Accessibility links

Журналистік ұйымдар қысым жайлы мәлімдегеннен кейін Душанбеде танымал блогерлер ұсталды


Тәжікстандық блогерлер Абдулло Гурбати (сол жақта) мен Далери Имомали.
Тәжікстандық блогерлер Абдулло Гурбати (сол жақта) мен Далери Имомали.

Тәжікстандық екі танымал блогер – Далери Имомали мен Абдулло Гурбатиді 15 маусым кешке Душанбенің Шомансур аудандық прокуратурасының қызметкерлері ұстаған.

Билік блогерлерді не себепті ұстағанын айтпай отыр. Далери Имомали мен Абдулло Гурбатидің қандай айыбы бары да белгісіз.

Тәжікстандағы көкейкесті мәселелерді көтеріп, тікелей эфирге шығып, репортажымен танылған блогер, актер әрі режиссер Далери Имомали 15 маусымда таңертең өзін Айнин аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері ұстағанын Facebook-парақшасында хабарлаған. Түстен кейін Далери Имомалиді Душанбенің Шомансур аудандық прокуратурасына жеткізген.

Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди қызметінің хабарлауынша, прокуратурада Далери Имомалимен бірге оның адвокаты да болған. Сол күні кешке екеуін терезесі күңгірттелген, шетелдік нөмір жапсырылған автокөлікке отырғызып, белгісіз жаққа алып кеткен. Прокуратурада болған журналистердің сөзінше, оқиғаның жылдам өрбігені сонша, блогердің қандай жағдайда екеніне ешкім зер сала қарап үлгермеген.

Осыған дейін Далери Имомали 4 маусымда өзін құқық қорғау органдары қызметкерлері ұстап, бес сағат бойы тергегенін хабарлаған.

Тәжікстанға танымал белгілі екі блогер елдегі 11 мемлекеттік және жеке меншік газет редакциялары мен журналистік ұйымдар бірлескен мәлімдеме жарияланған соң бірнеше күннен кейін ұсталған. Аталған мәлімдеме авторлары биліктен Азаттықтың Тәжік қызметінің журналисі Муллораджаб Юсуфзода мен блогер Далери Имомалиді сабауға қатысы бар адамдарды тауып, жауапқа тартуды талап еткен.

Бірлескен мәлімдемеде тәжікстандық журналистік ұйымдар БАҚ өкілдеріне жасалған қысымға байланысты мына жайттарға назар аударған:

  • Таулы Бадахшан автономиялы аймағындағы оқиғалар кезінде БАҚ қызметіне кедергі жасау;
  • Кейбір журналистерді тергеуге шақыру;
  • Озоди радиосының журналистері Барот Юсуфидің, Анушервон Ариповтың және Насим Исамовтың қызметіне кедергі жасау;
  • Олардың телефондары мен видео құрал-жабдығын тартып алу;
  • "Азия-Плюс" ақпарат агенттігі тілшісі Рамзия Мирзобекованың телефоны мен компьютерін тартып алу.

Бірлескен мәлімдеме авторлары "журналистерге қысым көрсетіп, қоқан-лоқы жасауды, қудалауды, сабауды доғаруды" талап етумен бірге елдің журналистік қауымдастығын "Тәжікстанның ұлттық мүддесін ескере отырып, заң аясында жұмыс істеуге" шақырған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Тәжікстанды сөз бостандығын шектеп, дін еркіндігіне қысастық жағасы және өзгеше ойлайтындарды қуғын-сүргінге салатыны үшін сынайды. Ресми Душанбе сынды теріске шығарып, елде бұқаралық ақпарат құралдарының еркін жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған деуден танбайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG