Accessibility links

"Осы жағдайға әкімдік жеткізді". Алматыдағы "заңсыз" құрылысқа қарсылық акциясында адам өлді


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

11 маусымда Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Короленко көшесінде орналасқан бес қабатты үйдің тұрғындары "заңсыз салынған" құрылысқа қарсылық білдіріп, көшені жапты. Көшден өте алмаған көлік жүргізушілеріің бірі тұрғындармен жанжал кезінде тиген соққыдан ауруханада қайтыс болған.

Оқиғаны көргендердің сөзіне қарағанда, көшеден көлігі өте алмаған жүргізуші жолды жауып тұрған тұрғындардың бірі – егде кісімен жанжалдасқан. Егде кісіге көмектескен тағы бір жігіт итеріп жібергенде, жүргізуші асфальтқа құлаған. "Жедел жәрдем" әкеткен жүргізуші ауруханада қайтыс болған.

Жүргізушіні итерген адамды полиция әкетіп, қамауға алған. Полиция департаменті баспасөз қызметі оған Қылмыстық кодекстің "денсаулыққа қасақана ауыр зақым келтіру" бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады. "Рұқсат етілмеген акция өткізді" деген айыппен тағы да төрт адам әкімшілік жауапқа тартылған.

- Жүргізушілердің бірі егде жастағы көршімізді ұрғанын көріп, күйеуім ара түсіп, итеріп жіберген. Көршімізге азық-түлік апарып, көмектесетінбіз. Бүгін ауруханаға барғанымда жүргізушінің қайтыс болғанын естідім. Күйеуімді полиция әкетті. Төрт баламыз бар, күйеуім алкоголь ішімдік ішпейтін, темекі шекпейтін адам. Біздің үйдің тұрғындары балаларымыздың қауіпсіздігі үшін көшеге шықты,- дейді қамауға алынған адамның әйелі Мәдина Сейітаханова.

Қала тұрғындарының мәселесін жиі көтеретін белсенді Салтанат Тәшімова бүгін әлеуметтік желідегі парақшасына 11 маусымда болған оқиғаның видеосын салған. Оның сөзінше, Короленко көшесіндегі №8 үй тұрғындарының "өз құқықтары үшін күресіп жүргені биыл ғана емес".

– Короленко көшесі шағын, тұйық көше [Үй подъездері бірден көшеге шығады – Ред.]. Осыдан бірнеше жыл бұрын №8 үйдің іргесінен "Терра" тұрғын үй кешенінің құрылысын бастаған. "Терра" тұрғын үйі жанындағы бес қабатты үйдің ауласын жауып, көлік тұрағын да алған, үй тұрғындарының есік алдына шығуы қауіпті бола бастаған. Өйткені шағын көшемен көлік үзілмейді, – дейді Салтанат Тәшімова.

Азаттық тілшісімен сөйлескен №8 үй тұрғындары шағын көшеге шлагбаум қою туралы мәселені әкімдікке бірнеше рет айтқанын, бірақ әкімдік түрлі уәдемен шығарып салғанын хабарлады. Оқиға болған күні әкімдік өкілдері келіп, тұрғындарды жиынға шақырған. Әкімдіктің уәжіне тағы да наразы болған тұрғындар көшені жауып, көлік алдын бөгеген.

– Тұрғындардың шыдамы таусылуға айналды. Сөйтіп аяқ астынан жолды жауып тастады. Оларды мұндай қадамға билік, әкімдік жеткізді. Билік құрылыс компанияларының сойылын соғады. Алматыда тұрғындардың конституциялық құқығын бұзатын заңсыз құрылыстар өте көп. Әлеуметтік ахуал күн сайын ушығып барады, кешегі кісі өлімі соның көрінісі,- дейді Салтанат Ташимова

Короленко көшесінің бойындағы №8 бес қабатты үй 1990 жылдары салынған. Пайдалануға берілген 17 қабат "Терра" тұрғын үй кешіні бес блоктан тұрады.

Тұрғын үйді салған Tau Development компаниясы "Терра" тұрғын үй кешенін "жайлы өмір мен қауіпсіздікті қадірлейтін адамдарға арналған үй" деп сипаттайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG