Accessibility links

Бес жылға сотталған 13 белсендінің бірі Ноян Рақымжанов шартты жазамен бостандыққа шықты


Ноян Рақымжанов
Ноян Рақымжанов

Былтыр күзде бес жылға сотталған азаматтық белсенді Ноян Рақымжанов бүгін, 8 маусымда шартты жазамен бостандыққа шықты. Екі апта бұрын Қонаев (бұрынғы Қапшағай) қалалық соты белсендінің жазасын жеңілдеткен еді. Рақымжанов сот үкімінің өтелмеген үш жылын пробациялық бақылауда өткізеді.

– Бүгін таңертең жетіде түзеу мекемесінен шығарып, мекеме қызметкерлері үйіме әкеп тастады. Денсаулығым жаман емес, көңіл күйім де жақсы, – деді Рақымжанов Азаттық тілшісіне.

57 жастағы Ноян Рақымжанов - былтыр күзде сотталған алматылық 13 белсендінің бірі. Оның төртеуі "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деп, бес жылға қамауға алынған, қалғаны шартты жазамен босатылған.

Прокуратура тыйым салынған ұйым ретінде "Көше партиясы" қозғалысын атап, оны шетелдегі оппозиционер Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысымен байланыстырған еді. Нұр-Сұлтан соты екі қозғалысты да "экстремистік ұйым" деп таныған, бірақ Еуропарламент оын "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Бес жылға сотталған үш белсендінің жазасы бұған дейін жеңілдеп, босап шыққан. Төртіншісі – Ноян Рақымжанов болатын.

– Саяси тұтқындарды мерзімінен бұрын босатып жатқаны позитивті жайт. Бірақ "саяси тұтқындарды" толығымен ақтамайынша жүйе өзгерді деуге болмайды, – дейді Ноян Рақымжанов.

Ол өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, сотталса да көзқарасы өзгермегенін айтты.

– Бізді жаламен соттады. "Көше партиясы" қозғалысының экстремистік ұйым екеніне дәлел жоқ. Менің "кінәмді" "Жемқорлар мен ұрылар кетсін!" деген 2 секундтық видеомен дәлелдеген болды. Заңда жемқорлық та, ұрлық та – қылмыс. Соны айтқаным үшін соттады. Әділдік үшін күрестім, әлі де сол ойымнан тайған жоқпын, – дейді Ноян Рақымжанов.

Ноян Рақымжанов 2019 жылғы 9 маусымда, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатқанда алғаш рет наразылық акциясына шыққан. Осы сайлаудан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті болып сайланды деп жарияланған. Бақылаушылар сайлауда заңсыздық пен бұрмалау көп болғанын мәлімдеген. Президент сайлауы күні және одан кейін Қазақстанның ірі қалаларында "әділетсіз сайлауға" қарсылық акциялары күшейген. Оған қатысқан белсенділер жаппай тұтқындалып, оларға түрлі шара қолданылған.

Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды билікті қатаң сынаған белсенділерді қудалайды, ізіне түсіп, аңдиды, түрмеге қамайды деп жиі сынайды. Билік саяси қудалау барын теріске шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG