Accessibility links

Алматыда референдумға наразылық білдірген белсендіні полиция ұстап әкетті


"Астана" алаңында тұрған полиция көліктері. 5 маусым 2022 жыл.
"Астана" алаңында тұрған полиция көліктері. 5 маусым 2022 жыл.

Алматыда полиция Арбат маңында референдумға қатысты пикет өткізген Oyan, Qazaqstan белсендісі Дархан Шәріповті ұстап әкетті. Бұл жөнінде Vlast сайты хабарлады.

"Тұтас реформалар пакетіне дауыс бергім келмейді. Бұл жартылай реформалар, саяси емес" деді пікірін айтқан белсенді. Көп ұзамай полиция оны сол жерден ұстап әкетті.

Белсендінің қолында "Қанды қаңтар. 2022 жыл. Ұмытпаймыз", "Реконституция" деген жазуы бар плакаттар болды.

Азаттық тілшісі полициядан жауап ала алмады.

Қазақстанда Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум өтіп жатыр. Билік Конституцияның үштен бірін яғни, 33 бапты өзгертуді ұсынып отыр. Бюллетенде "түзетулерді қолдайсыз ба?" деген жалғыз сұрақ бар.

Осыған дейін бірқатар белсенділер, құқық қорғаушылар Конституцияға өзгерістерді қоғамда талқылауға жеткілікті уақыт берілмегенін айтып, референдумды кейінге шегеруге үндеген. Кейбірі оған бойкот жариялауға шақырған. Алайда билік реакция білдірмеді. Мамыр соңында халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігі түзетулерді референдумға шығармастан бұрын "ірі талқылау өткізіп, өзгерістерді қарастыруы тиіс" деген. HRW мәлімдемесінде Қазақстан билігі ашық саяси жүйе құру міндетін мойнына алғанмен елде пікірін ашық айтқан белсенділерді қудалау жалғасып жатыр деп атап өткен.

Ақорда "мемлекеттік құрылымның жаңа моделіне өтеміз", президент құзыретін азайтып, парламентті күшейтеміз деп уәде берген. Бірақ сыншылар көп өзгеріс бола қоймайды, билік "суперпрезидент жүйесінен" бас тартпайды дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG