Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы 13 маусымдағы мәлімдемесінде Нұр-Сұлтанды қамауда отырған оппозициялық белсенді Жанболат Мамайға қозғалған істі тоқтатып, оны қамаудан босатуға шақырды.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда адам құқығы бірінші орында деген мәлімдемесінен бір күн өткенде билік бейбіт митингіге шығу құқығын пайдаланған оппозиция лидеріне негізсіз қылмыстық айып тақты. Жанболат Мамайға қозғалған қылмыстық мүлде негізсіз, Қазақстан билігі оны қамаудан шұғыл босатуы тиіс" деді HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.
Тіркелмеген "Демократиялық партия" жетекшісі, 34 жастағы Жанболат Мамай ақпанның соңынан бері бері қамауда отыр
Ол 16 ақпанда Алматыда Қаңтар қырғынында қаза болғандарды еске алу шарасын өткізген соң "рұқсат етілмеген митинг өткізді" деген айыппен 15 күнге қамалған. Кейін 26 ақпанда Мамайдың үстінен "Билік өкілін қорлау" және "Жалған ақпарат тарату" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды.
Қамалған соң оған Қаңтар оқиғасына байланысты "қару қолдану, қирату, өртеу жолымен жаппай тәртіпсіздік жасады" және "төтенше жағдай кезінде жаппай тәртіпсіздік жасады" деген тағы екі айып тағылды.
10 маусымда сот Мамайдың қамау мерзімін 9 шілдеге дейін ұзартқан. Айыпты деп танылса Жанболат Мамай 10 жылға дейін бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін. Белсендінің жақтастары бұл істердің саяси астары бар деп санайды.
HRW мәлімдемесінде Қаңтар оқиғасынан соң Қазақстанда бірнеше белсендінің үстінен іс қозғалғанын атап өткен. Мәселен, Шымкентте Қаңтар оқиғасынан соң ұсталған белсенді Молдабай Сәдібеков "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен үш жылға түрмеге қамалды. Ал Өскеменде Қаңтар оқиғасынан соң ұсталған белсенді Айдар Байсағатовтың үстінен "билік өкіліне күш қолданды" деген айыппен сот басталды.
HRW өкілі Уильямсон "Қазақстан Қаңтар оқиғасы кезінде ойын еркін айту құқығын пайдаланған саяси және азаматтық белсенділерді қудалауды тоқтатуы тиіс. Оның орнына жергілікті және халықаралық сарапшылармен Қаңтар оқиғасына тәуелсіз тергеу жүргізіп, адам құқығын бұзғандарды жауапқа тартуы керек" деді мәлімдемеде.
- Қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауынан басталған наразылық кейін дүрбелеңге ұласып, оқиғадан ресми дерек бойынша 238 адам қаза болды. Билік оқиғада қаза тапқандардың есімін және қырғынды кімдер ұйымдастырғанын ашып айтпай отыр. Сарапшылар Қаңтар оқиғасына кланаралық қақтығыстар себеп болды дейді.
- Наурызда да Human Rights Watch ұйымы биліктен Мамайды босатуды сұраған. Бұдан бөлек, Amnesty International, Freedom House халықаралық ұйымдары да Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға үндеген.
- Мамай авторитар үкіметті қатаң сынаумен танылған. Ол "Қазақстанның демократиялық партиясын" құрып, тіркеуге тырысқанын, бірақ билік кедергі келтіргенін айтқан.
ПІКІРЛЕР