенін ашық айтып, мақтанды.

Алексей Мильчаков (оң жақтан екінші) Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистермен бірге. 2014 жыл.
Алексей Мильчаков (оң жақтан екінші) Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистермен бірге. 2014 жыл.

Осыдан екі жыл бұрын блогерлер мен журналистер тапқан фото-видеолардан кейін Милчаковтың аты шықты. Онда ол күшікті қинап, басын кесіп, соңында оны жеп жатқандай болады.

Ресейдің «Московский комсомолец» газеті «Санкт-Петербургтегі фашист қасапшы жасаққа қосылды» деген жаңалық таратқан.

2015 жылдың басында Канада, Ұлыбритания, Еуроодақ Милчаков пен Петровскийға санкция салды. Милчаков «Украинаның тәуелсіздігі мен егемендігіне, территориялық тұтастығына кесірін тигізетін саясат пен әрекеттерді белсенді қолдайды» деп жазылған Ұлыбританияның санкция жайлы мәлімдемесінде.

2016 жылғы қазанда Петровский Норвегияда қамауға алынды. Ол онда «Один сарбаздары» оңшыл тобына байланысы бар норвегпен бірге тұрып, жұмыс істеген. Сол айда оны депортациялаған.

2020-2021 жылдары әлеуметтік желілерде тараған фото-видеолар «Русич» сарбаздарының Сирияда болғанын көрсетеді. Ресей онда Сирия режимін қолдап, оппозицияны басу үшін әскери операция өткізген еді. 2017 жылы «Фонтанка» басылымы Милчаковтың Пальмир маңында бассейнде жүзіп жүрген фотосын тапқан.

Неміс барлауының баяндамасында «Русич» сарбаздарының Украинаға сәуірдің басында барғаны айтылған.

24 ақпанда соғыс басталғаннан бері Милчаков пен Петровскийдің Украинада болғанына ешқандай дәлел жоқ. Дегенмен, 27 мамырда «Русич» тобына қатысы бар деп айтылатын Телеграм арна Милчаков пен Петровскийдің Украинада түскен суретін жариялады. Онда олар жартылай бүлінген беренді көлік алдында тұр.

Онда «Милчаков іске қайта кірісті. Қазір ол Украина жерін нацистер мен әскерден азат етумен айналысып жатыр» деп жазылған.

«РЕЗЕРВТЕГІ ОТРЯД»

Соғыс басталғанда, «Орыс империя қозғалысы» легионының басшысы Денис Гариев Телеграм арнасында «Украинадағы сепаратистік құрылымды жоюға қатысатынымыз сөзсіз» деп жазды.

2002 жылы Санкт-Петербургте Станислав Воробьев құрған «Орыс империя қозғалысы» монархиялық идеологияны қолдайды. Олар Ресейді орыстың соңғы патшасы Романтовтардың династиясы билеуі керек дейді.

2020 жылы сәуірде АҚШ мемлекеттік департаменті осы топқа және Воробьев, Гариев пен тағы бір адамға санкция салды.

«Топ Еуропада неонацистерді жақтаушыларды әскери дайындықтан өткізген және осы топтарды олардың жауына қарсы біріктіру үшін белсенді жұмыс істейді» деп жазылған ведомство мәлімдемесінде. «Қозғалыстың Санкт-Петербургте екі оқу кешені бар. Оны орманды және қалалы жерлерді шабуылдау кезінде әскери дайындық үшін қолданады».

Гариевтің Телеграмдағы хабарламасынан бірнеше апта өткен соң Санкт-Петербург маңындағы «Партизан» деген жаттығу орталығы Украинадағы әскери әрекеттерге қатысатын еріктілер қабылдап жатқанын хабарлады.

Гариев «Резертегі отряд» деген соған ұқсас ұйым құрды. Неміс барлауының дерегінде, ұйым ішкі істер министрлігі мен ФСБ-дан біршама миллион рубль болатын тапсырыс алған. ФСБ – Кремльдегі лауазымды тұлғаларды қорғаумен айналысады.

«Русич» тобы секілді «Орыс империя легионы» 2014-2015 жылдары Украинаның шығысындағы әскери әрекеттерге қосылған. Сарбаздар сол кездері топтың кемінде үш мүшесі өлгенін хабарлаған.

Неміс барлауы Гариев сәуірдің ортасында шайқас кезінде жарақат алған дейді. Ал оның орынбасары Денис Некрасов Харьков облысындағы Изюм қаласының маңында өлген.

Ресейдегі экстремистік топтар жөніндегі сарапшы, «СОВА» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Александр Верховский қазір Украинада Донбасстағы соғыстың алғашқы жылдарына қарағанда экстремистердің анағұрлым аз екенін айтады.

«Ұлтшылдар соғыстың бірінші сатысында маңызды болды» деді ол «Настоящее время» арнасына. «Олар көп болмаса да, маңызды болды. Қазір Ресейде ерікті көп емес... Көп болса, ондаған топ шығар».

«Настоящее время» тілгісі Дмитрий Кожуриннің репортажы негізінде жазылды

XS
SM
MD
LG