Accessibility links

Украина Северодонецкіде Ресей басып алған аумақтың біраз бөлігін қайтарғанын мәлімдеді


Северодонецк қаласы. 2 маусым 2022 жыл.
Северодонецк қаласы. 2 маусым 2022 жыл.

Луганск облысы әкімшілігінің жетекшісі Сергей Гайдай Украина қарулы күштері қазір Северодонецкінің шамамен жартысынан астамын бақылап отырғанын мәлімдеді. Контршабуылдың нәтижесінде қала аумағының біраз бөлігі Украина бақылауына өткен.

Гайдайдың айтуынша, осыған дейін Ресей күштері қала аумағының 70 пайызын басып алған, алайда соңғы екі күнде украин әскері жоғалтқан жерлерін ішінара қайтара бастаған. Гайдайдың сөзіне қарағанда, сегіз ресейлік сарбаз тұтқынға түскен. Ресей тарабы әзірге ақпаратқа түсініктеме бермеді.

Северодонецкідегі украин солдаттарының жеңісі жөнінде Ұлыбритания қорғаныс министрлігі және АҚШ-тың соғысты зерттеу институты (ISW) да мәлімдеді. Британ министрлігі күн сайын жариялайтын хабарламасында украин күштері "әскери топтары мен оқ-дәріге жете көңіл бөле отырып, Ресей әскерінің шабуыл қарқынын бәсеңдете алған тәрізді" деп жазды.

Министрлік сонымен бірге Ресей өз солдаттарының шығынын азайту мақсатында Северодонецкіде "Луганск халық республикасының" дайындықтан нашар өткен және әлсіз қаруланған солдаттары мен резервистерін пайдаланып жатыр деп атап өткен. Ал АҚШ-тың соғысты зерттеу институты Ресей күштерінің Северодонецк мен көрші Лисичанскіні алуға қауқары бар, алайда шабуыл қарқыны бәсеңдеді деп жазды.

Северодонецк үшін шайқас наурыз айында басталған. Мамыр соңында Ресей әскері қалаға басып кіріп, тұрғын үйлердің біраз бөлігін бақылауға алған. Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров қала басып алынғанын мәлімдеген, алайда Ресей қорғаныс министрлігі ақпаратты ресми түрде растамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG