10 маусымда Теміртаудағы "АрселорМиттал" металлургиялық комбинатында цехтың төбесі опырылып, жұмысшылар үйінді астында қалды. Бұл туралы Азаттыққа комбинат жұмысшылары хабарлады. 18:30-дағы жағдай бойынша, құтқарушылар үйінді астын тазалап жатыр.
Ресми дерек бойынша, төрт адам қаза тауып, бір адам ауруханаға жеткізілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Азаттыққа науқастың жағдайы бірқалыпты екенін айтты.
- Науқас маңдайынан жарақаттанған, ол ауруханаға жеткізілгенде есін білді. Қазір дәрігерлер диагностика жүргізіп жатыр, - деді денсаулық сақтау басқармасындағылар.
АМТ компаниясы 18.30-дағы хабарламасында қаза тапқандар туралы ештеңе айтпады, тек "үйінді астында бес адам қалғанын" жазды.
Апат АМТ компаниясына тиесілі "Құрылысмет" цехінің жылу пешін жөндеу кезінде болған. Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбек 18.00 шамасында Facebook парақшасында АМТ цехіндегі апат жайлы пост жариялап, "оқиға орнында төтенше жағдай қызметкерлері, комбинат басшылығы мен жауапты адамдар жүр" деп жазды.
Ал облыс әкімдігінің баспасөз қызметі "қайғылы оқиғаны тексеру үшін арнайы тексеріс жүргізілетінін" хабарлады.
Марқұмдардың отбасына ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтты.
АМТ компаниясына тиесілі металлургиялық комбинаттар мен басқа да кеніштердегі қауіпсіздікке қоғам мен билік тарапынан жиі сын айтылады.
Былтыр күзде төтенше жағдай министрі Юрий Ильин "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының өндірістік нысандарында қауіпсіздік ережелері сақталмайтынын бірнеше рет анықтап, шара қолданғанын айтқан. Алайда соттар нысанның жұмысын тоқтату туралы өтініштерді орындамай, тек айыппұлмен шектелген.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы Қарағанды облысындағы бірнеше шахта мен комбинатқа ие. Компания иесі – миллиардер Лакшми Миттал.
ПІКІРЛЕР