Accessibility links

Білім және ғылым министрлігі екіге бөлінді. Асхат Аймағамбетов оқуды, Саясат Нұрбек ғылымды басқарады


Асхат Аймағамбетов
Асхат Аймағамбетов

Білім және ғылым министрлігі оқу-ағарту министрлігі және жоғары білім министрлігі болып екіге бөлінді. Бұл жөнінде Ақорда сайты хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" бүгін жарияланған жарлығымен екі министрліктің еншісі бөлінген.

Білім және ғылым министрлігінің "мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру, балалардың құқықтарын қорғау, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді цифрландыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері оқу-ағарту министрлігіне берілген.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, тіл саясаты, ғылым, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мен ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді цифрландыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктер Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілген.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Асхат Аймағамбетов Оқу-ағарту министрі, биыл ақпанда парламент мәжілісіне "Нұр-Отан" партиясының тізімімен өткен депутат Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрі қызметіне тағайындалған.

1982 жылы туған Асхат Аймағамбетов 2019 жылдың жазында Білім және ғылым министрі болып бекіген, оған дейін Қарағанды облысы білім басқармасының бастығы, білім және ғылым министрінің орынбасары, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

2007 жылдан "НұрОтан" (қазіргі "Аманат") партиясының мүшесі, 1981 жылы туған Саясат Нұрбек 2011 жылы Қазақстан президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының, 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланғаннан кейін құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі болған. 2015-2016 жылдары Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы бастығының міндетін атқарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG