Accessibility links

Ақтөбеде қаржы пирамидасынан зардап шеккендер сот ғимараты алдында наразылық білдірді


"Қаржы пирамидасын құрды" деп айыпталған 48 адамның соты өтіп жатқан қоныс колония. Ақтөбе қаласы, 28 маусым 2022 жыл
"Қаржы пирамидасын құрды" деп айыпталған 48 адамның соты өтіп жатқан қоныс колония. Ақтөбе қаласы, 28 маусым 2022 жыл

28 маусым күні Ақтөбеде оннан астам салымшы "қаржы пирамидасын құрушылардың" соты өтіп жатқан қоныс колониясына барып, наразылық білдірді. Салымшылардың бірі Айгүл Ахметқалиеваның сөзінше, жәбірленушілер сот тергеуінің барысын білгісі келеді. Бірақ сот залына өте алмай, дүйсенбі күні үйлеріне қайтуға мәжбүр болған.

- Бүгін де сот залына кіргізгілері келмеді. Сотты оңаша өткізіп жатсыңдар, біз бейхабармыз. Сот басталғалы 1,5 жылда бір-ақ рет шақырдыңдар деп шу шығарған соң ғана төрт адамды кіргізді. Сотталушылар да залға бізбен бірге кірді. Олардың бәрін үйқамаққа жіберіпті. Мыңдаған адамды қан қақсатып қойған адамдарды қалай үйқамаққа жібере салған? Біз бұған да наразымыз, – дейді 8 млн 700 мың теңгесін даулап жүрген Айгүл Ахметқалиева.

Тергеу "17 мыңнан астам қазақстандықтың қаржысын алаяқтық жолмен иемденді" деп айыптап отырған "Гарант 24 Ломбард", "Выгодный займ", "ESTATE Ломбард", "Нұр-Али Капитал" құрылтайшыларының соты 2020 жылғы қарашадан бері Ақтөбедегі қоныс колониясында өтіп жатыр. Бұл – бұрын жасөспірімдер колониясы болған жабық мекеме. Қаржы пирамидасы сотына колонияның спорт залы жасақталған.

- Сот залы жаңғырып тұратындықтан кімнің не деп жатқаны естілмейді. Ештеңе ести алмадым. Меніңше, мыңдаған адамның мүддесі әрі резонанс тудырған іс болғасын бұдан өзге қолайлы орын жасақталуы керек еді. Ойнап жүрген ешкім жоқ. Мысалы, мен қызымның еміне жинап жүрген 3 млн 750 мың теңгемді салғанмын. Бұлай боларын кім білген? - дейді Ерболат Аманқұлов.

Ақтөбе облыстық соты 48 сотталушының 31-і үйқамаққа жіберілгенін растап отыр. 17 адам о бастан үйқамақта болған.

- ҚПК-нің 342 бабының 4 - бөлігіне сәйкес, күзетпен ұстаудың 12 айлық мерзімі өткеннен кейін сот сотталушыға бұлтартпау шарасын үйқамаққа алу немесе өзге де бұлтартпау шарасы ретінде өзгертуі тиіс. Осыған орай бір жыл тергеу изоляторында болған 31 адам 2022 жылғы 9 маусым күні үйқамаққа жіберілді. Олар сотқа келуден жалтармас үшін сот Ақтөбе әкімдігі берген тұрғын үйді үйқамақта ұстау орны деп айқындады,- деп хабарлайды Ақтөбе облыстық соты.

Өткен аптада яғни, 21 маусым күні Ақтөбе соты "қаржы пирамидасын құрып", "он мыңнан астам салымшының қаржысын иемденген" үш адамға үкім шығарды. Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, Gold Company LTD компаниясына жетекшілік еткен Павел Литвиненкоға – 12 жыл, Юрий Москвинге - 9 жыл түрме жазасы кесілген. Сотталғандардың екеуі де Ресей азаматтары. Ал ақтөбелік Равиль Қазыбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тергеу бұл азаматтарға "ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, басшылық етті", "қаржы пирамидасын құрды" деген айып таққан еді.

Соттың хабарлауынша, үшеуі 2019 жылы желтоқсан - 2020 жылы ақпан арасында салымшылардың 10 млрд 45 млн теңгесін заңсыз иемденген.

Ал "Гарант 24 Ломбард", "Выгодный займ", "ESTATE Ломбард" ұйымдарының ісін сот 2020 жылғы қарашадан бері қарап жатыр. Бұл іс бойынша о баста 56 адамға айып тағылған еді. Бүгін сотталушылар саны 48 адам екені белгілі болды. Жәбірленуші саны – 17 162 адам. Тергеу жәбірленушілердің 30 млрд 220 млн теңгеден астам шығынға ұшырағанын айтады.

"Қаржы ұйымын құрып, оған жетекшілік еткендердің" басым көпшілігі – Ақтөбе қаласының тұрғындары. Оларға "қаржы пирамидасын құрды", "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды", "алаяқтық жасады", "заңсыз банктік қызметпен айналысты" деген бірнеше ауыр айып тағылған.

Тергеу дерегінше, "Гарант 24 Ломбард", "Выгодный займ", "ESTATE Ломбард" құрылтайшылары алдымен Ақтөбеде жұмыс істеп, кейін Қазақстанның өзге өңірлерінен филиалдарын ашқан.

28 маусымды парламент сенаты "қаржы (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша" заң жобасын мақұлдаған.

Қазақстан қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, бүгінге дейін Қазақстанда 17 мыңнан астам адам қаржы пирамидаларына 27 миллиард теңге салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG