Украинаның шығысында соғысып жүрген Ресей сарбаздарынан табылған цифрлық камераның жадында бір отбасының бейбіт өмірі мен осы елге басып кірген орыс сарбаздарының суреттері бар. Сол сарбаздар камераны ұрлап алғанға ұқсайды.
Төменде көрсетілген сурет ер адамдардың қалыпты отырысынан түсірілгендей көрінеді. Бірақ пулеметтің (оң жақта) ағаш сабы мен қолға таңылған ақ шүберекке қарап, соғыс алаңындағы жағдай екені аңғаруға болады. Мұндай шүберекті әдетте Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистер таңады.
Украинаның 24-ші механикаланған бригадасы бұл камераны мамырдың ортасында қолға түсірген. Ол Украина шығысындағы Луганск облысындағы шайқастан кейін ресейлік бронтранспортерден табылған.
Sony маркалы құрылғыда украиналық бір отбасының соғысқа дейін түсірілген мыңға жуық суреті мен Ресей сарбаздарының 11 суреті және үш шағын видеосы сақталған.
Украина қарулы күштерінің баспасөз атташесі Назар Ильницкийдің Азаттыққа айтуынша, камераны шамамен Киев түбіндегі Гостомель қаласындағы үйлердің бірінен Украина астанасына шабуылдамақ болған Ресей әскерилері ұрлаған. Кейін Киев түбіндегі орыс әскері Украинаның шығысына шоғырланған. Ал орыс сарбаздары әлгі камераны сонда алып кеткен.
Камераны тауып алған украин сарбазы құрылғының брондалған көліктің ішінде болғанын айтады.
"Ресейліктер камераны десантшыларға арналған көлікке апарған. Көліктегі экипаждың көзі жойылғаннан соң, оның ішінен осы камера табылды" дейді ол Азаттыққа.
Ильницкийдің айтуынша, суреттегі сарбаздар – Ресейдің Ульяновск қаласындағы 31-ші әуе-десант бригадасының қызметкерлері. Олардың тағдыры не болғаны беймәлім. Құпиялық қағидасына сүйене отырып, Азаттық камераның иесі болуы мүмкін деген отбасының бір ғана суретін жариялап отыр.
Камераны тауып алған украин сарбаздары осы сурет арқылы құрылғының иелерін тауып алып, затты иесіне қайтаруды ойлайды. Ильницкийдің сөзінше, мыңға жуық суреттің ішінде сапарлар, демалыс және ұлының оқуды аяқтау салтанатынан түсірілген кадрлар бар.
24-ші механикаланған бригаданың 30 мамыр күні Facebook желісінде жариялаған жазбасында: "Фотоаппарат иелерінің жағдайы жақсы деп үміттенеміз... Жуырда осыншама ұзақ жолдан өткен камераны қайтара аламыз" деп жазылған.
ПІКІРЛЕР