Accessibility links

Нұр-Сұлтан әкімдігі бесінші өтініштен соң Украинаны қолдау митингісіне рұқсат берді


Белсенді Әйгерім Шадеева Нұр-Сұлтан әкімдігінен Украинаны қолдау митингісін өткізуге рұқсат алды.
Белсенді Әйгерім Шадеева Нұр-Сұлтан әкімдігінен Украинаны қолдау митингісін өткізуге рұқсат алды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімі азаматтық белсенді Әйгерім Шадееваға 25 маусымда қаладағы цирк алдында Украинаны қолдау митингісін өткізуге рұқсат берді. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің өзі айтты.

Митинг 25 маусым 14.00-ге жоспарланған. Белсенді өтінішін мамыр айының соңында жіберген.

24 ақпанда Ресей Украинаға басып кірген соң Шадеева әкімдікке Украинаны қолдау митингісін өткізу үшін бес рет ескертпе жіберген. Нұр-Сұлтан әкімдігі белсендінің төрт өтінішін кері қайтарып, митингіге рұқсат бермеген еді.

Қазақстанда жергілікті әкімдіктер Украинаны қолдау митингісіне екінші рет рұқсат беріп отыр. 6 наурызда Алматыда әкімдік рұқсатымен Украинадағы соғысқа қарсы наразылық шарасы өтіп, мыңдаған адам жиналған еді.

6 наурыздағы митингіден кейін қазақстандық белсенділер Украинадағы соғыс пен Ресей агрессиясына қарсылық акциясын тағы да өткізуге бірнеше рет талпынғанымен, билік түрлі желеумен рұқсат етпеді.

19 наурызда алматылық белсенді Әлнұр Илияшев бастаған бірнеше азамат Алматыда соғысқа қарсы көпшілік шара өткізу жөнінде тиісті хабарлама тапсырғанымен, қала әкімдігі келісім бермеді.

Алматылық тағы бір белсенді Дәулет Әбілқасымов 3 сәуірде Украинаны қолдап бейбіт шеру өткізетіні жайлы қала әкімдігіне жазбаша хабарлама берген, бірақ билік ол сұраған жерде жөндеу жүргізілетінін алға тартқан.

Қазақстан заңы бойынша, бейбіт митинг өткізгісі келгендер шара жайлы жергілікті билікке алдын ала ескертуі тиіс. Әкімдіктер саяси талаптар айтылатын митингілерге көбіне рұқсат бере бермейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG