Accessibility links

"Қылмыстық топ сияқты". Референдумда "заң бұзуды" көрген тәуелсіз бақылаушылар сотта жеңілді


"Қылмыстық топ сияқты". Алматылық тәуелсіз бақылаушылар сотта жеңілді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:19 0:00

ВИДЕО: "Қылмыстық топ сияқты". Алматылық тәуелсіз бақылаушылар сотта жеңілді

Алматыдағы тәуелсіз бақылаушылар референдум кезінде "заң бұзған" сайлау учаскелерін сотқа беріп, жеңіліп қалды. Олар апелляцияға шағым беруге әзірленіп жатыр. Бірақ Қазақстанда тәуелсіз бақылаушылар сотта ешқашан жеңбеген.

"ҚЫП-ҚЫЗЫЛ ЗАҢСЫЗДЫҚ"

Қазақстан Конституциясының үштен бірін өзгертуді дауысқа салған референдумда бақылаушы болу үшін Құрманғазы Батырбек 5 маусымда Алматыдағы №23 референдум учаскесіне барған. Таңғы, түскі я кешкі ас ішуге шықпай, 20:00-ге дейін дауыс беру барысын тапжылмай бақылаған.

Референдум учаскесіндегі бақылаушылар. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2022 жыл.
Референдум учаскесіндегі бақылаушылар. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2022 жыл.

Бұл – 25 жастағы Құрманғазының саяси науқанға бақылаушы ретінде алғаш қатысуы еді. Сол күні мұғалім бұл істің бар машақатына куә болды. Референдум учаскесінде көрген қысымы мен заң бұзу фактілеріне шағынып, артынша сотқа да жүгінді. 20 маусымда Құрманғазы сотта жеңіліп қалды.

– Менің учаскемде заң бұзу дауыс беру аяқтала сала басталды, – дейді ол.

Құрманғазының сөзінше, сайлау комиссиясы пайдаланылмаған бюллетеньдерді жоймастан жәшікті ашып жіберген. Бұл сайлау туралы заңның 43-бабында көрсетілген дауыс санау тәртібіне қайшы. Тәуелсіз бақылаушылар ескертуін комиссия елеусіз қалдырған.

Референдум комиссиясы бақылаушыларды дауыс санайтын жерден алысқа отырғызған. Бақылаушылар заңға сілтеме жасап, дауласқаннан кейін ғана үстелге таяу тұруға мұрсат берген.

Құрманғазы толтырылмаған және есепке алынған бюллетень қанша екенін естігенде сәйкессіздік барын байқаған. Бақылаушылар референдумда "иә" деп дауыс бергендер парағын қайтадан санап шығуды талап етіп, бюллетень салынған дорбаны аштырады. Комиссия хатшысы төңкерілген бума-бума қағазды қайта есептей бастайды. Бұл сәттің видеосы Азаттықта бар. Видеода сайлау комиссиясының төрағасы мен бақылаушылар дауыс көтере сөйлеседі.

Тәуелсіз бақылаушы Құрманғазы Батырбек. Алматы, 21 маусым 2022 жыл.
Тәуелсіз бақылаушы Құрманғазы Батырбек. Алматы, 21 маусым 2022 жыл.

– Астындағы қағаздар толтырылмаған, – дейді Құрманғазымен бірге дауыс санауды қадағалаған тәуелсіз бақылаушы.

– Таза парақтар кетіп жатыр. Мынау да таза, – деп Құрманғазы бір бюллетеньді суырып алады. Парақта ешқандай белгі жоғы көрінеді.

– Адамдар белгілемей жіберуі мүмкін ғой, – деп айқайлайды комиссия төрағасы.

– Белгілемей жібергенді алып тастамаса, сегіз комиссия не бітіріп тұр сонда? – деп ұрсады екінші тәуелсіз бақылаушы.

Жүздеген бос парақ ақырында, Құрманғазының сөзінше, референдумды жақтап дауыс бергендер нәтижесіне қосылып кеткен. Хатшы қағаздарды қайта дорбаға салып, алып кетеді.

– "Бұл – қып-қызыл заңсыздық. Ертең заң алдында жауап бересіздер" дедім. Комиссия төрағасы "қалаған жеріңе бар" дегендей әңгіме айтты, – дейді Құрманғазы.

Бақылаушыға учаскелік референдум комиссиясы дауыс беру қорытындысы туралы хаттаманы мөр баспай бергені:

Учаскелік референдум комиссиясының хаттамасы мен бақылаушы талабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:27 0:00

15 маусымда мұғалім мүше болған бақылаушылар ұйымы осы видеоны тіркеп, референдум учаскесіндегі дауыс беру туралы комиссия қорытындысын жоюды талап етіп сотқа арыз түсірді. 20 маусымда Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты шағымды қараған.

– Судья арызды мұқият тыңдады. Прокурор да кәдімгідей бізден жағдайдың жай-жапсарын сұрап отырды. Осыны көріп менде "біздің жағымызға қарай шешім шығарып берер" деген үміт, сенім пайда болды. Бірақ соңында прокурор бір қағазды қолына ұстады да, шешімді оқып бере салды: "Бұл ешқандай заң бұзуға жатпайды. Біз учаскедегі референдум қорытындысын жоймаймыз. Арыз-талаптарыңыз қанағаттандырылмайды" деді де, онлайн өтіп жатқан соттан шығып кетті, – дейді мұғалім.

Біраздан соң судья тап осы шешімді қайталап оқып беріп, отырысты жабық деп жариялаған.

– Сотта жеңілгеніме емес, бұл заңсыздықтың бәрі не үшін болып жатқаны туралы әңгімемнің комиссия мүшелері мен басқа бақылаушыларға еш әсер етпегеніне күйіп кеттім, – дейді Құрманғазы.

21 маусымда Азаттық Алматыдағы №23 референдум комиссиясының төрағасы Рима Әбдікәрімовамен сөйлесті. Ол "Бос парақтар дауыс берді деп саналған бюллетеньдер арасына кездейсоқ түсіп кеткен. Заң бұзу болған жоқ" деп жауап берді.

"СОТТАН КЕЙІН ӨЗІМІЗДІ ӘРЕҢ ЖҰБАТТЫҚ"

Құрманғазы мүше болған "Тәуелсіз бақылаушылар" бірлестігі референдум күні түрлі заң бұзу фактілерін анықтаған.

Бірлестік жетекшісі, тәуелсіз бақылаушы Арайлым Назарова бөліскен бір видеоға учаскелік референдум комиссиясы мүшелері жәшікке бюллетеньдерді топтап тастап жатқан сәті түсіп қалған. Екінші видеода бір азаматтың қатарынан екі учаскеде дауыс беріп жатқаны көрінеді. Сөйтіп бірлестік жиыны жеті айғақ-дәлелді тіркеп, соттан әр учаскедегі дауыс берудің ресми қорытындысын жоюды талап еткен.

Дауыс беруге келген адам референдум учаскесінде бюллетень алып тұр. Шымкент, 5 маусым 2022 жыл.
Дауыс беруге келген адам референдум учаскесінде бюллетень алып тұр. Шымкент, 5 маусым 2022 жыл.

Судья мен прокурордың істі "әдеттегідей жедел жауып тастамай, тәуелсіз бақылаушыларды ерекше назар қойып тыңдағанына" Арайлым да таң қалған. Бірақ ақырында судья "дәлел жеткіліксіз" деп, ешбір өтінішті қанағаттандырмай тастаған.

"Тәуелсіз бақылаушылар" бірлестігі жетекшісі Арайлым Назарова. Алматы, 21 маусым 2022 жыл.
"Тәуелсіз бақылаушылар" бірлестігі жетекшісі Арайлым Назарова. Алматы, 21 маусым 2022 жыл.

– Тыңдап отырды да, шешім шығарарда анық нәрсені "көрмей қалды". "Жаңа Қазақстанның" бар жеткен жетістігі соттар мен прокурорлардың актерлік шеберлігін дамытқаны екен ғой деп күліп алдық, – дейді Арайлым.

5 маусымдағы науқан кезінде бірнеше өңірде комиссия мүшелерінің бюллетеньдерді жаппай тастауы мен тәуелсіз бақылаушыларды қудалау фактілері тіркелді. Учаскелерге келген кейбір дауыс берушілер жұмыс орны науқанға қатысқаны туралы есеп сұратқанын мойындады.

Алайда референдумнан кейін Орталық референдум комиссиясы да, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та науқан "демократия талаптарына сай өтті" деп мәлімдеді. ОРК референдумға дауыс беруге құқылы адамдардың 68,44 пайызы дауыс беріп, олардың 77,18 пайызы өзгерісті қолдады деді.

Тәуелсіз бақылаушылар референдум күні қысым көргеніне шағымданды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:57 0:00

– Біз референдумның ішінде болдық. Әділетсіздікті көзбен көріп, қолмен ұстадық. Оларды айтып, сотқа да бердік. Ал сот көзімізді бақырайтып қойып, арызымызды қанағаттандырмай тастады. Құдды бір топтасқан қылмыстық топ сияқты жұмыс істеп жатыр. Бұл – жасандылық, бұл жиіркенішті, – дейді Арайлым. – Мұндай әділетсіздікпен бетпе-бет кездескен кезде ішің ашиды. Соттан кейін өзімізді әрең жұбаттық.

Арайлым Назарова бастаған бақылаушылар тобы үш күн ішінде сот шешіміне қарсы апелляцияға шағым түсірмек.

Алайда "Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры жетекшісі, сайлау сарапшысы Елена Швецова "бұл істің қалай бітері анық" дейді.

– Қазақстан тарихында тәуелсіз бақылаушылардың сотта жеңген кезі болған емес. Орталық сайлау комиссиясы шағымға реакция білдірмейді, ал сотқа берсең, "заң бұзу болған жоқ" деп шығарады, – дейді ол.

"САЛДАРЫ – ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ"

Құрманғазы Алматыдағы жеке білім беру орталығында математика пәні мұғалімі болып істейді.

Маман еңбек жолын мемлекеттік мектептен бастаған. Сонда жүріп биліктің ұстаздарды әкімшілік ресурс ретінде көретініне куә болған.

Құрманғазы 2020 жылы магистр дәрежесін алып, мектептердің біріне мұғалім болып жұмысқа тұрған. Бірер аптадан соң, қыркүйек аяғына қарай мектеп әкімшілігі жаңа мұғалімдерден партияға қосу үшін құжаттарын сұрата бастайды. Ұжымның WhatsApp чаттарында әкімшілік өкілдері сол кездегі "Нұр Отан" партиясының (қазіргі – "Аманат" партиясы) праймеризіне дауыс беруге үндейді.

30 жыл бойы сайлаулардың әділетсіз өтуі, халықтың өз президентін, өз депутатын, өз қала әкімін сайлай алмауы, қоғамдағы теңсіздік, әділетсіздік ақырында Қаңтар трагедиясымен аяқталды.

– "Нұр Отан" партиясына кіруге, праймеризде дауыс беруге неге мәжбүрлейсіздер? Әркімнің өз құқығы ғой" деп жаздым. Біраз қырғын болды. Бүкіл мұғалім маған жабылды. Жақтағандары да болды. Жас маман ретінде өзімді қауқарсыз сезіндім, – дейді ол.

Бірақ бұдан соң Құрманғазыға әкімшілік ешқандай қысым көрсетпеген. Тек былтыр оқу жылы аяқталғанда себебін түсіндірместен жұмыстан шығарып жіберген. Ол мұны мектеп әкімшілігіне қарсы шығуының өтеуі деп біледі.

– Осы референдумда педагог маман ретінде басқа мұғалімдердің сайлау қорытындысын бұрмалауға қалай қатысатынын қоғамға әшкере еткім келді. Мұндай референдумдардың салдары – кешегі Қаңтар оқиғасы. 30 жыл бойы сайлаулардың әділетсіз өтуі, халықтың өз президентін сайлай алмауы, өз депутатын, өз қала әкімін сайлай алмауы, қоғамдағы теңсіздік, әділетсіздік ақырында Қаңтар трагедиясымен аяқталды, – дейді Құрманғазы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG