Қызылорда қаласының №2 соты Қаңтар оқиғасынан соң "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айыппен істі болған адвокат Әділхан Беденбаевтың бас бостандығын бір жарым жылға шектеу туралы үкім шығарды. Беденбаев іс барысында прокурормен келісімге келген.
Сот үкімі 11 маусымда шыққанымен, Қызылорда соттың баспасөз қызметі шешім жайлы ақпаратты Азаттыққа 19 маусымда берді. Үкім шыққанын және прокурормен процессуалдық келісім болғанын адвокаттың әйелі Жанна Беденбаева да растады.
Полицейлер Беденбаевты 11 қаңтарда көшеде тоқтатып, көлігін тінтіп, кейін полиция басқармасына жеткізген. Ол 5 қаңтарда "полиция басқармасына шабуыл жасап, жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген күдікке ілінген.
14 қаңтарда Қызылордадағы тергеу соты Беденбаевты екі айға қамау туралы шешім шығарған еді. Тағылған айыппен келіспейтін заңгер өзін қамауда полиция азаптағанын мәлімдеп, денесіндегі жарақат іздерін көрсеткен. 11 сәуірде сот Беденбаевты қамаудан үйқамаққа ауыстырған.
Адвокат полицейлер тарапынан азапталғанын айтып, жемқорлықпен күрес агенттігіне арыз да түсірген еді. Жанна Беденбаева күйеуі азаптауға қатысты түсірген арызын қайтарып алу үшін кері арыз жазғанын айтады.
- 2 қаңтарда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газ бағасының көтерілуіне қарсылықтан бастау алған жаппай наразылық бірер күнде Қазақстанның барлық облысын қамтыды. Бірқатар қалада наразылықтың аяғы қантөгіске ұласты. Ресми мәлімет бойынша, 238 адам көз жұмды (арасында күш құрылымдарының 19 қызметкері бар). Қызылорда қаласында 26 адам мерт болған. Оның біреуі – әскери борышын өтеп жүрген сарбаз.
- Бас прокуратураның мәліметінше, Қаңтар оқиғасы бойынша қазір бес мыңнан аса қылмыстық іс тергеліп жатыр.
- Осыған дейін Шымкентте сот Қаңтар оқиғасына қатысқан белсенді Молдабай Сәдібековті үш жылға түрмеге қамау туралы үкім шығарған.
ПІКІРЛЕР